Қымбаттайды, қымбаттамайды...

Осыдан бір апта бұрын Ұлттық экономика министрлігі жанармай бағасы 10 теңгеге өсуі мүмкін деген болатын. Енді міне, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев биыл бензин мен дизель отыны қымбаттамайды деп мәлімдеп отыр. Сонда осы министрліктер екі бөлек үкіметтің қарамағында болғаны ма? Бұл айналып келгенде синоптиктердің «Ертең жауын жауады, не жаумайды» деген ауа райы болмажына ұқсайды. «Бензин бағасының өсуіне ешқандай негіз жоқ! 2024-2025 жылдан бастап Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Армениямен бір нарықта боламыз. Бәсекелі нарық болады. Бәсекелестік болса, бағалар тең болу керек, ол түсінікті. Қазір Ресеймен салыстырғанда Қазақ­станда бензин бағасы 100 теңгеге, ал дизель отыны 50-60 теңгеге арзан» – деген екіұшты ойын да айтып қалды министр Қ. Бозымбаев. Бензин бағасы көтерілсе барлық тауарлардың құны көте­рілетіні белгілі. Шетелде жанармай қымбат деп отын бағасын қайта-қайта көтеру қисынсыз. Сонда бізде шетке шығып жатқан тауарларды тексеретін кеден­шілер жоқ па? Әншейінде, қойын-қонышыңа дейін тінтетін «қыра­ғылар» қайда қарап отыр? Әлде шекара­мыз ашы-шашық жатыр ма? qazaquni.kz