Тегін дәріге деген тапшылықты жоя аламыз ба?

Елімізде қант диабеті мен гипертония ауруына шалдыққан науқастар тегін дәріден қағылып, оны өздері сатып алуға мәжбүр. Мемлекет есебінен тегін берілуі керек препараттардың қайда кеткенін қазір прокурорлар анықтап жатыр. Денсаулық сақтау саласындағы осы тектес кемшіліктер көптен бері айтылып келеді. Бірақ, жекелеген заң бұзушыларды құрықтап жазалағанмен, онымен күрес ешқандай нәтиже берген емес. Тұрғындар тарапынан дәрі-дәрмекке қатысты арыздар жылдан жылға көбейіп барады. Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің айтуынша, мемлекет есебінен тегін дәрі алатын науқастармен кері байланыс орнату үшін СМС қызметі іске қосылған екен. Сөйтіп, медициналық препараттырдың науқастарға жеткен-жетпегенін білу үшін, әрқайсына СМС жолдап, сұрау салыпты. Сөйтсе, қан қысымы жоғары және диабетке шалдыққан 8 мың адам дәріні алмай келген. Науқастарға жетпей қалған дәрілер арзан емес, олар кемінде 5 мыңнан 20 мың теңгеге дейін бағаланады. Оны алаяқтар арзан бағамен дәріханаларға сатып жіберген болуы мүмкін. Енді мұндай сұмдық жайтқа жол бермеу үшін Денсаулық сақтау министрлігі электронды денсаулық паспортында жаңа функцияны іске қосты. Тегін дәріні алмаған науқастар сайтта онлайн немесе колл орталыққа хабарласып, шағымдана алады. Бәлкім осы әдіс арқылы тегін дәрілердің талан-таражға түсуін тоқтататын болармыз. qazaquni.kz