АБЫЗ Әбді-Жәміл Нұрпейіске

Бөлісу:

 

Қазақ әдебиетінің классигі, Алаштың абыз Әбесі торқалы 95 жасқа толды


«Қан мен терді»  әлем бүгін ән ғылып,

Жан мен шерді жырлап жатса-заңдылық!

Кейіпкерлер атып шығып кітаптан,

Кетті өмірге араласып мәңгілік!

 

Тербелесің терең теңіз зарымен,

Әділдікті талап еттің бәрінен.

Өмір үшін күресудің не екенін,

Мұзға жазды ел тырнағының қанымен…

 

Теңіз беті қызыл қанға боялып,

Дауылдардан кетті қазақ оянып…

Еламандай Ерге еліктеп өстік біз,

Ақбаладай аруларды аядық…

 

Қабағына қарататын қоғамды,

Сүйеу болар Сүйеу қарттар жоқ әлгі..

Тәңірберген күшін әлі көрсетіп,

Біздің билік Судыр Ахмет боп алды…

 

Өмірге бұл өте қатал сұрағы,

Қалендейін қаранарлар шыдады…

Тіліміз бен ділімізге обыр боп,

Шодыр* біткен шодырайып жүр әлі…

 

Мұз үстінде ажал болып әр адым,

Балықшылар аулағанда тамағын,

Толқындармен алысса да таппаған,

Алтын балық сыйлады Алтын қаламың.

 

Ұлықтардың ұлтсыздығын ұқпадың,

Тіреу болды Тілді қорғап шыққаның.

Кері итеріп кеше Кеңес көсемін,

Желтоқсанның ызғарынан ықпадың.

 

Арыныңнан Арал толқып ырғала,

Тілеуіңді тілеп бүкіл тұр Дала.

«Жүзге жет!»-деп, желпінсем мен, жекисің,

«Бес-ақ жылды берді ғой» деп «бұл бала….»

 

Дүниені дүбірлетіп әр ізің,

Орындадың ұлттың » Соңғы парызын».

Ел алдында енді жоқ қой қарызың.

«Еламан» деп Ердің атын қойғандай,

Ел аманда -Сен амансың, Абызым!

 

Қазыбек ИСА

20.10.2019.

qazaquni.kz

????????????????????????????????????

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

1 пікір жазылған

  1. Әсел Ақболатқызы 20 Қазан, 2019 16:39 Жауап

    Сөз жоқ, Керемет! Абыздың кейіпкерлері айнадай көз алдымызда. Қаламынан туған әр Асылы- бізге мұра ретінде Мәңгілік жасап қалады!

Пікір немесе жауап жазу

4 × екі =