Асу Алмабаев: Спорттағы мақсатым – әлемге қазақтың мықты ұлт екенін таныту

307
0
Бөлісу:

19 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласының «Жекпе-жек» спорт кешенінде ММА аралас жекпе-жек федерациясының ұйымдастыруымен аралас жекпе-жектен M-1 Challenge 105 турнирі өтті. M-1 Challenge 105 турнирі 12 жекпе-жектен тұрды, олардың екеуі титулдық. Дүбірлі доданың басты айқасы жеңіл салмақтағы M-1 Challenge-нің қазіргі чемпионы Сергей Морозов пен M-1 Challengе-де екінші жекпе-жегін өткізген американдық спортшы Джош Реттингхаустың кездесуі болды. Естеріңізге сала кетейік, бұл қарсыластар бұған дейін кездескен болатын. Ол кезде Джош Сергейді нокаутқа жіберіп, айқас бірінші раундтың бесінші минутында аяқталған еді. Бұл жолы Сергей қарымтасын қайтарды, бүкіл бес раундта өзі басымдық көрсетіп, соңына қарай шоу көрсетті. Турнирдегі екінші титулдық жекпе-жек отандасымыз Асу Алмабаев пен канадалық Крис Келадестің кездесуі болды. Олар ұйымның жеңіл салмақтағы уақытша чемпиондық белбеуі үшін таласты.

Бұған дейін 18 кездесудің 14-ін жеңіспен аяқтаған канадалық Крис Келадеске қарсы бұрын-соңды бес раундтық кездесуге шығып көрмеген Асу Алмабаев қарсы тұрып, жергілік жанкүйерлерді жерге қаратпады.

25-минутқа созылған жекпе-жекте екі спортшы да барын сала тер төкті. Асу алғашқы бес минуттықта қысқа серияларға иек артып, қарсыласына бірнеше соққылар жұмсап үлгерді. Бұл раундта Алмабаев канадалықты барынша қысымға алып, тор ішінде толықтай үстемдік орнатты. Өзінің бұлай жүре берсе жеңілетініне көзі жеткен Крис бапкерімен ақылдаса отырып, екінші кезеңге Асуға қарсы тұратын жақсы айла ойлап тапқандай. Раунд соңына қарай жерлесіміз қылқындыру әдісі арқылы жекпе-жекті аяқтауға тырысқанымен, қарсыласы құтылып кетіп жатты.

Келесі раундта да алдыңғы сцераний қайталанып, рейджде үстемдік құру үшін екі спортшы да жанын салды. Тағы бір айта кетерлігі, Асу бұған дейін бес раундтық кездесулерге шықпаса да, соңғы кезеңдерде тамаша өнер көрсетті. Осындай тартысты жекпе-жекте нақты кімнің жеңіске жеткендігін анықтау төрешілерге қалдырылды. Ал олар өз кезегінде жеңісті бір ауыздан қазақстандықтың еншісіне жазды. Ендігі, отандасымыздың жекпе-жегі қазіргі чемпион Александр Доскальчукқа қарсы өтуі керек.

Турнир аясында көрермендер әртүрлі елдерден келген спортшылардың қатысуымен 12 жекпе-жекті тамашалай алды. Олардың ішінде отандастарымыз Сәбит Жүсіповпен ресейлік Глеб Хабибуллин, Жұман Жұмабеков пен қырғыз елінінің спортшысы Руслан Құдайбердиев, Азамат Марқабаев пен грузиялық Бека Гогаладзенің кездесуін атап өтуге болады. Үш кездесуде де отандастарымыз жеңісті қолдан бермеді. Тек атыраулық Исатай Теміров пен белорусиялық Данила Приказа өзара тең түсті.

Осы орайда біз Асумен сұхбаттасып, оқырманға қызық болатын тақырыптар бойынша сұрақ қойдық.

– Жамбыл облысы Сaрысу ауданы Жаңатас қаласында дүниеге келдім. Спортпен бала кезімнен бастап шұғылдана бастадым. Ең алғаш қазақша күрестің үйірмесіне барғаным есімде. Ол кезде жасым бар болғаны 5-те еді. Туған ауылымда бұл спорттан басқа секция жоқ-тын. 5-сыныпта оқып жүргенімде қалаға көшіп келіп, каратэ, бокс, қоян-қолтық ұрыс, әскери джи-джитсу секілді бірнеше спортқа бара бастадым. Барлық жақта өзімді сынай келе, мен айналысатын спорт түрі – аралас жекпе-жек екенін түсіндім.

– «Alash Pride» құрамына кіргеніме бірнеше жыл. Бұл ТМД арасында ең танымал клубтардың бірі. Біздің спортшылар түрлі турнирлерде жеңіске жетіп, қазақтың көк байрағын биікте желбіретіп, елімізде ММА да жақсы деңгейде дамығанын көрсетіп келеді.

– Жекпе-жекте күрес не бокс стиліне салам деп айта алмаймын. Әр қарсыласқа қарай дайындық жүргіземіз. Өзім джиу-джитсуден Қазақстанның ғана емес әлем чемпионы да атанғанмын.

– Спорттан бос өтетін уақытым жоқ. Күндерім тек еңбектенумен, шынығумен өтеді. «Бейнетіне қарай, зейнеті» деген сөзге келісемін. Ал әзірге бүкіл ісім, ойым тек спортпен байланысты.

– Отбасылымын, бала тәрбиелеп отырған әкемін.

– Балам қандай жолмен жүретінін нақты білмеймін. Ол әзірге кішкентай. Өзі өсе келе жанына жақын спорт түрімен айналысар не білім жолына түсе жатар. Бірақ, оның ережесіз жекпе-жектен гөрі, олимпиадалық спорт түрімен шұғылданғанын қалар едім. Яғни, Олимпиада чемпионы шықса деп армандаймын.

– Спорттағы мақсатым – әлемге қазақтың мықты ұлт екенін таныту.

– Арман Әшімов екеуміз бір салмақта өнер көрсететіндіктен, көпшілік «чемпиондыққа талас жүргізбейсіңдер ме?» деп сұрап жатады. Біз бір темір үшін төбелесетіндердің қатарынан емеспіз. Қазір, әр мемлекеттен шығап жатқан спортшылар көп. Сондықтан, қарсылас та жетіп артылады.

Айта кетейік, Асу Алмабаев БЖЖ бойынша әлем чемпионы, қоян-қолтық ұрыстан Республика чемпионы, сондай-ақ, М-1 Global турнирінің екі дүркін жеңімпазы.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

он жеті − 6 =