Тектілердің тереңі еді

613
0
Бөлісу:

Алашшыл ақын Хамитбек Мұсабаевпен қоштасу

Түн ішінде мезгілсіз соғылған қоңырау сонау Аманкелдіден қайғылы хабар жеткізді, жанымдай жақсы көретін жалы биік, жаны жайсаң жақсы інім, талантты шәкіртім Хамитбек дүниеден озыпты. Өмір мен өлімнің арасы тым-тым жақын екенін тағы бір мәрте еске салған Арқаның сақылдаған сары аязында сұмдық сөзден дене мұздап, жүрек сыздап сала берді… Адамзаттың дұшпаны арсыз ажалда аяушылық жоқ, бұ жолы да ол өзіннің тойымсыздығын, қасқырдан бетер қатігездігін тағы көрсетті. Жан бесіктен жер бесікке бармайтын тірі жан жоқ десек те сұм ажал, бүкіл зиялы қауымның, Хамитбектей жаратылысы бөлек таланттың есімі мен еңбегін білетін халықтың қабырғасына қатты батып тұр. Хамитбек бір қазақтың ғана емес, бар қазақтың ортақ перзенті еді.
Ол өзінің Жаратқан Ием сыйлаған табиғи талантымен, жанкешті еңбегімен Алла тағала аманатқа берген аз өмірінде халыққа қалтқысыз қызмет етіп, соңына әдеби мол мұра, ел ауыз толтырып айта жүрер аңызға бергісіз азаматтық игі істерімен, қайсар қайраткерлігімен көпке үлгі көрсетіп кетті…
Осы тұста Сағдидің: «Жаратқанның пендесіне берген үлкен сыйы – оның артында қалған жақсы аты, мейірімділігі мен қайырымдылығы», – деген сөзі қалам ұшына оралып тұр. Үлкен қаладағы үлкен кісілер жанға жайлы жақсы жұмыс ұсынса да, туған жеріне ту тігіп, елмен етене араласқан, ес біліп, етек жапқалы Қостанай облысындағы Аманкелді аудандық «Аманкелді арайы» газетінің бас редакторы болып істеген, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өз сөзімен айтқанда:
«Елдің жайын,
Жердің жайын жіті ойлап,
Ұлық сөзін айта білді Ұлтының,
Бұқар жырау, Махамбетке атойлап».
Хамитбектің таланты мен еңбегін халық та, билік те жоғары бағалады. Көзқарасты қауым білетін ол атақтарды тізбелеп жатпай-ақ, ең бастысы – Алаш ардагерлерінің мұрасын жіті зерттеп, олар жайлы отты өлең, поэмалар жазғанын еске алсақ та жеткілікті.
Абыз Азамат ғасыр дертімен ұзақ ауырды. Қостанай мен Нұр-Сұлтан калаларының дәрігерлері де аянып қалған жоқ.
Амал не, адамзатты дұшпаны – арсыз ажал алып тынды.
Қош, қоштасуға қимайтын Хамитбек бауырым. Жаның жәнатта болсын!

Сәбит ДОСАНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Алматы

qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

он жеті + 16 =