Туризмді дамыту – әлемдік үрдістен қалыспау

427
0
Бөлісу:

Қазақстан Республикасының Президенті үстіміздегі жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында отандық туризмді дамытуға мынадай сөздерін арнады: «Туризмді, әсіресе экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажет. Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн. Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар дайындауды қамтамасыз ету қажет».

Бұл сөздер еліміздегі туристік салаға қатысы бар басқару, білім беру, ұйымдастыру орындары қызметкерлерінің басты мәселесі болуы тиіс.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті туризм саласына мамандар дайындауға арналған жоғарғы оқу орындарының көшбасшысы. Университеттің Экономика факультетінде «Туризм» кафедрасы туристік қызмет мамандарын дайындауды 1997 жылы «Әлеуметтік-мәдени сервис және туризм» мамандығынан бастады. Содан бері жоғары білімді мамандарды әзірлеуде. Кафедрада 35 оқытушы-профессорлар дәріс береді, оның ішінде 2 ғылым докторлары, 12 ғылым кандидаттары мен 2 PhD докторы, сонымен қатар аталмыш ЖОО бакалавриатты тәмамдап, туризм индустриясы дамыған Швейцария және т.б. елдердегі ЖОО халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен магистратураны оқып келген 5 түлек бүгінгі таңда кафедрада жан-жақты маманданған түрде дәріс беруде. Олар саланың теориялық және практикалық мән-мағынасын, туризмнің әлемдік тәжірибесін тыңдаушыларға жеткізеді. Кафедрада магистратура және докторантура бар. 2014-2015 жылы – 578, 2015-2016 жылы – 583, 2016-2017 жылы – 597, 2017-2018 жылы – 619, 2018-2019 жылы – 629 студент диплом алып, 2019-2020 оқу жылында «Туристік қызметтерді ұйымдастыру» мамандығына – 158, «Қонақ үй және мейрамхана ісі» мамандығына 29 студент қабылданды. Ал, магистратураға «Мейрамхана және қонақ үй бизнесін ұйымдастыру» мамандығына – 3, «Туристік жобалау» мамандығына 2 (1 курс) магистрант «Туризм» мамандығы (2 курс) – 8 магистрант пен «Туризм» мамандығына 6 докторант дәріс алуда.

Кейінгі кезде дәріс беру үдерісінде «білім экономикасына» ғана басымдық бере бермей, «дағды экономикасына» тереңірек айналысып келеміз. Бүгінде «Дағды экономикасы» – әлемдік үрдіс. Бұл – оқу орындарын бітірушілердің тек теориялық біліммен ғана шектелмей, алған біліміне сай, оны өмірде пайдалана білу үшін дағдылану, машықтану әдісін үйренуге алып келеді. Ол үшін, іс жүзінде практикалық сабақтар мен сабақтан тыс тәжірибелер қонақүйлерде, мейрамханаларда, кемпингтерде, қонақжай кешендерінде, туризмді ұйымдастырушы мекемелерде өткізіледі. Бұған қажет мекемелер басшыларымен келісіліп, оларда өтетін іс-шараларға ақысыз қызмет етіп, үйрену әдісі қолданылуда.

Университет ректоры Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың мамандығы тарихшы, өзі өмір көрген, іске жанашыр басшы ретінде осы істерді ұйымдастыруға жан-жақты көмек көрсетеді. Көмектің мәнісі – барлығын ұйымдастырып беру емес, түрлі мекемелер басшыларына Нұрсұлтан қаласы мен оның төңірегіндегі, Көкшетау, Қарағанды облыстарындағы туристік және демалыс аймақтары басшыларымен байланысып, туристік қызметті жандандыру, сол арқылы еліміздің оң имиджін қалыптастыру мақсатында ұсыныстар жасайды және соның жүзеге асып отыруына ықпал етеді. Университеттің Зерендіде өз демалыс аймағы бар, оны қызметкерлер мен студенттеріміз барып, демалып, спорттық және сауықтыру шараларына қатысып тұрады. Қыркүйек айының басындағы «Tengrinews» ақпарат агенттігінің мәлеметіне қарағанда Қазақстан әлемдегі арзан туризмнің тобында 4-орын иемденіпті. Бұл да қазіргі экономикалық уақытша қиыншылық жағдайында ел азаматтарының демалыс-сауықтыру істерін пайдалануына және қалыптасып келе жатқан туристік объектілердің оңтайлы сақталып тұруына қызмет етіп келеді.

Туған жердің табиғаты өте көркем. Бізде туристік саланы дамыту істеріне ұсынатынымыз – Түркістан мен Бурабай екеуімен шектеліп қала беретіні бар. Шын мәнінде біз үлкенді-кішілі нағыз керемет туристік аймақтар жетерлік. Біздің өз Швейцариямыз – Катон Қарағайдағы Рахман бұлағы, Марқакөл, Көкшетау, Баянауыл, Қарқаралы, Ұлытау, Алтай таулары, Алакөл, Балқаштағы сауықтыру кешендері, Ақтау жағалаулары, Қорғалжын, Ақсу-Жабағылы қорықтары, Шарын, Қасқасу бар. Бұл тізімді толықтыра түсуге болады.

Туризм – мемлекет қоржынына қомақты қаржы құя алатын саланың бірі. Отандық туризмді дамыту арқылы мол пайдаға кенеліп отырған Түркияны мысал етсек те жетерлік. Олардың ұлттық табысының басым бөлігі туризмнен келеді. Лондондағы екі аэропорттың кіріс көзінің үштен екісін сол жердегі қызмет етушілер береді екен. Демек біз туризмді осылайша дамыту арқылы тамақ өнеркәсібін, сауданы, қызмет көрсетудің түрлі бағыттарын дамыта аламыз.

Отандық туризмді дамыту шараларын жетілдіре түсуіміз керек.

Мәселен:

– Туризмнің жаңа бағыттарын ашу мысалы, Африкадағы сафаридегідей Торғай даласында, Шардара құмында, т.с.с бос жатқан өңірлерде ұйымдастыру.

– Жан баспаған, жетуі қиын аймақтарда жабайы туристік маршруттар жасау.

– Ұлы дала тарихындағы аты жайылған елді мекендерге саяхат, Абай еліне, Абылай хан, Кенесары, Махамбет, Бекет ата жеріне танымдық бағыттар ұйымдастыру.

– Туристік бизнесті ұйымдастырып, дәрілік шөптерді өзге елдерден келген келімсектердің табыс көзі етпей, өзіміз жасау.

Университетімізде тарихты танудың көшелі бағыттары бар. Олар – тарихты тану арқылы өткеніңді тану, халықтың қалыптасу кезеңдерін зерделеу арқылы тағылым алу және осылардан қуат алып болашаққа нық басу.

Жақында ғана Қытай елінде алғашқы ресми сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі туристік орталықтарды сол елдің стандарттарына сәйкестендіру керектігін атап айтты. Бұл стандарт туристерді елге тартудың негізі – қонақжайлылық дегенді білдіреді. Бұл стандарт – туристік нысанды көрсете білу, сервис, қоршаған ортаның зиянсыздығы, туристердің қанағаттану деңгейі және оларды қабылдау мен шығарып салудағы мәдениет. Бұл қазірше біздің елімізде жетілдіре түсуді қажет ететін мәселелер.

Мемлекеттік бюджеттің қаржысын ғылым мен техниканың дамуына, сапалы білім мен медицинаның көтерілуіне, ауылшаруашылығының өркендеуіне, отандық туризмнің қанат жаюына тиімді жұмсауды үйренетін кез жетті. Мұнайды, темірді, көмірді, өзге де шикізатты немесе оның өндіру көздерін сатудың алысқа апармасына көзіміз жететін уақыт келді.

Әлемдегі ең көркем, бай, бұла табиғатқа ие қазақ даласын бағалайық!!!

Әсел Баимбетова,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті,

экономика ғылымдарының кандидаты,

2018 жылдың үздік оқытушысы

Ілмектуризм
Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

13 − 2 =