Рухани қазына орталығы

«Қазір кітап, газет-жорналдар көп оқылмайды» деген пікірлер бүгінгі күні жиі айтылып жүр. Оған да кейбір негіздер бар шығар, заман ағымына орай, техника мен технологияның дамуына байланысты электронды ақпарат құралдары басымдыққа ие болғаны да рас. Дегенмен, миллиондаған кітап қорлары бар кітапхана жүйесі өз маңыздылығын ешқашан жоғалтпасы анық, адамзаттың рухани қазына қоры болып қала береді. Соның бірегейі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Әл-Фараби кітапханасы» екені ешқандай дау тудырмайды. Киелі қарашаңырақ атанған байырғы жоғары оқу орнынан жылына сан-алуан мамандықты игерген мыңдаған түлектер түлеп ұшады. Солардың қатарында егеменді еліміздің дамуына мол үлестерін қосқан білікті мамандар жетерлік. Университеттің журналистика факультеті осы мамандық бойынша республикадағы базалық оқу орны болып табылады. Оны әр жылдарда бітірген түлектері ұжым болып қарашаңыраққа келіп тұруды ізгі үрдіске айналдырған. Сондай кездесудің бірі жақында «Әл-Фараби кітапханасында» болып өтті. Журналистика факультетін сонау 1978-жылы бітірген қаламгер курстастарының бір тобын аталмыш университеттің профессоры Жетпісбай Бекболатов бастап келді. Өткен жылы ғана оқу бітіргендеріне 40 жылдық мерейтойын атап, ұстаздарымен кездесу өткізген факультет түлектері бұл жолы рухани орталықтың кітапхана қорына өз еңбектерін тапсыруға арнайы жиналған болатын. Оларды Әл-Фараби кітапханасының директоры Қалима Туенбаева мен директордың орынбасары Жадыра Арекенова қарсы алды. Өте тартымды өткен кездесуде белгілі журналист, Қазақстан республикасы мәдениет қайраткері, марқұм Бақтыбай Бердібаевтың жары сонау Қызылордадан арнайы қыздарымен келген Сұлу ханым мен танымал журналист-жазушы, былтыр ғана бақилық болған Ілияс Жүнісовтың жан-жары Сәуле ханымдар бүкіл саналы ғұмырларын журналистика саласына арнаған өмірлік серіктері жайында тартымды естеліктер айтып беріп, «Қоңыр дауысты қаламгер» және «Іле иірімдері» атты кітаптарын өз қолдарымен табыстады. Сол сияқты өмірден өткен танымал журналист, аудармашы Күлән Берікболованы еске алып, оның да кітаптарын курстастары кітапхана қорына тапсырды. Кездесу барысында қалың оқырмандарының құрметіне ие болған белгілі қаламгерлер Ертай Айғалиев, Баян Болатханова, Шолпан Ұғыбаева, Аршагүл Тойбаева, Балжан Хабдина өздері түлеп ұшқан оку орнын қашан да мақтан тұтатынын, университеттің бүгінгі күні әлемдегі ең озық оқу орындарының біріне айналып отырғанын атай келе, көпшіліктің рухани орталығы болып табылатын «Әл-Фараби кітапханасы» ұжымына табыс тілеп, бұл құнды қызметтерінің ұлтымыз үшін атқарар рөлі зор екенін білдіріп, олар да өздерінің әр жылдарда жеке кітап болып шыққан публицистикалық, әдеби еңбектерін журналистика саласын таңдаған қазіргі студенттер мен келер ұрпақ игілігіне жаратсын деген ниетпен сыйға тартты. Кітапхана ұмымының басшылары ардагер қаламгерлердің шынайы ниеттеріне алғыс айта отырып, мұндай мазмұнды шаралардың жиі болып тұратынын, әлі де жалғасын таба беретініне сенім білдіріп, өздері басқарып отырған кітапхананың жұмы­сымен жақынырақ таныстырды. «Елу жылда ел жаңа» - дейді халық даналығы. Бүгінгі біз айтып отырған ардагер қаламгерлер де кезінде жүректері арманға толы жалындаған жастық шақты бастарынан өткерген. Ол кезде мына айналасы атшаптырым университет қалашығының құрылысы енді басталған кез болатын. Алдымен пайдалануға берілген 1-2 жатақханадан сабаққа бару үшін тобықтан балшық кешіп қоғамдық көлік жүретін орталық көшеге әзер жететін. Белгілі ғалым, университет ректоры Өмірбек Арысыланұлы Жолдасбековтың бастамасымен қалашық енді ғана салына бастаған жылдар студенттер қала ортасында орналасқан унивеситеттің бұрынғы ескі ғимаратына қатынап оқитын. Бүгінгі университет қалашы­ғының келбеті ерекше. Соңғы сән үлгісімен абаттандырылған студенттер мекені әсем Алматы­ның ажарын ашып тұр. Тыңғылық­ты білім алатын көптеген оқу ғимараттары, студенттердің мәдениет сарайы (Өмірбек Жолдасбеков есімімен аталады), ойын-сауық сауда орталығы, спорт кешендері білім қуған жастарға қызмет етеді. Осыған қарап Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Орталық Азия жоғары оқу орындары арасынан жалғыз болып QS «World University Rankings» халықаралық әлемдік рейтингісінде топ-210 ең үздік университеттер қатарына еніп, 207 орынды лайықты иеленгеніне көз жеткізесіз. Бүгінгі әңгімеміз негізінен «Әл-Фараби кітапханасы» хақында болғандықтан осы бір рухани орталықтың студент­тердің сапалы білім алуына қаншалықты мүмкіндіктер тудырып жатқанына қысқаша тоқтала кетейік. «Әл-Фараби кітапханасының» тарихын 1934 жылы университеттің құрылуымен қатар есептеуге болады. Рас, ол кезде студенттерге арналған қатардағы қарапайым кітапханалардың бірі ғана болатын. 2012 жылы кітапхана жалпы ауданы 18 мың шаршы метрден асатын, шығыс сәулетінің нақыштары жаңа технологиялармен және коммуникациялық шешімдермен жақсы үйлесім тапқан, Орталық Азияда теңдесі жоқ заманауи ғимаратқа көшті. Бүгінгі күні 2 миллионнан астам кітап қоры бар, толықмәтінді дерекқор жинақталған дербес электрондық кітапхана жұмыс істейді. 300, 80, 60 және 50 орындық 4 бірегей конференц-зал жүздеген келушілерді қабылдап, оқырмандардың демалысына арналған коммуникациялық-релаксациялық аймақтар, 75 адамға арналған кафе қызмет көрсетеді. «Бір терезе» қағидасы бойынша барлық факультеттерге арналған абонементтер ғылым мен мамандық саласына қарамастан бір жерден қызмет көрсете алады. Шартты түрде аймақтарға бөлінген, 220 адамға арналған электрондық кітапхана, газет пен журналдың 250 атауын табуға болатын мерзімді басылымдар залы, диссертациялық қоры ұдайы толықтырылып отыратын, қазіргі уақытта 7867 дана диссертация, 11407 дана автореферат құрайтын магистранттар залын пайдалануға болады. 2017 жылы алғаш рет 13992 дана құнды және сирек кездесетін кітаптардың электрондық картотекасы жасалды. Кітапхана 2015 жылдан бастап кезең-кезеңімен жаңа технологияларға көшуде. 2017 жылы кітапхананы жаңғырту бойынша қорды талдау, түгендеу, ескі базаны жаңа базаға біріктіру, деректер қорының әрбір жазбасын түзету және жөндеу сияқты біршама жұмыс атқарылды. Кітап қорының электрондық деректер қоры «Кабис» автоматтандырылған кітапханалық жүйесінен «Ирбис» жүйесіне көшіріліп, түзету жұмысы жүргізілді. Жаңадан іске қосылған көпбейінді жұмыс станциясы, кітапхана қорын сақтауды қамтамасыз ету жүйесі, RFID қолдауымен оқырмандардың өзіне-өзі қызмет көрсету терминалы, басылымдарды цифрлау бойынша оқырмандардың өздігінен жұмыс істеуіне арналған сканерлік станция, RFID-технологиясы негізінде кітапхана қорының сақтау бірліктерін сәйкестендіретін және түгендейтін бағдарламалық қамтамасыз ету секілді құрыл­ғылар кітапхана қызметінің сапасын арттыра түскен. Шығыстың ұлы ойшылының ғылыми мұрасын зерттеумен айналысатын әл-Фараби орталығын да айтпай кетуге болмайды. Ғұлама ойшыл­дың өмір жолы мен шығармашылығына арналған «Әл-Фараби мұра­жайында» жыл бойы университет студенттері мен қонақтарына экскурсиялар жүргізіліп тұрады. Кітапханада өзінің «Ғалымдар клубы» да бар. Бұл зал 2017 жылы толықтай жаңартылып, қонақтар қабылдау мен түрлі кездесулер өткізуге арнайы жабдықталған. Әлем елдерінің кітап бұрышы университетпен ынтымақтастық ететін шет елдер мен халықтардың әдебиет қорын қалыптастырып, өз оқырмандарына таныстырады. «Әл-Фараби кітапхана­сында» университеттің ғылыми форумдары, конференциялары, тре­нингтері, сондай-ақ, халық­аралық және респуб­ликалық деңгейдегі іс-шаралар ұдайы өткізіліп тұрады екен. Кітапхана директоры Қалима Төлеубайқызы рухани орда­ның қызметімен таныстыру ба­рысында басты назарды әрқайсысының тақырыптық бағыты бар жаңадан ашылған залдарға аударды. Мысалы Ұлы дала залы қазақ елінің тарихынан сыр шертсе, ауқымды бір бөлме заманымыздың ұлы ойшылы Абайға арналған. Сол сияқты Алаш залынан да көптеген мағұлыматтар алуға болады. Заманауи техника мен технологияларды енгізген «Әл-Фараби кітапханасы» қазіргі таңда университеттің ақпараттық, білім беру және ірі мәдени орталық ретінде сапалы білім беруге және жоғары білікті мамандарды даярлауға белсенді ықпал етіп, университеттің білім бағдарламаларына сәйкестендіріліп жинақталған кітап қорымен және ақпараттық электронды ресурстарымен жоғары қызмет көрсетіп жатқанына куә болдық. Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz