Азат Перуашев: Бейнелеу өнерінің алтын ордасы

579
0
Бөлісу:

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер, мәдениет және спорт институтына 50 жыл толды

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық

университетінің ректоры,

педагогика ғылымдарының докторы, академик

Такир БАЛЫҚБАЕВ мырзаға

Құрметті Такир Оспанұлы!

Қазақстанның«Ақ жол» Демократиялық партиясы Сізді және өзіңіздің ұжымыңызды еліміздің тұңғыш білім ордасы, қасиетті қара шаңырақ – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер, мәдениет және спорт институтына 50 жыл толу мерейтойымен шын жүректен құттықтайды.

Осынау оқу орнының ұлтымыздың ұлы ойшылы дана Абай атымен аталуының өзі үлкен жауапкершілік жүктейтіні анық!

Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі мәдени саясатының тұжырымдамасында Бейнелеу өнері, дизайн және сәулет саласына лайықты орын берілген. Өйткені, бұл жүйе еліміздің рухани даму жолында айрықша орын алады.

Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер, мәдениет және спорт институтының құрылғанына елу жыл толды. Осынау жарты ғасыр аралығында Қазақстандағы бейнелеу өнерінің алтын ұясына айналаған Өнер ордасынан елімізге белгілі талай тарландар өсіп шығып, қанаттанған жүздеген дарынды түлек қастерлі елдік мүдде бағытында лайықты тер төгіп келеді.

Бұл күндері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Өнер, мәдениет және спорт институтының даму тарихына, елу жылда жүріп өткен жолына көз салсақ, Көркемсурет факультетінің құрылуы суретші-педагог мамандардың кәсіби жетілуімен қатар суретшілік кәсіптің қоғамдағы ролінің артуына ұдайы лайықты ықпал еткенін көреміз. Сондай-ақ факультеттің өзі де жылма-жыл көркемсурет бағытындағы білім мен эстетикалық тәрбие беру міндеттерін үнемі өрістетіп отырғаны байқалады.

Есімдері мен шығармашылықтары қазақ кәсіби бейнелеу өнерінің шежіресіне мықтап енген және мәдени жетістіктерге жеткен институттың атақты түлектері – Ерболат Төлепбай, Кәрімбай Қыстаубаев, Байтұрсын Өмірбеков, Николай Журавлев, Елена Зальцман, Анарбек Нақысбеков, Мұратбек Нұрлыбаев, Болат Байжігітов, Әбдуәлі Төлебиев, Темірхан Ордабеков, Тоққожа Қожағұл, Қазыбек Иса және тағы басқаларын еліміздің мақтаныштары деп білеміз.

Құрметті Такир Оспанұлы!

Мерейтойларыңыз құтты болсын! Біз, «Ақ жол» партиясы мен парламенттегі ақжолдық фракция депутаттарының атынан осынау шаңырақта еңбек етіп жүрген көрнекті қылқалам шеберлеріне, оқытушыларға және студенттер мен осы оқу ордасының түлектеріне зор шығармашылық және отбасылық бақыт тілейміз!Әрдайым шырқау биіктерден көріне беріңіздер деп, Ақ жол тілейміз!

Құрметпен,

Азат Перуашев,

«Ақ жол» партиясының төрағасы,

ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

төрт × 5 =