Азат Перуашев: Ислам Әбішевтің ісінде біз тек әділ сотты талап етеміз

Бүкіл сот жүйесі, әділ сот - еліміздегі ең көкейтесті мәселе

"Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Су комитетінің экс-төрағасы Ислам Әбішевтің ісінде "әділ сотты талап ететінін" мәлімдеді. Бұл туралы ол abai.kz порталына берген сұхбатында айтты.

– Мен бұл кісімен жақын араласпасам да, оның кәсіби біліктілігінен хабардармын. Оның мемлекетшілдігі жайлы көп естігенмін. Мысалы, су бағдарламасын іске асыру барысында бұл кісі оны орындап қана қоймай, халықтың бір триллионға жуық қаржысын үнемдегенінен де хабарымыз бар. Сондықтан мен ол кісіге тек амандық пен жақсылық тілеймін. Ал қазіргі дау бойынша біз тек әділ сотты талап етеміз. Тіпті мәселе тек Ислам Әбішевте емес, бүкіл сот жүйесінде. Себебі әділ сот мәселесі – еліміздегі ең көкейтесті мәселелердің бірі.

Сосын ол кісі партиямыздың мүшесі емес, саяси проблемалар көтерген жоқ. Сондықтан осы сот процесіне партияны араластырып, саясиландырудың қажеті жоқ деп есептеймін. Ал кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екендігіне баға беру, бір топты қолдау немесе қарсы шығу біздің партияның құзырындағы шаруа емес. Әйтеуір адалдық, сабырлық, адамгершілік болсын.

Әбішевті қолдаушылардың арасында партиямыздың басшыларының бірі Қазыбек Иса жүргенін білемін. Бұл жерде Қазыбек ағамыз партияның атынан емес, жеке өзінің азаматтық көзқарасы бойынша араша түсуде. Және оған оның толық құқығы бар. Өз пікірін білдіру үшін сөз бостандығы деген конституциялық ұғым бар. Оны қолдану үшін, меніңше, кез келген азаматқа ешқандай қосымша рұқсат керек жоқ. Бұл құқықты не партия, не басқа ұйым шектей алмайды. Ал, Қазекең, мықты журналист ретінде сөз бостандығының не екенін жақсы біледі және өзінің сөзіне жауап беруге қабілеті бар азамат, - деді депутат өз сөзінде.

Түпнұсқадағы тақырып: Азат Перуашев «ауылды лақтыру» және «Әбішевтің соты» жайында