Тіліміздің болашағы бәрімізді толғандырады

Қазақ тілі біздің елімізде ұлтаралық қатынас тіліне айналуы тиіс деп жаһанға жар салып келе жатқанымызға ондаған жылдар болды. Тәуелсіздік алған күннен бастап қазақ тілін дамыту, оның қолданыс аясын барынша кеңейту туралы мәселе күн тәртібінен түсіп көрген емес. Шыбын жандарын шүберекке түйіп шырылдаған тіл жанашырларының айқайы бір бәсеңдеген жоқ. Бір қарағанда, қазақ тілінің жолында ешқандай кедергі жоқ бізде. Ертеректе болса да ресми түрде қабылданған Тіл туралы заңымыз да бар, билік тарапынан да ешкім қазақ тіліне ашық қарсы шығып жатқан жоқ сияқты. Мемлекет тарапына жыл сайын осы мақсатқа қомақты қаржы бөлініп жатады.Елімізді мекендеген өзге ұлттар да бір ауыз қарсы сөз айтып көрген емес, керісінше солардың бірқатары қазақ тілін меңгеріп алған. Сонда не болды, неге қазақ тілі күнделікті өмірімізде кең қолданысқа ие болмай отыр? Бұл сұрақтың төңірегінде тіл жанашырлары, тіл мамандары, зиялы қауым өкілдері де өздерінің ой-пікірлерін тұрақты білдіріп келеді. Мерзімді басылымдар да осы тақырыпты жиі көтереді. Мен тіл маманы емеспін, қатардағы зейнет жасындағы қарапайым көптеген қазақтың бірімін. Өз ұлтымның бір өкілі болғандықтан менің де ана тілімізге жаным ашиды, оның әлемдік болмаса да лайықты деңгейге көтерілуін қалаймын. Өйткені ол менің ана тілім. Ол өте бай тіл. Қазақтың тілінің байлығы, көркемдігі жайлы біздің ғана емес, өзге шетелдік ғалымдар мен жазушылар тамсана жазған­дарын әр жылдарда оқығанымыз бар. Біздің тіліміз туралы жылы лебізді оқып, естігенде төбеміз көкке жеткендей болып қаламыз. Тілге қатысты мерзімді баспасөзде жазылып жатқан пікірлерді мүмкінді­гімше бос жібермеуге тырысып, қадағалап отырғандықтан біраз нәрселерден хабардармын. Мысалы, қазір Ата заңдағы 7-баптың 2-тармағын алып тастауымыз керек деген мәселе көтеріліп жатыр. Бұл туралы белгілі ақын, Ұлттық Кеңес мүшесі Қазыбек Иса «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Ашық алаң» бағдарламасында мәлімдегенін көріп, тыңдадық. «Ата заңымыз бар. Сол Ата заңнан бастауымыз керек. Ата заңдағы 7-баптың 1-ші тармағында қазақ тілі Мемлекеттік тіл деп бекітілген. Ал, 7-баптың 2-тармағында орыс тілі қазақ тілімен қатар ресми тіл ретінде қатар қолданылады деп жазылған. Біз орыс тілі туралы бапты алып тастауымыз керек. Оны алып тастамай басқа заңдардың ешқайсысы да дамымайды. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауымыз керек. Тәуелсіз елдердің ішінде біздің мемлекет қана мемлекеттік тіл туралы заң қабылдамаған. Ал, 1989-жылғы заңға келейік. 89-шы жылы біз тәуелсіз бе едік? Кеңес империясы құрамындағы ел болатынбыз. Сол кезде орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі деп қабылданған болатын, – деді Қазыбек Иса. Дұрыс айтылған пікір, біз қазақ елі болғандықтан, алдымен ана тілімізге басымдық беруге міндеттіміз. Оның үстіне уақыт өз талабын алға тартып, кез келген заңдар өзгеріске ұшырап жатқаны заңдылық. Ешкім өзгенің тіліне қиянат жасап отырған жоқ, әрбір тілдің қолданатын өз ортасы болуы керек. Орыс тілі алып мемлекет Ресейде дами берсін, оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Ал, ресми түрде орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі деген ұйғарым көсегемізді көгертпейді. Ол қазақша айтқанда «екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» дегенді білдіреді. Бұл бізде болып жатқан әңгіменің ресми жағы, оның қалай шешілетінін уақыт көрсете жатар. Өзімнің өмірлік тәжірибеме сүйене отырып осы жерде жеке ойымды білдіре кетсем артық болмас. Тіл туралы заң керек шығар, бірақ күнделікті өмірде оның қолданысы біздің әрқайсымызға тікелей байланысты. Әрбір қазақ оны өзінің жеке шаруасындай есептеп, үлкен жауапкершілікті сезінсе тіл мәселесі тезірек шешілер еді деп ойлаймын. Әрбір отбасында оның мүшелері тек қана қазақша сөйлесе жағдай дәп қазіргідей болмас еді. Осындайда, кеңестік кезеңдегі алпысыншы жылдар еске түседі. Алпысыншы жылдардың ортасында әсіресе орыс ұлттары көп қоныстанған солтүстік өңірлерде «ертең нанын тауып жей алмайды» деген жаңсақ пікірмен балаларын орыс сыныптарына беру жаппай етек алғаны есімізде. Шынын айту керек, сол кезде үлкендердің өздері орысша екі сөздің басын құрай алмайтын. Содан да болар балаларын орысша оқытқаны. Әрине, оған сол кездегі кеңестік саясат тікелей әсер еткені айтпаса да белгілі. Кең байтақ жердің иесі қазақ ұлтын өз тілінен, ана тілінен айыру идеологиясы қарқынды жұмыс істегенін кейін барып білдік қой. Тіпті орыс тілін білмегендерге күлетін кезді де көзіміз көрді. Айтайын дегенім, сол орыс сыныптарында оқыған балалар өз ана тілін жетік білетін. Сабақ орысша жүргенімен, үзіліске шыға салысымен, үйде де тек қазақ тілінде сөйлейтін бәрі. Өйткені олар орыс мектебіне барғанмен қазақ тілінің уызына әбден қаныққан, әке-шеше, әсіресе ата-әжелерінің тәрбиесін көрген ауыл балалары болатын. Бала жеті жасына дейін қай тілді сөйлеп өссе оны өлгенше ұмытпайды.Оған өмірлік тәжірибе нақты дәлел. Бұған да бір мысал келтіре кетейін. Біздің шағын ауылдың тең жартысына жуығы немістер болды. Бала болған соң бір-бірімізбен бірге ойнаймыз. Неміс емес, орыс тілін білмейтін біздер тек қана қазақша сөйлейміз. Сөйтіп көрші неміс балалары бізге еліктеп қазақ тілін жақсы меңгеріп кетті. Қ, Ғ,Ә, Ө сияқты төл дыбыстарымызды таза айтып, кейде өзіңді сөзден жаңылдыратын. Заман өзгеріп, еліміз егемендік алған алғашқы жылдар неміс отбасылары өздерінің тарихи отанына қайта бастады. Бірақ туып өскен үркердей ғана ауылымызды ұмытпады. Бүгінгі күнге дейін немерелерін ертіп қазақ жеріне жыл аралатып болсын келіп-кетіп тұрады. Соған қарағанда кіндік қаның тамған қасиетті жер кімді де болса қашанда өзіне тартып тұратын сияқты. Байқағанымыз, сол кездегі қатар өскен біздің замандастарымыз одан бері ширек ғасыр өтсе де қазақ тілін ұмытпаған. Сол баяғыдай еш сүрінусіз таза сөйлейді. Әрине, немерелері не орыс, не қазақ тілін білмейді. Өйткені олар мүлдем басқа ортада өсті емес пе, ол үшін кінә таға алмайсыз. Бұл тілдік ортаны дұрыс қалыптастыру керектігін көрсетеді емес пе? Қазір сол ауылдарымыздың басым бөлігі тарқап жұрт жаппай қалаға көшіп кетті. Ауыл ғана емес, қазақ тілінің ошағы болып отырған орта да бірге жоғалды. Тіліміздің тұйыққа тірелуіне себеп болған бұл жағдайды есепке алғанымыз жөн. Тағы бір себеп, бір кездерде орыс тілінде тәрбиеленіп, орысша оқыған ата-аналар, одан қалды алды ата-әже болғандар бала-шаға, немерелерін өсіріп жатыр. Бұл жерде олардың да кінәсі жоқ емес, болашақ ұрпақты ана тілінде тәрбиелеу бірінші кезекте солардың міндеті. Ашығын айтсақ, сол ата-аналар бала-шағасына күнделікті күйбең тірлікпен жүріп жеткілікті уақыт бөлмейді. Отбасын асыраудың қамымен бала тәрбиесі екінші қатарға сырғып кеткені жасырын емес. Ата-аналардың орынына смартфон деген «тәрбиеші» келді. Ал, оның қандай екенін бәріңіз білесіздер. Қазір бес жастағы баланың қолынан телефон түспейді. Неше түрлі сананы улайтын бағдарламалар ешқандай тосқауылсыз беріліп жатады. Оны бақылап жатқан ешкім жоқ. Біз бала тәрбиесін, тіл мәселесін көтеріп, ақ-тар, көк-тер болып әуре боламыз. Сол еңбегімізді жаңағы телефондар түкке тұрғысыз еткеніне көңіл бөлмейміз. Тіпті балаларға арналған бағдарламаларды көріп жатыр дегеннің өзінде солардың бәрі, дәлірек айтсақ 99 пайызы орыс тілінде. Одан кейін қазақ тілі туралы қандай әңгіме болуы мүмкін. Қалай десек те тіліміздің тағдыры әлі де айқындалмай отыр. Адам мен тіл тұтас жаратылыс. Адам баласы сияқты оның да ғұмырын ұзартатын болашақ ұрпақтарымыз. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне бірінші кезек берілуі қажет. Жылда өзгеретін мектеп бағдарламаларын ретке келтіріп, дұрыс саралау да үлкен мәселе. Әсіресе ағылшын тілін балабақшадан бастап үйрету, бастапқы сыныптан бастап оқыту ана тілімізді қолдан өлтірумен бірдей шешім. Оны тоқтату қажет. Телеарналардың қазір ықпалы күшті болғандықтан ондағы бағдарламаларды бақылауға алып, ұлттық бағытты басым етуіміз қажет. Қазіргі көріп жүрген атыс-шабысқа толы кинолар жастардың санасын улайды. Сол сияқты жас ұрпақты негізгі рухани байлық кітап оқуға баулығанымыз дұрыс. Бұл өмірде бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Тіл мәселесін көтерсек, ұлт мүддесі, ұрпақ болашағы да бірге бас көтереді. Осының бәрін ұштастырып кешенді түрде іске асыру қажет сияқты. Бұл бір ғана мемелекеттің емес, баршамыздың міндетіміз. Манап МЕШІТБАЙҰЛЫ, зейнеткер Павлодар қаласы qazaquni.kz