Үйі бардың - күйі бар

ТҰРҒЫНДАРДЫ БАСПАНАМЕН ҚАМТУ БАСТЫ МӘСЕЛЕ

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Елбасының халыққа үндеуінде әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру туралы алдымен айтылғаны белгілі. «Біз соңғы жылдары қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін көп нәрсе жасадық. 2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын-үй пайдалануға берілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр. Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе» - деп атап көрсетілген болатын үндеуде. Аталмыш құжатта халықты толғандырған бұл мәселе­нің шешімін тұрғын-үй ипоте­касының қатардағы қара­пайым тұрғындардың жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы, жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажеттігі баса айтылды. Осы мақсатта «7–20–25» бағдарламасы да ұсынылды. Несие өсімінің мөлшерлемесі бұрынғыдай 14-16 емес, жылына 7 пайыздан аспайтын болуы керектігі көрсетілді. Оған қоса несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін ұзартылды. Ұлттық банкке кемінде 1 триллион теңге қаржы тартатын арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің жоғарыда көрсетілген шарттар бойынша беретін жаңа ипо­текалық несиелерін сатып алуға жұмсау табысталды. Бұл бағ­дар­ламаны жүзеге асыру тұрғын-үй құрылысына зор серпін беріп, көп­теген кедергілерді жойып тұрғын­дарды баспанамен қамтуға жол ашты. Қалың көпшіліктің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруы – бірінші кезекте олардың тұрақты жұмыспен қамтылуы мен басында баспанасы болуына тікелей байланысты. «Үйі жоқтың – күйі жоқ» - деп босқа айтылмаған, айлығының бір бөлігін пәтерақыға жұмсаған отбасында береке болмасы да белгілі. Сондықтан, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету алғашқы міндеттердің біріне айналып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты ірі қалалар мен аймақтарда оны іске асыру жұмыстары жүргізіле басталды. Әрине, ол барлық жерде бірдей, бірден қарқын алып кете қойған жоқ. Дегенмен, әсіресе көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды алдымен баспанамен қамту мәселесі Үкімет тарапынан тұрақты түрде бақылауға алынып, негізгі күшті осы бағытқа жұмсау басталды. Сөйтіп биыл 12 мың көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына пәтер беру жоспарланғаны мәлім болды. Бұл туралы мамыр айында Үкіметтің баспасөз орталығында өткен жиын барысында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеген болатын. Қ. Өскенбаевтың айтуынша, бүгінгі күні жыл басындағы жағдай бойынша елімізде 340 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар екені анықталған. Солардың қатарындағы 31 мыңнан астамы баспанаға мұқтаж ретінде әр деңгейдегі әкімдіктердің кезегінде тіркелген. Кезекке тіркеліп үлгер­ме­гендер мен одан бергі уақытта бірқатар отбасыларының баспаналы болуына байланысты, бұл көр­сет­кіштерді нақты деп айту қиын, өзгеріске ұшырап тұруы мүмкін. Вице-премьердің мәлімдеуін­ше алдағы әрбір жыл сайын көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға өңірлерге 50 млрд. теңгеден бөлу көзделген екен. Аз қаржы емес. Ол жоспар негізінен әрбір келер жыл сайын 6 мың көп балалы отбасыны, сөйтіп түпкілікті нәтижесінде 2025 жылға дейін қырық мыңнан аса көп балалы отбасын жалдамалы тұрғын үймен қамтуға арналған. Жоспар мамыр айынан бастап нақты іске аса бастағаны мерзімді БАҚ-та айтылып келеді. Алматы, Шымкент, Қызылорда қалалары мен Батыс Қазақстан және тағы да бірқатар облыстарда мыңдаған отбасылар қоныс тойын тойлады. Әрине, баспана станоктан жасап шығарып қолға ұстата салатын кішігірім зат емес, оны салу үшін қомақты қаржы, ұзақ уақыт керек. Осы орайда, арнайы шара ретінде биыл «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы көп балалы, толық емес отбасыларды, сондай-ақ мүмкіндіктері шектеулі балалары бар отбасыларды жеңілдікпен несиелендіруді айта кеткеніміз жөн. Оның жылдық екі пайыздық мөлшерлеме бойынша, 20 жылға дейінгі мерзімге, бастапқы жарнасы он пайыздан бастап, оның бір бөлігі тұрғын үй сертификатымен жабылуы мүмкіндігі бар. Бұған үш жыл ішінде 150 млрд. теңге бөлу көзделіп, жыл сайын 6 мың займ беруді қамтамасыз етеді. Ал алдағы 25 жылдың ішінде 56 мың займ берілетін болады. Арнайы заңмен бекітілген­діктен «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр Ана» атағын алған көп балалы отбасылар мен аналар жеке санатқа шығарылып, оларға бірінші кезекте тұрғын үй алу құқығы беріледі. Бұрынғыдай емес, көп балалы отбасыларға тұрғын үй беру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар алғашқы нәтижелерін бере бастағандай. Түрлі мемлекеттік бағдарла­маларды іске асыруға атқарушы билік – Үкімет жауапты екені жалпыға аян. Оның орындалуы тікелей соларға байланысты. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларын қамқорлыққа алуда әсіресе ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапкершілігі мол. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі лауазымда екі рет болған Бердібек Сапарбаев өңірлерді аралап, елдегі нақты жағдаймен танысып шыққанын білеміз. Оның айтуынша, баспана мәселесі барлық аймақтарда ең көп қойылған сауал екеніне көз жеткізіпті. Екінші орында – жұмыс табу, үшінші орында – атаулы әлеуметтік көмектер мен жәрдемақыларды көбейту, төртінші орында – өз кәсібін бастау және жұмысты кеңейтуге қажетті жабдықтарды сатып алу тұр екен. Бұл айтпаса да түсінікті, отбасының лайықты өмір сүруіне алдымен дәп осы төрт жағдай жетісе бермейді. Жұмысы мен баспанасы бар болса тұрғындарымыз ешкімге алақанын жаймай, өз күндерін өздері көре береді. Сонымен бірге мемлекеттің дамуына да үлес қосып, тұрақты салық төлеп тұрады. Ал, салық кезкелген мемлекеттің қаржылық тірегі екені белгілі. Бердібек Сапарбаевтың тәжірибесі мол, білікті, іскер басшы екенін барша жұрт біледі. Оның жергілікті басшылармен, кәсіпкерлермен кездесіп, аймақтардағы халықтың жағдайын зерттеу нәтижесінде адамдары­мызды баспанамен қамту мәселесін шешуге арналған ұсыныстары да көпшіліктің көңілінен шықты. Осы мақсатта «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі, «Самұрық қазына» әл-ауқат қоры басшыларымен де кездесіп, келісімдерге келген. Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, баспана мәселесін шешу үшін бірінші – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер» секілді бағдарламалары негізінде аз қамтылған және көп балалы отбасыларды үймен қамтуда 10 пайыздан кем емес субсидиямен көмектесу, екінші – жергілікті әкімшілік жер берген жағдайда үй салуға қажетті құрылыс материалдарымен жәрдемдесу, үшінші – мецанаттар мен үлкен компаниялардың көмегіне сүйену керек екен. Мәселені шешу үшін көп балалы отбасыларға жеті жылда кем дегенде 52 мың, ал биылғы жылдың өзінде 12 мың пәтер пайдалануға берілу қажет дейді. Бұл аз меже емес, сондықтан ірі компаниялардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Бердібек Сапарбаевтың айтуынша қазіргі кезде Қазақстанда 1178 үлкен компанияда 23,3 мың көпбалалы ата-ана жұмыс істейді. Олардың 15 мыңға жуығында үй жоқ. Бұл мәселеде ірі компаниялар үкіметке көмектесіп, мәселені шешуге бірлесіп кірісулері керек. Б.Сапарбаевпен толықтай келісуге болады. Бұл шынын айтсақ жаңалық емес, осы тектес тәжірибе бұрынғы кеңестік кезеңде болған. Ол кездерде ірі кәсіпорындарды «қалақұраушы», яғни, негізгі материалдық шығындарды көтеретін ұйым ретінде есептейтін. Қазіргідей кәсіпорын басшысының алдына барып бас ұрып «көмектесе көріңіз» деп жалынбайтын. Олар үшін тұрғын үйлер, мәдениет ошақтарын, тағы басқа құрылыстар жүргізу міндет саналатын. Ал бүгінгі күні бәрі керісінше, кәсіпорын немесе қазіргі тілмен айтқанда компания басшысы өзін жарты құдайдай сезінеді. Өйткені біздегі жекеменшік заңы солардың жағында. Ал сол компанияны олар әкесінен мұраға алып қалып па? Атышулы жекешелендіру науқанында қолында билігі барлар халықтың ондаған жылдар жинаған байлығын басып қалғаны жасырын емес. Енді жұмысшылардың еңбегімен байыған үстіне байи түсуде. Сол қарамағындағы бас­панасыз жүрген жұмысшылар болмаса бір тиын да пайда таппасын қазіргі капиталистер мүлдем ұмытып кетті. Олардың бүгінгі мүшкіл жағдайына пысқырып та қарамайды. Ол аздай қыруар ақшаны шетел асырып, жат жұрттың мүддесіне жұмыс істетеді. Қымбат яхталар, хан сарайындай ғимараттарды сатып алып бір бірімен байлық жарыстырып жатыр. Соның бәрі сол өзіне жұмыс істеп жатқан қарапайым адамдардың арқасында емес пе? Сондықтан, ірі кәсіпорындар иелерін қарауындағы жұмыс­кер­лерін баспанамен қамтып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай­ларын жақсартуға міндейтін заң аса қажет. Жалпы қазақ халқында ықылым заманнан тұрмысы төмен, кембағал адамдарға көмек көрсету абыройлы міндет болып келген. Қайырымдылық деген ұғым ұлтымыздың қанында бар қасиет, ол туралы құранда да жазылған. Тіпті, мұсылманның бес парызының бірі садақа салып, пітір беру, яғни қайырымдылық көрсету екені де әлемге аян. Олай болса біз неге одан қашамыз? Құдайға шүкір, бізде байлар аз емес, алды долларлық миллионер, миллиардер атанып жатыр. Болсын, бірақ қайырымдылықты да ұмытпау керек қой. Өкінішке орай, бүгіндер қарап отырсаңыз сол атышулы байлар тарапынан қайырымдылық көрсетіп жатқандар көп емес. Оларға қарағанда, орта дәрежедегі кәсіпкерлердің, көпшіліктің қолдауымен құрылған қоғамдық қорлардың қолы ашық, ниеттері түзу. Әрине, біздің елдегі кәсіп иелерінің бәрін «Шық бермес Шығайбай» деп атаудан аулақпыз. Өздерін жарнамалауды қаламайтын, дабыраламай тұрмысы төмен отбасыларға көмектесіп жатқан азаматтар бар. Бірақ оларды саны тым аз. Дегенмен, игі істің басында жүргендердің бірнешеуін атай өтсек артық болмас. Мысалы, «Болат Өтемұратов қоры» жағдайы төмен отбасыларға 150 пәтер салып жатыр. «Біз Қызылорда облысында салып жатырмыз. Бұл үйлер көп балалы отбасылары мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған. Ал пәтерді кімге және қалай беру мәселесін жергілікті әкімшілік өздері шешеді», – дейді қордың директоры Марат Айтмағамбев. Сол сияқты үйі бар көпбалалы аналарға жөндеу жұмыстары жағынан да көмек көрсететіндер бар екен. Бұл туралы «Қазақстан балалары» қайырымдылық қорының басшысы Гаухар Танашева «ARUANA» Қазақстан әйелдер құрылтайының құрылғанына орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында айтты. Қор көпбалалы аналарға жан-жақты қолдау көрсетіп, келіп түскен әр ананың өтінішінің қараусыз қалмайтынын жеткізген-ді. Несі бар, бұл да болса мұқтаж жандарға деген үлкен қамқорлық емес пе?! Елбасының үндеуінен кейін «Атамекеннің» бастамасымен «Менің Атамекенім» порталы құрылған болатын. Оның қызметі де басқаларға қарағанда, өзгешерек, негізгі мақсаты – меценаттарды тауып, мұқтаж отбасыларды анықтап арадағы жұмысты үйлестіру. Бұл портал екі терезе бойынша жұмыс істейді. Біреуі – «Маған көмек қажет», екіншісі – «Көмек бергім келеді» деп аталады екен. Портал ашылғаннан бері 700 меценат тіркеліпті. Көмекке мұқтаждардан 593 өтініш түскен. Оның 36 пайызы бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған баспанаға байланысты. Соңғы екі-үш мысалды неге алға тартып отырмыз? Рас, мемлекет өзінің әрбір тұрғынының мүддесін қорғап, оның жан-жақты дамуына мүмкіндік жасауға міндетті. Мемлекет дегеніміз – халық, елдің иесі де солар. Олай болса бай болсын, кедей болсын оның әрбір азаматы сол мемлекеттің қуатты болуына да жауапты. Елдегі бар адамдар байлы-бақуатты тұрса мемлекеттің де мықты болғаны. Сондықтан, жеке бастың қамын ғана ойламай, әрқайсысымыз ортақ мүддеге жұмылсақ бүгінгі алдымызда алынбас қамалдай көрінген көптеген мәселелер өз шешімін табар еді... Зейнолла ҚАБИОЛЛАҰЛЫ qazaquni.kz