Сот саласы қашан сауығады?

444
4
Бөлісу:

Қылмыстың түрі көп. Қалтадағы тиын-тебеніңді білдіртпей, жымқырып кететін ұрлықтан бастап, миллиардтап халық қаржысын жалмаған жемқорлық пен адам өлтіруге дейінгі аралықты тізімдеп шығудың өзі мүмкін емес. Әрине, сол қылмыс атаулының салмағына қарай белгіленетін жазалар да жеткілікті, оның бәрі біздің заңдарымызда қарастырылған. Қылмыстық кодекстегі ережелерді ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ, сол заңымыздағы баптардың бірі екіншісіне қайшы келіп жататыны өз алдына, оның нақты орындалуы да үлкен мәселеге айналып отыр. Өйткені, заң ережелерін соттың сойылын ұстап отырғандардың өздері керегінше бұрып, өрескел бұзатыны жиі кездеседі. Сот саласының бұл «созылмалы сырқатына» ем табылмай-ақ қойды…

Ашығын айтуымыз керек, бүгінгі күні тұрғындарымыздың сот жүйесіне деген сенімі жоғалған. Жергілікті полицияның жұмысы, жалпы құқық қорғау саласының қызметі де көпшіліктің көңілін көншітпейді. Бұл жайында қоғамдағы әлеуметтік құндылықтарды зерттеп жүрген сарапшылар талай рет мәлімдеген болатын, мерзімді баспасөз беттерінде де тұрақты жазылып келеді. Сондай бір кезекті зерттеуді жүргізген Тұңғыш президент қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институты мен Фридрих Эберт атындағы қор да он сегіз жастан асқан мыңдаған адамдар арасында сауалнама өткізген екен. Нәтижесінде бұл жолы да тұрғындар сот және жалпы құқық қорғау саласымен бірге еліміздегі банк жүйесінің жұмысына да сенімсіздікпен қарайтынын ашық айтып, реніштерін білдірген.
Сауалнама ғана емес, оны осы саланы басқарып отырған лаузымдылар да мойындаған. Мысалы, алдында ҚР Бас прокуроры қызметін атқарып сол жүйеге біраз тәртіп орнатқан, қазіргі Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың «Судьялар әділ шешім шығармақ түгілі, сауатты сөйлей алмайды!» дегенінде шындық жатыр. Жақып Асанов судьялардың аймақтарда адамдарды қан қақсататыны үшін Жоғарғы соттың да кінәлі екенін айтқан-ды. Өйткені, өрескел заң бұзып, бұрыс шешім, үстіртін үкім шығарған судья бізде жазаланбайды, оларға от та жоқ, сот та жоқ. Сондықтан, апелляциялық соттан үміт үзген жұрт басқа амалы жоқтығынан Жоғарғы сотқа жүгінеді. Апелляциялық соттың бетімен кеткені соншалық, қазылар шағымды көңіл-күйіне қарай қабылдай салады, адам тағдыры оларға ойыншық секілді, арызды терең зерттемейді, ол үшін басын қатырмайды. Жоғарғы сот бір жылда 450 негізсіз үкімнің күшін жойыпты. Ал елімізде шешім шығарғанда өрескел қате жіберген, заң бұзған судьялар жазаланбақ түгілі ол туралы нақты деректер көбінесе құпия қалады. Асановтың айтуынша, кассациялық сот аймақтардағы судьялардың шалыс басқанын саналы түрде жасырып қалады. «Біздің кейбір судьялар қара қылды қақ жарып, әділ шешім шығармақ түгілі, сауатты сөйлей алмайды да. Тілі түсініксіз, сөздері күрделі. Оқып тұрған мәтінді ұғу қиын. Ал адамды шатыстыратын мұндай мәтіндер мен шешімдерден жемқорлықтың исі аңқиды», –деген-ді Асанов. Жоғарғы сот төрағасы жаңа лауазымға келе салысымен бұл саланы сауықтыруға шұғыл кіріскені белгілі. Судья деген атқа кір келтіргендерді аямайтынын айтып айбаттанғанмен әзірге нақты нәтиже көре алмай отырмыз. Сот жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілсе де, «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып отыр.
Жақында Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров қамауға алынғаны белгілі. Бір қызығы, аталмыш әкімдіктің өкілдері журналистердің әу бастағы сұрағына «Әкімнің орынбасары Бағдат Мәнізоров іс-сапарда жүр» деп беттері бүлк етпестен мәлімдеме жасағандары БАҚ-та жарияланды. Cыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов те алғашқыда ештеңе білмейтінін айтып жалтарғанмен, шенеуніктің ұсталып қамауға алынғанын бірнеше күннен соң растады. Сонда ол қарамағындағылардың күдіктіні не үшін ұстағандарын да білмегені ме, бассалып сүйрей жөнелгендері ме? Білсе оны неге халқынан жасырады. «Тергеу құпиясы» деген күннің өзінде істің ішек-қарнын ақтармай-ақ, не үшін ұстағанының ұшын ғана шығарып жария етуге болады ғой. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі ақырында оның іс әрекеттері Қылмыстық кодекстің 190-баптың 4-бөлімінің, 2-тармағымен айыпталып отырғанын хабарлады. Айтуларынша, Бағдат Мәнізоров бұған дейін Алматы мемлекеттік Сәулет-құрылыс бақылау басқармасын екі жыл басқарып, күдікке осы қызметіндегі заңсыздықтары үшін ілінген секілді. Ашықтық болмаған соң, құқық қорғау орындарының «құпиясының» кесірінен сол күндері көпшілік арасында неше түрлі ертегіге бергісіз әңгімелер тарай бастады.Біреулер Мәнізоровты жақтаса, енді біреулер «Миллиардтаған доллары, тонналаған алтыны бар екен!» деген қауесет таратып, оны түйені түгімен, арбаны жүгімен жұтатын жемқорға айналдырып жіберді. Нақты ақпарат берілмеген жерде түрлі адасулар болатынын осыдан-ақ байқауға болады. Ал, істің ақ-қарасы әлі анықталған жоқ, ол «Сот бұл жолы қандай шешім шығарады екен?» деп отырған көпшіліктің жіті назарында. Анығы – оның үйқамаққа ауыстырлғаны, одан кейін ешқандай мәлімет берілген жоқ. Соған қарағанда, бұл істің шынында да құпиясы көп сияқты, жабулы қазан күйінде қалуы әбден мүмкін. Осы оқиға жанамалай да болса қатысы бар тағы бір дерек, соңғы сайлауда президенттікке үміткер Дания Еспаева Алматыдағы Райымбек даңғылы бойында орналасқан «Жібек жолы» базарындағы кәсіпкерлермен кездесу өткізген болатын. Саудагер, күзетші, жүк тасушы, аула сыпырушы сияқты жұмыста жүрген мыңдаған адамның күнкөрісін қамтамасыз етіп отырған базар жабылудың аз-ақ алдында тұр екен. Ұжым базар орнын босатуды талап еткен Бағдат Мәнізоровпен соттасып бірнеше рет жеңілгендерін айтып зар жылағанына осы кездесуге қатысқан БАҚ өкілдері де куә болды.Қалаға не салып, не сүру керектігін шешетін сол кездегі бас сәулетші Мәнізоровтың айтуынша, бұл жерде заң бойынша базар салуға болмайды екен. Сонда оған бұрындар қалай рұқсат берген? Әлде саудагерлер осы жерді басып алып базар салып алды ма? Жоқ, оған қала билігі өлсе де жол бермесі анық. Ал өздеріне кезкелген жерден бизнес ашуға болады. Біздегі құрылысқа қатысты заң біреу ғана емес пе еді, әлде оны қолында билігі бар адамға бұрмалай беруіне бола ма? Сонда мыңдаған адамдар қайда барып күн көреді? Бұл сұрақ та осы күнге дейін шешімін таппағанға ұқсайды, ұйғарым қабылдаған сот мыңдаған адамдардың мүддесін ескермепті.Бұны неге айтып отырмыз, мәселе тағы да сол сот саласының жауапсыздығына тіреліп тұрған жоқ па?..
Біздегі соттың солақай шешімдері туралы айта берсек, соңы адам сенгісіз қиял-ғажайып ертегіге ұласып кетеді. Сондықтан болар ел арасында сот жұмысы жайлы анекдоттар жетіп артылады. Сыртынан айтып, күлкіге айналдырғанмен, қарапайым халық жеме-жемге келгенде соттың табалдырығын атттауға қорқатын жағдайға жетті. Өйткені, бұл құзырлы орындарда заң емес судья сөйлейді, оның не айтарын бір Құдай біледі. Заңды қалай бұрмалаймын десе де өз еріктері. Бір ғана мысал, онсыз да атышулы «Қорғас» кеденіне қарасты Халықаралық шекаралас ынтымақтастығы орталығының (ХШЫО) бұрынғы президенті Василий Ни мен оның әріптесі Махаббат Сайдуллаева қонақ үй кешенін салуға рұқсат бергені үшін кәсіпкерден бір миллион доллар пара алып ұсталып, кейін сүттен ақ, судан таза болып қылмыстық жауапкершіліктен қалай босатылғаны естеріңізде болар. Судьялар Василий Нидің бұрын сотталмағаны мен Махаббат Сейдуллаеваның кішкентай нәрестесі барлығын басты назарға алып босатуға шешім қабылдапты. Сонда 200 доллар пара алғандар дәп осы тектес қылмысы үшін бірнеше жылға сотталғандарын қалай түсінуге болады? Әлде судьялардың санауы бойынша 200 доллар бақандай бір миллионнан анағұрлым көп болғаны ма? Бұл анекдот емес, шындық. Осыған байланысты тағы бір мысал келтірейік. Триллиондап мемлекет қаржысын үнемдеген Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су шаруашылығы комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішевке қатысты істі айтуға болады. Еліміздің атақты зиялылары бастаған мыңдаған адамдар Президенттің атына хат жазып оны босатуды сұрағанмен, тым болмаса денсаулығына байланыс­ты үйқамаққа шығармай жарты жылдан аса түрмеде ұстап, енді бұл істі сүйрелеп сотқа жеткізді. Сондағы тағып отырған басты кінәсі – біреулер арқылы пара алмақшы болыпты-мыс. Жат ойда болды деп сотқа сүйрейтін ол саяси бүлік жасап жатқан жоқ қой. Егер әркімді басындағы жоспарына қарай, «кәлласына» қаңғып кіріп кеткен ойына орай соттай берсек бізде бостандықта ешкім қалмас еді. Көше сыпырушыдан бастан президентімізге дейін «түрменің тұрғындары» атанар едік. Енді бұл жерде де Әбішевтің тағдырын судьялар шешетін болады. Онсыз да беделден жұрдай болған судьялар өз абыройларын өздері айрандай төгіп, қоғамның қарсылығына қарамастан, тағы да солақай шешім шығара ма деген қауіп те жоқ емес.
Қоғамдағы пікірлер мен сарапшы мамандардың айтуынша, біздегі ауыр қылмысқа қолданылатын жаза атаулы тым жеңіл. Оған қоса оның орындалуы да көп сұрақтар тудырады. Жазасын толық өтеп болмай бостандыққа шығарып жіберу жиі орын алады. Содан барып қылмыскерлер қайта қылмыс жасап жатады. Демек жаза жеңілдетілген сайын біздегі қылмыс саны көбейе түседі. Мысалы, көкшетаулық судья Жанна Бердіғұлованы буындырып өлтірген Медет Әбдірахманов бұған дейін 4 рет сотталып, соңғысында бостандыққа мерзімінен бұрын шығыпты. Және төрт ретінде де тонау, зорлық жасау, қыз зорлауға әрекет ету және қасақана кісі өлтіру сынды аса ауыр қылмыстар бойынша жазасын өтеген. Үлгілі тәртібі үшін түрмеден үнемі ерте шығып отырыпты. Бірақ босай салысымен ескі әдетіне қайта басатын болған.
Қарағанды облысында түрмеден қайта оралып, үш жастағы баласын мерт еткен Игенбай Сопыжанов осыдан бес жыл бұрын жапа шеккен отбасының бір мүшесін балтамен шауып өлтірген екен. Тоғыз жылға сотталғанымен, мерзімінен бұрын түрмеден босап шығыпты. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті түрмедегі тәртібі дұрыс болмаған Сопыжановты мерзімінен бұрын қалай босатқаны түсініксіз. Оған сот қалай келісім беріп жүр? Осыған ұқсас мыңдаған мысалдар келтіруге болады. Әлем алдында жақсы көріну үшін түрмеде отырғандар саны көрсеткішін азайтамыз деп келесі қылмысқа жолды өзіміз ашып беріп отырған жоқпыз ба? Бұл мықтап ойланатын мәселе.
Енді әңгімемізді түйіндей келе «Біздің соттардың беделі неге соншалықты құлдырап кетті? Халықтың сотқа деген сенімін қалай көтеруге болады?» деген негізгі сұраққа жауап іздеп көрелік. Арнаулы білімі бар, заңды бес саусағындай білетін судьялардың өздері неге солақай шешім шығарады? Біріншіден, бұл салада пара алу әдетке айналған. Әйтпесе, біреулердің жазасын бостан-босқа жеңілдетпейді ғой, қылмыскерді мерзімінен бұрын негізсіз бостандыққа да шығармас еді. Екіншіден, жоғары жаққа жалтақтау басым. Яғни, біздің соттар түгелдей билікке тәуелді. Бұл туралы Ұлттық кеңестің соңғы отырысында қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан жақсы айтты. Біздегі соттар аудан, қала, рес­публика көлеміндегі басшылар не айтса соны орындайды. Айталық, мемлекеттік органдармен соттасқан азаматтық істерде көпшілік жағдайды қатардағы арызданушы үнемі ұтылып жатады. Неге? Өйткені, өздерінікі дұрыс болмаса да сондай тапсырма беріліп қойылған. Оған қоса жоғарыдан тапсырыс беріп, өздеріне ұнамаған лауазымды қызметкерді істі етіп соттау да жоқ емес. Оны орындамаса судья орнынан айрылып қалуы ғажап емес. Осыны көрген халық, «Әйтеуір де билік басындағылардың сілтеуімен шешім шығып жатса бізге соттың керегі қанша? Осы саладағы жоғары оқу орындары мен сот мекемелерін түгел жауып тастамаймыз ба? Оларға жұмсалған қаржыны үнемдеп басқа әлеуметтік салаға жұмсамаймыз ба?» деген ойларын да айтып жатыр.
Қандай іс болмасын заң бойынша соңғы нүктені сот қоюға міндетті. Заңды нақты жүзеге асыратын солар. Сондықтан, алдымен судьяларға деген талапты күшейтіп, қатарларын мықтап тазалап, олардың өздеріне дұрыс тәрбиелеу жұмыстарын жүргізумен қатар саладағы саясатты түбірімен өзгерту керек. Біздің соттарға алдымен тәуелсіздік жетіспей жатыр. Ол үшін сот төрағаларын халықтың өзі сайлауы қажет. Сонда ғана олар жеке лауазымдыларға жалтақтамай, әділ шешім шығарып, бұқараның сеніміне ие болады.

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 4 пікір жазылған

  1. Сыншы 19 Қазан, 2019 12:35 Жауап

    Осыларды тәубесіне келтіретін заң керек. Онсыз сот саласында тәртіп болмайды.

  2. Қария 20 Қазан, 2019 15:05 Жауап

    Оларға деген талапты қатайтып еді, қазір судьялар қашып жатыр. Елімізде судьялар жетіспейді. Бізде ақша жемейтін жерде ешкім істегісі келмейді. Заңды іске асыратын судьялардың өзі. Біздің жеткен жеріміз осы. Жемқорлар еліне ацйналып кеттік. Соның бәрі биліктің өзінен басталады.

  3. Иманбай 20 Қазан, 2019 15:07 Жауап

    Қариямен келісемін сот саласы билікті ауыстырмай ешқашан сауықпайды.

Пікір немесе жауап жазу

20 − он үш =