Өнегемен өрілген өмір

1545
3
Бөлісу:

…Ақсақал мешітке келді. Бесін намазын оқыды. Сыртқа шықты. Мешіт алдындағы кең алаңда әр жерде топ-топ адам. Келген кезінде тұрғандарын көріп еді, әлі кетпепті. Ақсақал орындыққа жайғасып отырды. Не жиын екенін білгісі келді. Тек қасында сұрайтын ешкім жоқ. Бір кезде полицейлер алаңдағы жұртты автобустарға тией бастады. Формасы жоқ екі жап-жас жігіт келді де «ата, жүріңізшінің» астына алды. Ойында ешнәрсе жоқ. Олар болса әкелді де …полицияның «Газеліне» мінгізді. Іште тағы үш адам бар екен. Ешкімде үндемейді. 11 мөлтекаудандағы полицияға әкелді. Тағы бір жап-жас жігіт бірден: «Ата, Әблязовті білесіз бе?» деп сұрады. Мына бассыздыққа ширығып отырған қария: «Сен білесің бе?» деді. Анау күмілжіп қалды… «Білмеймін». «Мен де білмеймін! Сен білсең – білемін, сен білмесең – мен де білмеймін». «Ата, Елбасының саясатын қолдайсыз ба?». «Әй, бала, Қазақстанның Президенті Тоқаев емес пе? Тоқаевтың саясатын қолдайсыз ба деп сұрамайсың ба?!» Осы сұрақ пен осы жауап тағы екі рет қайталанды. Сосын ақсақал жігіттің аты-жөнін сұрады. Соғыс ардагерінің шөбересі екенін білді. «Шырағым, сен неге маған алдымен бұл жерге мені не үшін алып келгеніңді түсіндірмейсің? Мүмкін, мен өзім байқамай тәртіп бұзған шығармын? Бұзған болсам, осылай әкелуге хақың бар ма еді? Жоқ болса, неге кешірім сұрап, қояр сұрағыңды сосын қоймайсың?» Жауап жоқ… «Шырағым, мына түріңмен біреудің қарғысына ұшырап кетесің. Тілімді алсаң, басқа жұмысқа ауыс. Жассың ғой, тауып аласың»…

Зұлпыхар Момынов. Есімі Шардара өңіріне белгілі азамат. Ағамыздың ата-бабасы «кеңес өкіметі малды да, жанды да ортақ етеді екен» деген қауесетке сеніп Қызылқұмды жайлап, Сырдың Шардара тұсындағы қалың жыныс тоғайын қыстайтын атамекенін тастап, үдере көшкенімен, өзбек жерінен ары өте алмай қалады. Момын деген кісі атына сай базбұзарлығы жоқ болса да, ұсынақты, шаруақор, сонымен қатар дастарханды, ағайын-туғанның қамын ойлай жүретін, қолы ашық жан екен. Өзі би болмаса да, әкесінің інісі Битілеу би қадырлы қонақтарын әкеліп күтетін, би түсетін үйі болыпты. Балалары да, жазушы Дулат Исабеков ағамыз жазғандай «біз соғысты көрмедік» дейтін ұрпаққа жатқанмен, әкелерінің арқасында жоқшылықтың дәмін татпапты. Соғыстың алдында елге оралған олар, Мырзашөлді игеріп жатқан Мақтаарал аймағына қоныстанады. Зұлпыхар репрессияға ұшырап, Қиыр Шығыстан осы жаққа жер аударылған кәрістердің балаларымен бірге төрт жыл орыс мектебінде оқиды. Кейін Қызылқұм ауданының (кәзіргі Шардара) 18 ұжымшарын (колхозын) үкімет зорлап Мырзашөлге көшіріп, сол жерде Қызылқұм ауданы мен осы аттас орталығы пайда болады. Ол колхоздың бәрі ірілендіру кезінде ХХ-партсъезд кеңшарының құрамына кіреді. Міне, осы аудандағы ағайындарының үйінде жүріп орта мектепті бітіреді.
Бердалы ағасы салықшы болып жұмыс істейтін. Үстіндегі қызметтік формасы әдемі еді. Соған қызыққан Зұлпыхар Ташкентке экономика-қаржы бөліміне оқуға түсті. Міне, сол кезде баяғы орыс мектептің пайдасы тиді, орыс бөлімінде оқыды. Бұлар институт бітірерде тыңның даңқы жер жарып тұрған. Қостанайдан институтқа екі маманға сұра­ныс келген екен, кәріс досы екеуі облыстық қаржы бөліміне жұмысқа тұрды. Сонда жүріп Ханшайым атты Арқаның аруымен отау құрды. Табиғаты сұлу, қазағының күнгейліктерге қарағанда сөзі қысқалау өлкеде тұра берер ме еді, інісі Тараздағы гидромелиоративтік оқуға түскен соң, қолына алып оқытқысы келді, сонда ауысты. Жақын жерге келген соң туған жердің ыстық демі өзіне қарай қаттырақ тартты – «Шардарақұрылыс» тресіне экономист болып жұмысқа тұрды. Көп ұзамай білімі мықты, ісі тыңғылықты маманға ПМК-ның бірі «құда түсіп», жоспарлау бөліміне жетекші болды.
1969 жылы Шардара ауданы құрылды. «Ұйымдастыру комитеті» деген бар. Қысты күні сол комитеттегі нұсқаушы жігіттен келіп кетуін өтінген қоңырау шалынсын. «Біз сізді жаңадан жасақталып жатқан аудандық атқаруы комитетінің жауапты хатшылығына ұсынып отырмыз». «Жоқ, болмайды!» «Е, неге?» «Сіздер ол орынға бұның алдында менің досым әрі ағайыным пәленшені ұсынған жоқсыздар ма? Біз оның «қызметін жуып» та үгергенбіз. Болмайды, ағайын арасына шоқ салмаңыздар…». Шыға салып досына барды, «осылай да осылай, қимылда». Біраз күннен кейін қоңырау тағы қайталанды: «Комитет төрағасы, аупарткомның 1-хатшысы Қ.Тұрысбековке кіресіз!» Кірді. Сыпайы сөйлейтін, көшелі кісі екен, «ойланайын» деп шықты. «Болмайдыны» айта алмады… Біраз күннен кейін әлгі нұсқаушы үшінші рет қоңырау шалса бола ма: «Ауатком төрағасы Ә.Жолдасовқа кіресіз». Кірді. «Өмірбаяныңды орысша жазып берші». Оқыды, риза болды. Ол кезде Әшекеңнің өте сауатты да, өте қатал кісі екенінен бейхабар еді бұл. «Жұмысқа кіріс!» «Ер кезегі үшке дейін», бұдан арғысы артық еді енді. Ал, ағайыны, кінәсі болмаса да, өкпелеп кетті. Ортаға от салған кім екенін де білді. Бір басқосуда сол жігіт «мен ешкімге жамандық жасаған жоқпын» деп, есіп отыр екен, «сен маған жамандық жасадың» деді. «Қашан? Қайтіп?!» «Міне, бүйтіп!» Әлгі ант-су ішті, бірақ, онысы өтірік екені көзінен де, сөзінен де көрініп тұрды…
Төрт жылдан соң ауатком төраға­сының орынбасары болып сайланды. Осы орында Әшекеңмен, ол кісі аупарткомға 1-хатшы болып кеткен соң сауаттылығы да, талабының күштілігі де одан асып түспесе кем түспейтін Қуаныш Айтахановпен тіл табысып, табаны күректей жеті жыл істеді. Ол заман компартия тек басқарушы болатын-дағы, ал, барлық істі түгелдей атқару комитеті орындайтын заман. Жекеменшік деген атымен жоқ, барлық іске жауап беретін аутком. Қолы ауданның тамырынан бір сағат болсын ажыраған жоқ-ау…
1980 жылы аупарткомның 1-хатшысы Л.Бекжанов Зұлпыхарға жаңадан ашылған «Қазақстанның 60 жылдығы» кеңшарына директор болып баруды ұсынды. Сірә, оған Зұлпыхардың қандай тапсырмадан болсын бас тартпайтын жауапкершілігі, істі ойлағаныңнан асыра орындайтын тындырымдылығы ұнаса керек. Алла абырой берді ме, қай жаққа уәкіл етіп жіберсе де, барған шаруашылығы жоспарды орындап шығатын. Кеңшар директоры болу үшін Орталық Комитеттің батасын алатын дәуір, Димекеңнің қабылдау бөлмесіндегі орыс әйелдің «абайлаңыз, қосып жазуға жол беремін деп қор болып қалмаңыз!» деген сөзі, өзінің «ойпырмай, біздің кеселімізді бұл жақтағылар да біліп отыр екен ғой» деп ойлағаны әлі күнге дейін жадында жаңғырып тұр… (Құдайға шүкір, өмірінде өтірік бір наряд жазған жоқ…)
Жаңадан кеңшар құру айтуға ғана оңай еді. 60-жылдары басталған жаңа ауданға негізгі мамандар көзі Жетісай, Мақтаарал, Киров ауданда­рының қазағы болатын. Әрине, орыс та, өзге де ұлттың өкілдері аз болған жоқ. 1980 жылға қарай ол бұлақ сарқылуға айналған. Сондықтан, 1962 жылы Өзбекстанға беріліп, 1971 жылы қайтып алғанда сонда қалып қойған көп жердің қазағы тартылды. Түрік­мен­стан мен Тәжікстанға дейін барып қайтты. Бірақ, ол маманның бәрі бірдей мақта шаруашылығының, суармалы жердің мамандары емес болатын. Романтика іздеп келгендер азшылық еді. Келгендердің ішінде кім болады! Еншісін беріп шығарған жас отау, немесе әкенің тілін алмаған, ішкілікке құмар ұл, ененің тілін алмаған келін, т.т. Кеңшарда үш мың адам жұмыс істесе, олардың үш мың түрлі мінезі бар. Соның бәрімен тіл табыса білу керек. Қиын, өте қиын! Есесіне талай ата мен анадан «баламызды адам еткеніңіз үшін рахмет!» деген алғыс естіді. Жалғыз ауыз сол жылы сөзге жетер марапат, медаль мен орден бар ма?!..
Жаңалыққа жаны құмар директор ауданда алғашқы болып «шаруашылық есебін» (хозрасчет), «тізбелік жүйені» (звеновая система) енгізді. Смета жасап, «мұнша өнім аласың, мұнша шығын шығарасың, мұнша кіріс кіргізесің, сонда мұнша пайда табасың, оны өздерің бөліп аласың» деді. Сол есебі дұрыс шықты. Кеңшар аудандағы пайда түсіріп тұрған үш шаруашылықтың біріне айналды. Зәкең жұмыс істеген он жылда ол 3 рет облыстық партия комитеті мен атқару комитетінің Ауыспалы қызыл туын жеңіп алды. Біржақты мақтамен болып кетпей, мал шаруашылығында да 100 биеден 100 құлын, 100 сиырдан 100 бұзау алу секілді үздік көрсеткішке жеткені үшін кеңшар жұмыскерлері марапатталып жатты.
Қолы жетпегені, өкініші бар ма? Әрине! Қанша тырысса да жобалаушылар жер тегіс болмаған соң 2-3 метр биікке аспандатып қойған су ағар бетон науаны топырақтың үстіне түсірте алмады. 1991 жылдан кейін құлағандарын жөндеуге елдің шамасы келмей, көп жер кәзір жарамсыз болып жатыр…
Зәкең екі Дара Тұлғаның бірінің қолын, бірінің батасын алғанын өмірінің олжасы санайды. «1953 жылы, 8-класта көктемгі каникулға үйге келе жатырмын. Аудан орталығы Қызылқұмнан Ильичке баратын көлік күтіп тұрмын. Бір уақытта су жаңа «Газ-69» келіп тоқтады. Ішінен бір жалаңбас кісі шығып, шаштаразға кірді. Мен шоферге «Ильичке барсаңыздар ала кетесіздер ме?» дедім. «Барамыз, бірақ, сен бастықтан сұра» деді ол. Бастығының кім екенін білгім келді. Сөйтсем, Жұмабай Шаяхметов екен. Шофердің ғана емес, бүкіл Қазақстанның басшысы! Бір өзі жүр… Қос қолдап сәлем бердім, өтінішімді айттым. Мінгізіп алды».
«Аты қандай – заты сондай». Зұлпыхар – Мұхаммед пай­ғамбардың (с.ә.с.) қылышының атауы. Зәкеңнің өткірлігі ғой, әйтпесе кез келген бала мемлекет басшысына «машинаңмен ала кет» деп айта ала ма?..
Ол балалық шағы болса, кеңшарға директор кезінде Дінмұхаммед Қонаев келді. Түскі астың алдында Димекең директордан бір ауыз хал-жағдайын сұрады. «Жақсы, шамамыз келгенше халықты әкеп, жұмыс істеп жатырмыз» дедім. Сол сәтте ауыл мен егістіктердің арасы алыс екені, оған мақта шабыққа шығатын оқушыларды, әйелдерді үсті ашық машинамен, тіпті тележкамен тасып, қиналып жүргеніміз ойыма орала кетті. «Автобус бөлінсе жақсы болар еді» дедім. Димекең жанындағы «Главриссовхозстрой» басқармасы бастығының орынбасары К.Асановқа қарады. «Бір-екі айда шешеміз» деді ол кісі. Бір айдан соң 2 автобус алдық. Бізбен бірге көршіміз «Достық» та автобусты болып қалды…»
Тойшыл қазақта «туған күн» мерекесі деген ұғым болмаған! Есесіне «мың айдың (83 жыл 3 ай) жүзін көрген» адамның жасын ұлықтаған. Зұлпыхар ағамыз сол мәртебелі межені атап өтпекші екен. Ақсақалдың бұл да болса жөні бөлек төл жосықты жаңғыртып отырған өнегесі деуіміз керек…

Өмірзақ Ақжігіт

 

БӘЙТЕРЕК

Ел ағасы, еңбек ардагері Зұлпыхар Момын ағамызға

Маңызы зор Мың айдың әр айының,
Тарлан аштың топ жарып талай үнің.
Ардақтысын алқалап келіп отыр,
Тілегі бір ақпейіл ағайының.

Халыққа бұл ұнайды ұтқырлығың,
Еліңе еткен еңбектің ұқтың құнын.
Ел басқарған кездерің өнегелі,
Сеңгіріне Сексеннің шықтың бүгін!

Мың айыңнан іздесе мың деректі,
Таба алады өткеннен кім керекті.
Қызылқұмның қуатын бойға жинап,
Шардарадай шалқыған күндер өтті!

Қалай тұрам тойыңа жыр ұсынбай,
Арта берсін алдыңда ырыс ыңғай,
Атыңызға лайық жарқылдаңыз –
Мұхаммед пайғамбардың қылышындай!

Терең кеткен тамырын жайған нығыз,
Ай мүйізді ақ серке, айбарлымыз!
Абыз десе болады, нағыз десе,
Бәйтерекке саялы айналдыңыз!

Ізгілікті әрдайым іздеп өткін,
Бүгінгі күн жемісті бізге ерек күн!
Жүзін көрген Мың айдың жүзің жарқын,
Қолдай берсін Құдайым, Жүзге жеткін!

Құрметпен, ініңіз
Қазыбек ИСА
15 қыркүйек 2019 жыл

qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 3 пікір жазылған

  1. Тұрақ-Серік 26 Қазан, 2019 03:08 Жауап

    Ерекше әдіспен жазылған әдемі мақала,
    кереметтей жыр… Абыз ақсақалымызға
    Лайық құрмет, авторларға мың алғыс!

  2. Сансызбайұлы 26 Қазан, 2019 11:24 Жауап

    Қазыбек құрдасыңа не жездеңе жазғандай жазыпсың!) Зұқаң разы болғай.

Пікір немесе жауап жазу

он үш − төрт =