"Мені өзіне қол салды десе, сенбеңіздер": Ислам Әбішев өз өмірі үшін қауіптеніп отыр

Бірнеше өңірде әкім болып, Су ресурстары комитетін басқарып, зейнетке шығуына екі ай қалғанда істі болған экс-шенеунік өзі туралы жалған ақпар тарауы мүмкін екенін айтады.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Ресми түрде мәлімдеймін! Егер мені өзіне қол салды деп жатса, сенбеңіздер! Бәлкім, бір жерде құлап қалды десе, шын мәнінде қасақана өлтірді деген сөз!", - дейді Ислам Әбішев.

Ислам Әбішевтің сөзінше, бұған дейін комитетке қарасты екі филиал басшысы өзіне қол салған. Олардың бірі екі жыл бұрын тергеушіні жаралап, өзіне қол салған Өмірбек Жампозов дейді. Тағы бірі Алматы облысында мерт болған. Ресми дерек бойынша, олар пара алып, қолға түскендер. Алайда Ислам Әбішев екі өлімнің басқа себебі барын айтуда.

"Өзі болашақта мәлімдеме жасай жатар. Екеуінен де Ислам Әбішевке қарсы жауап беруін талап еткен екен сол кезде. Сол себепті ол кісі өз өміріне қауіптенеді. Өйткені осы ойынды, осы тапсырысты ұйымдастырып отырған адамдардың мүмкіндіктері өте жоғары", - дедйі Әбішевтің адвокаты Абзал Құспанов.