Руза Бейсенбайтегі: Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң нормалары қабылдану керек

Руза Бейсенбайтегі әр жерде қазақ тілінде қызмет етуді талап етеді. Кезінде «калбит, бараны» деп мазақ естігені Павлодар қаласының тұрғынын тіл жанашыры болуына себеп болған. Сондықтан Руза ханым қалған өмірін қазақ тілінің дамуына арнайтынын Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне айтты.

–    Руза апай, қазақ тілге деген немқұрайлықпен күресіп жүресіз. Кейде әділетсіздіктерді көргенде «тілді қорғамай-ақ қойғаным дұрыс шығар» деген ой келе ме? 

–    Жоқ, қызым, ешқашан, ол - менің өмірім. Мен қазір бала кезімде білетін тілімді қайта жаңғырттым, өйткені қолданбасаң, ұмытады екенсің. Нәтижесінде қазақтармен қазақша (мейлі ол орысша сөйлесін) сөйлеу деңгейіне жеттім. 1999 жылдан бастап барлық адамдармен қазақша амандасып, қазақша қоштасуға көштім. 2005 жылы қолыма Тілге қатысты қаулы түсті. Осыны оқығаннан кейін басқа ұлт өкілдерімен қазақ тілінде араласа бастадым. Содан кейін қызмет бірінші мемлекеттік тілде, екінші сұраныс тілінде болуы керек деген ұстанымда болдым. Өйткені мен неге еуропапішіндесті көрсем, төртаяқтап соның тілінде сайрай жөнелемін, қазақ тілі мемлкекеттік тіл емес пе деп ойладым. Жасым 40-тан асты. Қазақ болып туған соң, ұлтым үшін бірдеңе істеп кетуім керек деген ой келді. Ешқашан орта жолдан кеткен адам емеспін. Енді өмірімнің соңына дейін осы ұстанымда боламын.

–    Тәуелсіздік алғанымызға қанша жыл өтті, бірақ әлі де тілімізді биік мәртебеге көтере алмай келеміз. Қазақ тілінде сөйлесу кейбіреулер үшін әлі де ұят. Бұл неліктен? 

–    Құлдық сана. Өрлік, намыс, рух , елімнің егесі, менмін деген жетіспейді.

–    Билік пе кінәлі, әлде орысқұл санадан арыла алмай келген халық па? 

–    Бірінші кезекте, әрине, билік. Оған дат айта алмай, ыңғайына көніп, орыстанып жатқан халық та кінәлі. Біріншіден, билік міндеттейтін заң нормаларын жасаса, тез арада қазақ тіліне жаппай көше аламыз. Екінші, халықтың санасы оянса деймін. Өйткені жылдар өткен сайын орыстана беруі мүмкін. Үшіншіден, халық Конституцияда жазылған құқықтарын пайдаланып, шерулер жасап, жаппай көтерілсе, қазақ тілі еңсесін көтереді.

–    Тіл үшін небір кісілермен күресіп жүрсіз. Бірақ бұл күрес кейде жеке өміріңізге де әсер етіп жатпай ма? 

–    Денсаулық кетіп жатыр, көктемде көлік қағып кетті. «Бакауов, қазақ тілінен қолыңды тарт!» деген плакат алып шыққаным үшін солардың жасаған қастаңдықтары ма деп те ойлаймын. Жобалау саласында жұмыс жасаймын. Жұмыс жерімде қазақтың жер-су атауларын орысша атағандармен күресемін. Солармен соғысамын деп жүйкем кетті. Бірақ олардан ешқашан жеңілмеймін. Содан кейін тегіме «-ова», «-ева» деген жалғау қостырмаймын. Қай жерге барсам да соны қадағалап жүремін. Бұрын «Павлодар лифтпен» тіл жөнінде соттасқанымның бір талабы осы болған. 9 жыл істеген зауыттан да тіл, ұлттық кадр мәселесін көтергенім арқылы кеттім...

–    Өзіңіз орыс тілінде сөйлеп, білім алғансыз. Тіл жанашыры болуыңызға да осы себеп болды? Орыстілділер ортасында жүріп, әлде көп әділетсіздіктерді көрдіңіз ба екен? 

–    Ол да болды. Кеңес заманында орыстардан «калбит, бараны» деген сөздерді жиі еститінбіз. Орысша білмесең адам қатарына жатқызбайтын. Қазақ тіліне пысқырып та қарамайтын. Космосқа қазақ жерінен тек славяндар ұшты, бір де-бір қазақ елшісі немесе орталық газеттердің шетелдегі тілшілерінің арасында да бір қазақ болмады... Осы әділсіздікке, жас болсақ та іштен тынып жүретінбіз. Билікке жұмысымыз түскенде, есіктен сығалайтындай болатынбыз. Тіпті 90-жылдардың басында да бізді Наурызды ұйымдастыруға клубқа кіргізбейтін.

–    Қазақ тілі үшін күресіп жүргендегі еңбегіңіздің аз да болса жемісі болып жатыр ма?

–    Тізіп жату артық, ыңғайсыз. Бірақ, біршама мекемелердің қағаздарын, түбіртектерін, банк, полиция, ұялы телефон операторларының, салық басқармасының, емхана нұсқаулықтарын аудартуға ықпалым тиді. Үш банктің терминалдарын қазақшалатуға сеп болдым. Банктердің бірін сотқа (Цеснабанк) беру арқылы болса, оған дейін Центркредит, БТА банк, Альянс банктерді түбіртектерін қазақшалауға сеп болдым. Қазақ тілінде қызмет көрсетілуі тиіс деп біраз қазақтілділерді жұмысқа алуына себепкер бола алдым. Айта берсем, көп. Әйтеуір қайдан орысша атау оқысам, соны дереу қазақшалауын талап етемін.

–    Бізде қазақ тілімен күресетіндерді «орыстың жауы», «орыс халқын сүймейді» деген лақап ат қояды. Бұл пікірге не айтар едіңіз? Мысалы, сіздің орыстілді де араласатын достарыңыз бар ма? 

–    Мен ұлтшылмын, соныма мақтанамын да. Жақын араласатын адамдарым мені жақсы біледі. Бастысы қазақшаға осқырынбаса болғаны. Маған өз тілін білмейтін, білгісі де келмейтін екінші деңгейдегі байғұс қазақтан білуге талпынып тұратын басқасы артық.

–    Руза апай, сізді көпшілік тіл жанашыры ретінде ғана танып жатады. Бірақ сіз де бір тұлғасыз. Ертеңгі күні тіл қорғаушысы ретінде тарихта атыңыз қалар деп ойлаймын. Тілмен күресіп жүрген Руза апай қарапайым өмірде қандай?

–    Мен тұлға емеспін. Үйде де, түзде де барлық қатынас тіл арқылы құралмай ма? Қарапайм зейнеткермін. Біреуге ана, біреуге әже, ал анама - қызымын.

–    Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз... Кейде үйдегілер осы тілмен күресіңді қойшы деп айтып жатпай ма?

–    Иә, қыздарым денсаулығыңның түбіне жеттің деп ренжіп жатады. Күресіңді бізден артық көресің деп те ренжиді. Кейбір күрестерімде маған өздері көмектесіп отырады. 2016 жылы 3-тілділік, жердің сатылуына қарсы 4000 қолдың көп бөлігін қыздарым жинап берген еді. Ал жалпы отбасында қыздарымның ешқандай орыс тілін араластырмай, таза қазақ тілінде сөйлесулерін талап етемін.

Сұхбаттасқан Анар Дәукен