"Қорлыққа шыдамадық": Шекараны заңсыз кесіп өткен қандастырға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өттік деп, босқын мәртебесін сұраған қытайлық азаматтар Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Белгілі болғандай, екі азаматтың бірі бұдан бұрын да шекарадан заңсыз өтпекші болыпты. 13 жыл бұрын мал ұрлығы үшін, қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында Қастер Мұсахан Қазақстан-Қытай шекарасын бұзып, тексеру жұмыстарынан кейін Қытайға қайтарылған көрінеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі осылай деп мәлімдеді.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

«Қытайдағы қорлыққа шыдамай, шекараны заңсыз бұзып өттік» деген екі қазақ жігіті босқын мәртебесін сұрап отыр. Алайда қандастарымыз Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлын өтініштерін көші-қон полициясына жеткізіп үлгерместен, өздерін шекара қызметі өкілдері деп таныстырған орган адамдары алып кетіпті.

Қастер Мұсахан Қытай елінде 4 жыл 8 ай қамауда болғанын айтады. Туған бауырым да Қытайдың саяси-үйрету мекемесінде қамауда жатыр деген ол суық сымдарға төзі мүмкін болмай кетті дейді. Сөйтіп, өзімен бірге мал сатып кәсіп қылып жүрген серіктесімен тау асып қашып келген көрінеді.

Шекараны заңсыз кесіп өткен қос қандасымыз таяуда тағы бір рет қамауға алынып, 16 млн 800 мың теңге айыппұл төлеп түрмеден шыққанын айтады.

«Жаза бассақ, жазамызды Қытайда емес, Қазақстан түрмесінде өтеуге әзірміз», – деген олар өздерін Қытайға бермеуді сұрады.

Шекара қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта қос азаматтың үстінен Қылмыстық кодекстің «Мемлекет шекарасын заңсыз кесіп өту» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Екі азаматтың қорғаушылары бұған дейін өткен баспасөз мәслихатынан кейін Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлын өздерін шекара қызметкері деп таныстырған адамдардың алып кеткенін айтқан.

Ал шекара қызметінің баспасөз қызметіндегілер қос азаматтың қамауға алынбағанын, Шығыс ғимаратында өз еріктерімен қалып, тамақ, жататын орын берілгенін мәлімдеді.

Шекараны заңсыз кесіп өтпек болған екі қандасымыз құқық қорғаушылармен бірге Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласына жолға шықты. Онда тергеушілерге шекараны қалай кесіп өткені туралы жауап береді.