Ізгілік дәні

Темірғали КӨПБАЙ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қайран Темкең! Ол кісіні орынсыз мақтайын деген ойым жоқ. Оған зәру де емес. Өмірінің соңғы жылдарында іштей жаны құлазып өткені болмаса, асау тағдырдың түрлі теперіштеріне бас имей кеткен қайсар рухты тұлғалардың бірі еді. Ғалым, ұстаз, сатираның сардары Темірбек Қожакеев туралы мақтау-марапаттауға толы жазбалар мен естеліктер жетерлік. Алдынан дәріс алған мың-сан шәкірт оның ерекше болмысын, өзіне ғана тән қиқар мінезін, «Әй, Болғанбаев! Әй, Түкібаев!» деп қаратып алып тұрып, ащы мысқылмен соятын әдетін айтқанда аңыздай кестелейді. Ондай жаратылысы бөтен ұстаз өмірде кездесе бермес. Бұрын «Құдай Қожакеевтен сақтасын!» деп бықпырт тигендей безіп кететіндердің өзі бұл күнде Темкеңнің көлеңкесін сағынатын шығар. Өз басым кейде ұлағатты ұстазымды аңсаймын. 1998 жылдың күзі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналис­тика факуль­теті. Мерзімді баспасөз кафе­дра­сының есігін ашсам, «Күлкі – күштілер қаруы» дейтін Қожакеев ағамыз екі иығы селкілдеп, күлкісін тыя алмай отыр екен. Алдында «Егемен Қазақстан» газетінің соңғы саны. – Кел, кел, Темірғали, – дейді ішек сілесі қатқан күйі. Оның күлкісіне қарап өзім де күліп жібердім. – Не жазыпты аға? Анекдот оқып отырсыз ба? – дедім күлкіден жасқа толған көзіне қарап. Ол жасқа шыланған көзіл­дірігін шешіп, көлдей беторамалымен сүрте бастады. – Анекдот деген мұның қасында адасып қалады. Атасын ұмытып қалады. Мә! Осы жерде отырып оқып шық. Отыр мына жерге, – деп қасындағы орындықты жылжытты. Қазір тақырыбын ұмытып қалдым. Ғафу Қайырбеков ағамыздың 1956-57 жылдары Мәскеуге барғанындағы бір оқиға туралы көлемді естелік мақаласы екен. Оқи бастадым. Темкең әлі күліп отыр. «Қалай, ә! Қалай, ә!» деп қояды арасында. Қысқасы, Ғафу ағамыз Мәскеуде оқитын туыс ағасына барады. Студент кездері. Ағасы Мәскеудің маңайындағы қала типтес поселкеде арзан пәтер жалдап тұрады екен. Қасында мұрны қоңқиған армян жігіті бар. Бір бөлмеде бірге тұрады. Ғафаң келген соң үшеуі қысылысып тұрып жатады. Ағасы мен әлгі армян жігіті бір топта оқиды. Емтиханға дайындалады. Күндіз-түні оқиды, жазады. Ғафаң болса орыс классикалық әдебиетінің терең қойнауына сүңгіп кеткен. Үш кереуетте үш «оқымысты». Тамақ ішуді де ұмытып кетеді кейде. Бұларға кедергі болатын тек бір ғана нәрсе бар. Ол – қызыл әтеш. Қызыл әтеш кітап оқымайды. Дәл жаңағы «оқымыстылар» жатқан бөлменің терезесі алдындағы кеспектеліп жиналған отын ағаштың үстіне коқиланып тұрып алады. Екі жағында – екі мекиен. Қанатын қағып-қағып, қомдап қойып, өңешін түтіктей созып қышқырады-ай кеп, қышқырады-ай кеп. Таңның атысынан кештің батысына дейін мезгілге қарамай қышқыра береді. Оқымысты үш жігітті әбден мезі қылады. Әтештің жағы сембей қойған сондай күндердің бірінде армян жігіттің шыдамы шегіне жетеді. – Жүріңдерші, мына пәлені ұстап алайық, – дейді. – Оны қайтпексің?! – Бұл екеуі аң-таң. – Жоқ, өлтірмеймін. Тек ұстап алайықшы, содан соң «сайрамайтындай» қыламын, – дейді анау өтініп. Не керек үшеуі қаумалап, қамап қызыл әтешті ұстайды. Армян жігіттің ескі саквояжында бір қорап вазелин бар екен. Әтешті ұстаған соң құйрығын аспаннан келтіріп, қысып тұрып, вазелинді ауа шығар артқы тесігіне сұқ саусақпен тығып-тығып жібереді де, босатып қоя береді. Бұл екеуі әлі аң-таң. – Болды. Енді «сайрай» берсін, – дейді армян жігіт. Үшеуі орындарына жайға­сып, кітаптарын оқи бастайды. «Қуғыннан» есі шығып кеткен әтеш әлден соң өзінің «сүйікті» орнына қайта қонақтайды. Екі жағында – екі мекиен. Қанатын қағып-қағып, қомдап алып, өңешін соза бастайды. Қышқырайын десе дауысы шықпайды. Ой, тоба! Өңешін қанша созып тырбанғанмен, ауызын ашқанмен құр ауа қауып, қышқыра алмайды. Есесіне ауаның бәрі артқы тесіктен кетіп, пұшайман болады. Үні өшті деген осы екен! Қышқыру үшін де артты қысып тұрып қышқырмаса болмайды екен. Қызыл әтештің беделі әбден түседі. Қасындағы екі мекиен: «Бұл бәтшағарға не болып қалды?» дегендей оңды-солды айналып қарап қояды. Байғұс қоразда үн жоқ. Айдары жығылып, көзінің ақилығы тарап, іштен дұға қайталаған «молда» кейіпке түсіп қалған. Ұяттан одан сайын қызарып кеткендей. Талай нәрсені көрсе де мұндайды бұрын-соңды көрмеген Ғафаң жағасын ұстап қайран қалады. – Мынауың бір керемет әдіс екен. Қайдан үйренгенсің? – дейді армян жігітке қарап, күліп. – Біздің Ереван – таулы қала, – дейді анау, – Қаланың шетінде үлкен базар бар. Базарға тауар әкелушілер үшін таулы жерде есектен қолайлы көлік жоқ. Таңертең базарға мың-сан есек келіп кіреді. Әлгі есектер күні бойы аңырағанда базарды басына көтереді. Әбден мезі болған ел базардың басшыларына шағымданады. Содан базар әкімшілігі штат кестесіне «майжағар» деген заманауи қызмет түрін енгізеді. Кіре беріс қақпаның алдында тұрған «майжағар» бір есекті де қалдырмай құйрығын майлап жібереді. Сол-сол-ақ екен базардағы даңғаза шу су сепкендей басылады. Жым-жырт. Есектер ауызын ашады. Дауыстары шықпайды. Осыны өз көзімізбен көріп өстік. – Апыр-ай, ә, – дейді Ғафаң, – Адольф Гитлер бір «май­жа­ғардың» қызметін пайдалан­ғанда Еуропаң есінен танбас екен-ау! Үшеуі жамырай күледі. Темкең екеуміз де күліп отырмыз. – Қане, әкел. Мен мұндай қызық дүниелерді мұқият жинап жүремін. Бұл жерде тілден бұрын факт күлкі шақырады. Ал оны ойнақы етіп беру автордың қалам қуатына байланысты. Ғафекең де сөзмерген сабаз ғой! – деп Темкең газетті папкасына салып жатты. Сатираның теориясы мен тәжірибесін түк қалдырмай түгендеген ғалым үшін бүл да жанға рахат бірер сәт шығар деп ойладым. Ғылыми жұмысты ширатуға, материалды «миландыруға» (Темкеңнің жақсы көретін сөзі) келгенде ол кісідей жан аямай тер төгетін ғалымдар сирек болар. Кандидаттық, докторлық диссертациялар ғана емес, дипломдық, тіпті курстық жұмыстардың өзін қырағы көзбен шолып, ақсап жатқан тұстарын ә дегеннен аңғартып, өзінің ұсыныс, талаптары орындалмайынша тыным таппайтын. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келетіндерді жаны сүймейді.Бір қисайса қисайып жатып алады. Бәрібір өз айтқанын істетеді. «Мемлекеттік емтихан комиссиясында Қожакеев бар екен» деген сөздің өзі «мен мықтымын» деген студенттер түгілі кейбір оқытушылардың да буынын қалтыратып жіберетін. Емтиханда Темкеңнің сұсы басып тұрады, студенттердің құты қашып тұрады. Өйткені Темкең сұрақты қабырғасынан қадап қояды. Оңай сұрақ қоймайды. Біліміңді шындап тексереді. Білмесең «Айда, марш!» дейді. Ширатамын деп кейде шектен де шығып кетеді. Онысына өзі өкінбейді. «Сабақ болады!» дейді. Құдды Наполеон Банопарттың өзі. Қайбір жылы ол кісінің шын қаһарланғанын көріп өзіміз де шошығанбыз. Ашуланбасқа болмайтын оқиға еді. Университет бітірушілер диплом жұмыстарын қорғап жатқан. Солардың ішінде бір жігіт болды. Кереметтей оқымаған-ау. Атақты ақынның туысы екен. Пендешілікті қоя берсеңізші. Қожакеев комиссияда бар дегенді естіп, алдын ала қимыл жасайды. Атақты ақын атақты академикке келеді. Екеуі ректорға барады. «Осылай да, осылай. Мына бала биыл диплом қорғайды. Комиссия қатал көрінеді. Беске қорғағаны дұрыс болар еді» дейді. Сонымен, жабыла тартқанмен шықпайтын шалқанның ертегісіндегідей ректор деканға, декан оқыту­шыға, оқытушы балаға тапсырма береді. Бір қарағанда бәрі де дұрыс келе жатады. Көпті әуре-сарсаңға салған әлгі әлжуаздау бала диплом жұмысын қорғап тұр. Мінберде. Сегіз адамнан тұратын мемлекеттік комиссия мүшелері оның ғылыми жұмысын оңды-солды ақтарыстырып, қарап жатыр. Еңбектің «авторы» біреу жазып бергендей, алдындағы мәтінді әрең оқиды. Оқып болды. – Сұрақ бар ма? – деді Темкең әдеті бойынша жалпақ алақанымен үстелді бір қойып. Ешкім үндемеді. – Онда отыр. Жетекші сөйлесін! Ғылыми жетекші жел ілес­пестей ысқыртып мақтап жөнелді. Одан кейін шыққан рецензент кемшіліксіз жұмыс деп бағалады. Комиссия мүше­лерінің бір-екеуі қосыла мақтады. – Болдыңдар ма? – Темкең көзілдірігінің үстінен жан-жағына бақшия қарады, – Болсаңдар мен айтайын, – деп ауыр денесімен қозғалақтап орнынан көтерілді. – Әй, Пә­леншеев! Тұр! Мына жұ­мыс­ты өзің жазып па едің? – деді тостағандай көздерін шақшитып. – Өзім, – деп міңгірледі студент. – Өзің жазсаң жаңа сөйлегенде неге ойларыңды батыл айтпайсың? Көзіңе мақтайын деп тұрғам жоқ. Мен түгел қарап шықтым. Өте тамаша орындалған жұмыс. Диплом жұмысы деген осындай болу керек. Тақырып толық ашылған. Көп ізденгенің көрініп тұр. Бірақ сөйлеуің мен жазуыңның арасы жер мен көктей. Журналист адам майын тамызып сөйлеу керек. Ауызынан сөзі, қойынынан бөзі түсіп тұрған журналист үлкен мақсатқа жете алмайды. Түсіндің бе? Аудиторияда отырғандарды түгел шығарып жіберіп, мемле­кеттік комиссия мүшелері баға қоюға көштік. Кезек әлгі баланың жұмысына келгенде қатарымызда отырған етжеңді доцент қыз: – Осы жұмыс туралы бір ауыз сөз айтайыншы, – деп рұқсат алды. – Бұл жұмысқа баға қоюдан мен бас тартамын, – деді ол. – Өйткені осыдан үш жыл бұрын дәл осы жұмысты «Түгеншеев» деген студентке өз жетекшілігіммен қорғатқанмын. Мынау тұтастай содан көшірілген жұмыс. Ол жұмыс менің жеке мұрағатымда сақтаулы тұр. Сенбесеңіздер қазір алдырайын. Әлден соң-ақ жұртты дүрлік­тірген диплом жұмысының үтір, нүктесіне дейін өзгеріссіз көшірілгендігіне комиссия мүшелерінің көзі жетті. – Әй, пәтшағар Пәленшеев! Тұр орныңнан! – деді Темкең. Сөйтті де ащы сарказмға толы өзінің стиліне салып, жаңағы баланы жалған жетекшісімен қосып ит терісін бастарына қаптады-ай келіп. Өзі булығып, қып-қызыл болып кеткен. «Сен кімді ақымақ етпек едің? Өзіңді өзің алдағаның болмаса!» деп барып әрең тоқтады. «Ар-ұяттан жұрдай неме!» деді дір-дір етіп. Әшейінде көзбояушылыққа көне алмайтын Қожакеев мынадан кейін тіпті күйіп кетті. Қан қысымы көтеріліп, ауырып қалды. Темкең орынсыз ашу шақырмайтын. Оң қабағында жүрген шәкірттеріне жаны жайдары-ақ. Әзілге араластырып көпшік қоюды да қатырады. «Көк сеңгірлер» деген кітабына редактор болғаным бар. Ол кезде студентпін. Отырған жерінде «Әй, бұл анау-мынау емес, менің кітабымды, Қабдоловтың, Қоңыратбаевтың кітаптарын редакциялаған. Түзеткен. Жақсы редактор түзейді, жаман редактор күзейді. Бұл жақсы редактор» деп мақтап та қоятыны бар еді. – Осы сені оқуға алғанда қателеспеген екенмін, – деді бір күні мейірленіп, – Есіңде ме, тарихтан қиналғаның? – Әрине есімде. Ұстазыңның ондай жақсылығын қалай ұмытарсың. Бәрі де бүгінгідей есімде. 1984 жыл. Тамылжыған жаздың шуақты күндері. КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсу үшін қабылдау емтихандарын тапсырып жатырмыз. Емтихандар алдындағы шығармашылық байқаудан аман-есен өттік. Өтпей қалғандар да көп. Ауызша әңгімелесу кезінде факультет деканы Темірбек Қожакеевтің өзі маған біраз сұрақтар қойды. Дүниетанымыңды тексереді. Қабілет-қарымыңды байқайды. Баспасөзде шыққан мақалаларыңды бағалайды. Белгілі жазушы, сол кездегі «Өнер» баспасының директоры Серік Әбдірайымов шығармашылық байқау комиссиясының төрағасы. – Мына жігіт осы тұрған бойда дайын журналист сияқты, – деді Серік аға, – Мақалалары көп екен. Өлеңдері де баршы­лық. Сұрақтарға берген жауабы да жоғары бағаға лайық деп санаймын. – Өлеңдері көптеу ме деймін, – деді Темкең менің қағаздарымды ақтарып қарап. – Әй, біз ақын дайындамаймыз. Ол үшін анау әдебиет факультеті бар. Мүмкін құжаттарыңды алып, сонда барарсың. Ойлан! Бізге ертең тоқтамай шапқылайтын журналист керек! Омалып отырып қалмайтын адам керек! – Ақынды ешкім оқытып ақын қылмайды ғой, – дедім мен батыл сөйлеп. – Мен журналистиканы оқығым келеді. – Дұрыс екен. Ескертіп жатырмын. Ертең айнып кетіп жүрме. Жасың ересек жігіт екенсің. Ал, бес қойсақ қояйық,– деді Темкең комиссия мүшелеріне қарап, – Оның үстіне еркек тананың басын көбейтпесек мына журфак ЖенПИ-ге айналып барады. Бәрі ду күлді. Қазақ тілі мен әдебиетінен ауызша емтихан тапсырдық. Алма Қыраубаеваның өзі қабыл­дады. «Бес» алдым. Қуанып келе жатыр едім дәлізде Темкең мен сол тұстағы филология факультетінің деканы, профессор Рымғали Нұрғалиев қарсы ұшырасты. Мені көріп: – Әй, Көпбаев, қанша алдың? – деді Темкең. – «Бес» алдым, ағай! – Көрдіңіз бе, Рәке?! Біздің балалар осындай! Бұл өзі ақын жігіт. Қане, бір өлеңіңді оқып жібер. Көрсін мына ағаң! Самбырлатып, бос дәлізді жаңғырықтырып өлең оқи жөнелдім. – Ақырын! Ақырын! – деді Темкең. – Емтихан жүріп жатыр. Міне осындай! – Өлеңің ойлы екен. Оқуға түсіп кетуіңе тілектеспін, – деді Рымғали аға. – Енді тарих пәні ғана қалды. Дұрыстап дайындал, – деп Темкең арқамнан қақты. Аһ, тарих пәні, тарих пәні! Жыл бойы дайындалғаныммен үшінші сұрақтың жауабын білмей әлек болғаным-ай. Емтихан алушылар – екеу. Бірі көзілдірікті қартаң кісі. Екіншісі – тіпті жас. Алдында жауап беріп отырмын. – Үшінші сұрақтың жауабын білмеймін, – деп салдым. – Келесі жылы біліп келесің дә! – деді қартаң кісі. Жүрегім су ете қалды. – Бара бер. Келесі жылы келесің. Жан дүнием астаң-кестең болды. Басым салбырап, төртінші қабаттан түсіп келе жатырмын. Ішім удай ашиды. «Жарайды. Бәрібір осы оқуға түспей қоймаймын» деймін өзімді қайрап. Ғимараттан шыға бергенім сол еді, аппақ «Волга» көлде­неңдей тоқтады. Ішінен ұқыпты киінген Қожакеев ағамыз шықты. Бас изеп амандастым. – Емтиханға кірдің бе? – деді ол мені іштарта сөйлеп. – Иә, кірдім. Құлап қалдым ағай, – дедім қызарақтап. – Қалайша? Тіпті жауап бере алмадың ба сонда? Сенген қойым сен болсаң... Ол таңданысын жасырмады. – Екі сұрағына жауап бердім. Ең ұрығанда «үш» қойса да болар еді. – Екі сұраққа жауап бергенің анық па? – Анық, ағай, – дедім сеніммен. – Жүр менімен бірге, – деп ол мені сүйрей жөнелді. «Не істер екен?» деп келе жатыр­мын. Ішімде үміттің оты жылт етті. Төртінші қабатқа қайта көтерілдік. Емтихан комис­сия­сының төрағасына кіріп бардық. – Мына бала басқа емтихандарды түгел беске тапсырып келген. Обалына қалмаңыздар. Екі сұраққа толық жауап бердім дейді. Менде қазірдің өзінде үш бала «недобор» болып тұр. Қыздар құласа құлар. Шатағым жоқ. Осы баланы сол билетпен бірге отырып сұрайық. Жауап беретініне сенемін. Жауап бере алмаса өзінен көрсін. Қайта сұрайық. Темкеңнің бар ынты-шынтысымен өтініп тұрғанын сезген төраға: – Жарайды, Темаға, қайта сұралсын. Дәл сол билетке қайта жауап беріп көрсін. Сіз бен бізге кіруге болмайды. Жауап бере алмаса ренжімессіз, – деді жымиып. – Ал, бар! Асықпай ойлан. Есіңе түсір. Мен сені ауыл шаруашылық жұмысына баратын топтың старостасы етіп жіберемін деп келе жатырмын. Ал, сен... Бар! – деп ішке кіргізіп жіберді. Қырық минөттей қиналып, емтиханнан өттім-ау, әйтеуір. Адамның көңіл күйі құбылып тұрады ғой. Қуанышымда шек жоқ. Жаңа ғана жыларман болып келе жатқан көңілім шарықтап аспанда жүр. Ғимараттан шықсам, аппақ «Волга» әлі тұр екен. Жақындап келдім. Темкең шықты. – Қалай болды? – деді үміт пен күдік аралас жанарын маған қадап. – Болды, ағай. Сізге көп-көп рахмет! Өттім, – дедім қуана сөйлеп. – Баяғыдан бері солай етпейсің бе? Сені күтіп отырмын. Ал, қуанышың құтты болсын! Ауылыңа бар. Сүйінші сұра! Бір аптадан кешікпей кел. Ауыл шаруашылық жұмысына барасыңдар. Айтқаным айтқан, сені староста етіп жіберемін, – деп көлігіне отырды. Ол кісі менің екі туып бір қалған туысым емес еді. Жақын танысым да емес еді. Қырық минөт бойы үлкен басын кішірейтіп, күтіп отыратындай мен кімнің шікірәсі едім. Жаны ізгі адам ғой. Нахақтан күйіп бара жатқанымды көріп, жанталаса ара түсті. Ондай қасиет қазіргі адамдардың бойынан табыла қояр ма екен деп ойлаймын. Ел ауызында аңыз боп жүрген Темкең сол әрекетімен-ақ менің балаң көңіліме ізгіліктің дәнін еккен еді. Темкеңнің биік адамгерші­лік қасиеттері туралы барлық шәкірттері үлкен тебіреніспен еске алады. Бүгінде қазақ әдебиеттану ғылымының ірі тұлғаларының біріне айналған филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек «Көз көрген» телехабарының Темкеңе арналған кезекті санында ұлағатты ұстазының естен кетпес шарапаты туралы былай деп толғанды: – Орыс әдебиетінде «Бәріміз Гогольдің шинелінен шыққанбыз» деген сөз бар. Бәріміздің де ұстаздарымыз болды. Ал Темкеңнің ұстазы қазақ әдебиетінің тарихын сан ғасырға тереңдеткен ғұлама ғалым Бейсенбай Кенжебаев еді. Темкеңнің ұстаздарына деген адалдығы кез-келген адамға үлгі боларлықтай, оны қайталаудың өзі қиын шығар. Бірде Темкең маған кештетіп телефон соқты. «Тездетіп Бейсекеңнің үйіне жет!» деді. Ұстазым айтқан соң жанымды шүберекке түйіп, жетіп бардым. Бейсекең соңғы кездерде сал ауруына шалдығып, төсек тартып жатқан. Ол кісіге бірдеңе болып қалды ма деп зәрем ұшты. Келсем, Темкең есіктің алдында тұр екен, мені көріп, сәлем-сауқат сұраспай жатып: – Әй, сен итте жүрек жоқ екен ғой! – деп ұрыса жөнелді. – Ойбай, аға, не болып қал­ды? – деп сасқалақтап қалдым. – Әй, саған Бейсекең балам бол десе неге оған бала болмайсың, ә? – деді ол түйеден түскендей. – Темке-ау! Енді біз... – деп не дерімді білмей, кібіртіктеп тұрмын. Темкең сөзін жалғады: – Біз де – Бейсекеңнің баласымыз. Декан болып, профессор болып шалқақтап жүрсек, бәрі Бейсекеңнің арқасы. Біз бағар едік, жан деп бағар едік, бірақ біздің өзіміз де шал болдық. Сендер неге қараспайсыңдар? – деді көзіме тіке қарап. Ұстазына шын жаны ашып айтып тұр. – Келіншегіммен ақылдасып көрейін, – дей бергенім сол еді, Темкең сөзімнің аяғын күтпей: – Әй, ол келіншек кімнің келіншегі? – деді тесіле. Көздері өңменімнен өтіп барады. – Біздікі деп жүрміз ғой, – деймін ұстазыма еркелей қалжыңдап. – Сенікі болса, келінге сөзіңді өткізе алмай, сені қара басты ма? О, көксоққан! Қане, көп сөзді қой да, ертеңнен бастап Бейсекеңнің қолына көш! Темкең осылайша Бейсекеңе бізді байлап берген еді. Құлбек ағамның осы әңгіме­сінен кейін ұлы ұстазымыз Темкеңе деген ілтипатым одан сайын тереңдей түсті. Ауыр халде жатқан Бейсекеңдей ұстазының жайын ойлап бір шыр-пыр болса, өзі келешегінен мол үміт күтетін Құлбектей шәкіртінің үйсіз жүргені де қабырғасына батады-ау. Әкеге бала, балаға әке тауып берген Темкеңнің бұл ізгілігі Бейсекең мен Құлбек ағамның шынайы, ғұмырлық сыйластығына жалғасты. Ізгілік дәнін сепкен ұстаздың ұмытылмас ұлағаты, естен кетпес шарапаты осы емес пе? qazaquni.kz