"Түкті қошқар батыр ұрпағы"

Қошқар батыр дүниеге келгенде желкесінен құйымшағына дейін созылған жал сияқты, түк – батырларға бітетін ерекше белгі болған дейді. Сондықтан ел арасында «Түкті Қошқар батыр» атаныпты. Шақшақтың екінші ұлы Көшейден Қошқар, одан Тұрлығұл, Жәнібек, Тыныбек туады. Қошқар батырдың үлкен ұлы Тұрлығұл жаугершілік шайқастарға көп араласпаса да қалың елін соңынан ерткен есіл ер болған көрінеді. Міне, Кәкең осы «түкті Қошқар батыр» атанған Көшейұлы Қошқардың үлкен ұлы Тұрлығұлдан тараған ұрпақ. Әкесі Бекболат Жаңбыршыұлы жас кезінде «Құлдың Хасені» атанған Құлұлы Хасенмен бірге Торғай елінің құрметті ақсақалдарының бірі, кезінде «жарты патша» атанған Қорғанбек бидің жасы үлкейген шағында қасынан табылып, қызмет еткені жөнінде ел аузында әңгіме айтылатын. Өткен жылы ел аузындағы осы әңгімені айғақтайтын құжаттар – Қорғанбек Бірімжановтың еңбек кітапшасының көшірмесі мен бір топ адамдармен түскен фотосуреті мұрағаттан табылды. Кәрімжан ағамыз жиырмасыншы ғасырдың басында түсірілген осы көне суреттегі адамдардың ішінен әкесі Бекболат пен Құлдың Хасенін танып, сирек кездесетін тарихи сурет үлкейтіліп, үйінің төрінен орын алды. Бұл әкеге деген құрмет және ұрпақтан-ұрпаққа жететін баға жетпес тарихи жәдігер деп білуіміз керек. ...Адам өмірі көшкен керуен іспетті. Сол керуен легінде көппен бірге жүруге де болады. Бірақ, тірлікте үлгі аларлық, өнегелі ғұмыр кешпесең, оның қандай мағынасы бар?! Осындайда адами қалпымен көптің құрметіне бөленген, біреуге аға, біріне жанашыр дос, ақылшы, қадірлі ата бола білген Торғай тарландарының бірі, бірі емес-ау бірегейі, ел ағасы Бекболатұлы Кәрімжан десе болады. Бойына адами қасиеттерді жинау, жақсыға құмарлық, мақсатқа жетудегі ізденіс оның басты мақсаты болды. Бойындағы осындай қасиеттердің арқасында ол таңдаған оқу орны – Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсті. Жоғары оқу орнының қабырғасында аталас туысқандары Әнуар Байжұманов, Ноян Мейрамұлымен бірге оқыды. Студенттік шақта үшеуінің жұптары жазылмай бірге жүргендіктен Қабиев Төкен, Мусин Салықбек, Әлмағамбетов Еркін секілді құрбы-құрдастары оларды үш «Ноян» деп атапты. Үшеуі де жоғары оқу орнында жақсы оқып, болашағынан үміт күттіретін студенттердің қатарында болды. Алайда, Кәкең 1960 жылы аталмыш институтты тәмамдаған соң, Алматыда қалып, ғылыми жұмыспен айналысуға мүмкіншілігі бола тұра шалғайдағы туған ауылы Торғайға келіп, шаруашылықтарда қатардағы маман болып, жоғары оқу орнында алған теориялық білімін өндіріспен ұштастыра білді. Бұл кезде ауданда кеңестік шаруашылықтар құрылып, бұрынғы ұжымдық меншіктегі шаруашылықтар тарап жатқан кезі болатын. Еңбек жолын Жан­гелдин ауданының «Еңбек» кеңша­рында қатардағы мал маманы болып бастады. Алдыңғы буын ел ақсақалдары, дала цивилизациясын жетік меңгерген өз заманының «Дала академиктері» атанған ауданның майталман колхоз басқармалары мен алғашқы совхоз директорлары Ерназар Досмағанбетов, Ахметқали Мейірманов, Қызылбай Нұрғазин, Ибраһим Ысқақов, Мырзалы Өтелбаев, Міркемел Сейітқазиев, Үсенбай Оразалин, Омарбек Райсов, Әмірғали Душатов, Қабдікен Маманов, Биғали Молдахметов, Сейіт Кәрбенов, Балтабай Сейдахметов және Торғайдан шыққан алғашқы жоғары білімді мал мамандары Қасымхан Дауылбаев, Дәнеш Адаев жас маманның аяғынан тік тұруына игі ықпал етті. Өзінің алғырлығымен және талаптылығымен көзге түскен жас маман кейін ХХІ партия съезі, «Қызбел» кеңшарларында бас зоотехник болды. Көп уақыт өтпей Кәрімжан Бекболатұлы Жангелдин аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бас зоотехнигі қызметіне жоғарылатылды. Болашақ «Дала акаде­мигінің» еңбек жолы, міне, осылай басталды. Жиырма жылға жуық ауданда бірнеше шаруашылықтың басшысы болып қызмет атқарған Кәрімжан Бекболатұлы Жангелдин ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің қомақты үлесін қоса білді. Ол басқарған «Қызыл әскер» және «Речной» кеңшарлары бірнеше рет облыстық социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. Шаруашылықтың экономикасын көтерумен қатар, ауыл тұрғындарының мәдени-тұрмыстық деңгейін көтеруге баса көңіл бөлді. Ауыл жастарын кеңшар жолдамасымен жоғары оқу орындарына жіберу, мектептің үздік шәкірттеріне стипендия тағайындау, талантты балаларды әлеуметтік қамқорлыққа алу сияқты тың бастамалар көтерді. Елді мекендерде дәрігерлік пункттер ашып, клубтар мен кітапхана, монша қызметін жандандырды. Ауданда тұңғыш рет халқымыздың ежелгі ұлттық мерекесі – Наурыз күнін өткізуге бастама көтергендердің бірі болды. Кәкеңді қандай жұмысқа жіберсе де оның іскерлігіне, оның сол қызметке деген жауапкершілігіне ешкім шүбә келтіріп көрген жоқ. Ағамызбен мен өткен ғасырдың 80-ші жылдары Жангелдин аудандық комсомол және партия комитетінде қызмет істеген жылдары етене таныстым. 1984 жылдың сәуір айында мен Жангелдин аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушылық жұмысқа келгенде Бекболатұлы Кәрімжан ағамыз ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі екен. Дене бітімі шымыр, ойлы пішінді, жайлап сөйлейтін, орта бойлы жігіт ағасы өзінің байсалды мінезімен біз секілді жастарды еріксіз баурап алатын. Кәкеңмен бірге аупарткомда Ғарыпжан Ғабдрахманов, Сапабек Жүнісов, Айтжан Айбасов, Орекен Алматов, Еркін Құлпейісов, Тұрсын Шаймағанбетов, Олжа Ибраев, Алпыс Нұркин, Сағынтай Рашитов секілді азаматтар қызмет атқарды. Сол жылдары сыры да, жыры да мол Торғайды жұмыс істеу стилі ерекше Мұхамедқали Айсин басқарып, адал еңбек етті. Аудан басшысының қатаң партиялық жұмыс стилін бірден қолдаған адамдардың бірі Кәрімжан Бекболатұлы болды. Қатаң партиялық тәртіпке сәйкес берілген тапсырманың орындалуы аудан басшыларының жете қадағалауында тұрды. Көп уақыт өтпей ол тәсіл өз нәтижесін де берді. Ауданның шаруашылық, мекеме және кәсіпорын басшыларының бұрынғы жайбырақаттылық пен кең тұсау, ұзын арқанға салынуына жол берілмеді. Қайта құру кезеңіндегі агроөнеркәсіп саласы бойынша қабылданған реформаларды жүзеге асыруда аудан басшысы М.Айсин ауыл шаруашылық бөлімін басқарған тәжірбиелі маман ретінде Кәкеңмен кеңесіп, шешім қабылдады десек, артық айтпаған болармыз. Торғайдың өркендеп – өсуіне септігін тигізері анық. Адамға алғашқы отыз жылы қателіктер жасау үшін, кейінгі отыз жылы оны түзету үшін, соңғы отыз жылы жиған-тергені мен ой-санаға түйгенін ұрпағына дарыту үшін берілетін көрінеді. Міне, Кәрімжан ағамыз да осының үшінші баспалдағына табанын нық тіреп тұр. Кәкең 1997 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін Жангелдин аудандық статистика бөлімін басқарды. Кейін Астана қаласына көшіп келген соң Экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінде аз уақыт еңбек ете жүріп, Ел мен Жер тарихын зерделеп, Торғай өңірінен шыққан аға буын өкілдерінің өнегелі өмірлерін жас ұрпаққа жеткізуде өлшеусіз үлес қосты. Соңғы он жыл ішінде «Бабаларым мынадай екен ғой», – деп, жастардың рухын көтеретін ұлттық қаһарманға айналған асыл перзенттердің бірі – Тобыл-Торғай өңірінің бас батыры Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек тархан, Нұртазаұлы Әбіқай ақын және Ахметхан Әбіқайұлы сияқты тұлғалардың өмірі мен қызметіне арналған зерттеулер жазды. Белгілі ақын, торғайлық дін ғұламасы, ағартушы Әлмағамбет Оспанұлының өмірі мен артында қалған мұрасын тыңғылықты зерттеуді қолға алып, «Тарихи тұлға» атты кітабын баспадан шығарды. ХVІІІ ғасырда өмір сүрген қоғам қайраткері, ағартушы Тұрлығұл Қошқарұлының және оның ұрпақтарының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени қызметіне арналған «Рухани ұстаз» атты шежіре кітабының баспадан шығуына басшылық жасады. Елім десе, жерім десе, ішкен асын жерге қоятын Кәкең жасы сексеннің сеңгіріне шықса да, ел жақтағы жаңалыққа құлағын түріп жүреді. Өткен жылы Жангелдин ауданының құрылғанына 90 жыл және Торғай қаласының 150 жылдық тойы атап өтілгенде Кәкең құрметті қонақ ретінде ұйымдастырылған іс-шараның бел ортасында жүрді. Сол мерейтойда Кәрімжан Бекболатұлы «Жангелдин ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісімен марапатталды. Ағамыздың еңбегі Кеңестер Одағы кезінде де лайықты бағаланып, КСРО-ның бірқатар орден, медальдарымен, ҚазССР Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрмет грамотасымен және мерекелік төсбелгілермен марапатталды. Қарт Торғайдың экономикасын дамытып, мәдениетін құлпыртуда елеулі үлес қосқан тұлғалардың қатарында Кәрімжан Бекболатұлы да өзінің лайықты орнын алатыны сөзсіз. Ертай Қарабала,өлкетанушы Арқалық қаласы qazaquni.kz