Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ: Қазақ қоғамын дамытуды діттейміз

Қазақ журналистикасының дамуына, бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің сапасы мен журналистердің кәсіби біліктілігінің артуына лайықты үлес қосып келе жатқан қордың бірі – «Түркітілдес журналистер қоры» десек артық айтқандығымыз емес. Осы тұста қашан да, ілкімді істердің ұйытқысы болып жүретін қордың тыныс-тіршілігімен оқырмандарды толығырақ таныстыру мақсатында «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті, Қазақстандағы Әйел журналистер клубының жетекшісі, Медиа-тренерлер мектебінің директоры Нәзия Жоямергенқызымен сұхбаттасқан едік. – Нәзия Жоямергенқызы, әңгі­мемізді «Түркітілдес журналистер қорының» құрылудағы мақсаты мен міндетінен бастасақ... – «Түркітілдес журналис­тер қоры» 2014 жылдың 11 қарашасында құрылды. Қордың жанынан ашылған Жас журналис­тер мектебі, Әйел журналистер клубы, Медиа-тренерлер мектебі бар. Басты мақсат – түркі елдеріндегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен ынтымақтастық орнату, кәсіби бірлікті күшейту, ортақ жобалар арқылы тәжірибе алмасу. – Қор құрылғалы бері бес жылдың ішінде отандық және халықара­лық бірнеше жобаны жүзеге асыр­ды. Осылардың бірқатарына тоқталып өтсеңіз... – 2017 жылы Түркияның Бұрса қаласындағы ASGD (Anadolu Spor Gazeteciler Dernegi) қорымен бірігіп, «Стамбұл-Бұрса-Аланья» жобасын ұйымдастырдық. Осы жоба аясында «Спортта зорлық-зомбылыққа қарсылық» тақырыбында І Туризм және спорт саммитін өткіздік. Шараға Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Татарстан, Германия, Франция, Дания елдерінен келген журналистермен бірге Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау қалаларынан мамандар қатысты. Шара барысында Аланья Журналистер одағымен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, 2017 жылғы Стамбұл-Ескішаһар жобасында Стамбұлдағы CNN Turk, Kanal D т.б. телеарналар мен Түркияның ең ірі басылымдарының бірі – «Hurriyet» газетінде тәжірибе алмастық. Ескішаһарда газеттердің редакцияларында болып, «Kanal 25» телеарнасындағы арнайы ұйымдастырылған тікелей эфирде Қазақстан мен Түркиядағы БАҚ, ортақ жобалар мен мүмкіндіктер туралы пікір алмастық. 2017 жылы қыркүйекте Стамбұл қаласында І Түркітілдес журналистердің медиа-форумын өткіздік. Аталған шараға Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан т.б. түркі елдерінен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, түркі журналистеріне тән қиындықтары мен мүмкіндіктер, ортақ жобалар туралы кеңесті. Екінші медиа-форум 2020 жылы Қазақстанда ұйымдастырылмақ. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 2018 жылдың мамыр айында Түркиядағы президенттік және парламенттік сайлау барысын бақылауға қазақ журналистері де қатысты. Стамбұл-Йалова жобасы арқылы «Саяси PR және сайлаулар» тақырыбына семинар-тренинг өтікізіліп, саясат саласында қалам тербейтін журналистер өздерінің кәсіби біліктілігін арттыруға зор мүмкіндік алды. Дәл осы тақырыптағы тәжі­­рибелік сабақ Алматыда да ұйым­дас­тырылды. 2020 жылдан бастап, Түркітілдес журналистер қоры Еуропа елдеріне жобаларын бастайды. Мақсатымыз – әлемдік деңгейдегі ақпарат құралдарымен байланыс орнатып, тәжірибе алмасу. – Өзіңіз басқарып отырған Әйел журналистер клубының бүгінгі тыныс-тіршілігімен де таныса отырсақ... – Қазір бүкіл әлем бойынша журналистика саласында қыз-келіншектердің үлес салмағы басым. Барлық басқа салалардағы сияқты, әйел журналистер де әділетсіздіктерге жиі тап болады. Мәселен, мансап баспалдағымен өсу барысында да қыз-келіншектерге қарағанда, ерлерге зор мүмкіндік беріледі. Нәзікжандылардың кәсіби шеберлігін шыңдауға да уақыты мен мүмкіндігі шектеулі. Өйткені, олар түзде – журналист, ал үйде – жар, ана, келін, әйел. Отбасы алдындағы міндетін мүлтіксіз атқаруға мүдделі. Осы мақсатта, Түркітілдес журналистер қорының жанынан Әйел журналистер клубын құрып, қыз-келіншектерге тегін семинар-тренингтер, тәжірибелік сабақтар, шетелдік сапарлар ұйымдастырумен айналысып келеміз. – Журналистер арасындағы түрлі тақырыптағы семинар-тренингтерді жиі өткізуге не түрткі болуда? – Өкінішке орай, кейбір әріптестеріміз кәсіби біліктілігінің төмендігінің салдарынан өз өміріне қауіп төндіретін жағдайлармен бетпе-бет келіп жатады. Соңғы жылдары әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жалған ақпараттар тарату, жаңалықтарды тексерместен, жариялау, фактчекиң, тролльдар мен фейктердің жазғандарымен бөлісу, ұлт және дін араздығын қоздыру, ар-намысқа тию, қорлау, жеккөрушілік пен агрессия және т.б келеңсіз құбылыстар көбейіп кетті. Бұл тұрғыда, қарапайым азаматтармен қатар БАҚ өкілдері де ҚР Қылмыстық және Азаматтық кодекстерінің баптарына сәйкес жазаға тартылып жатыр. Бұл тұрғыда, әріптестеріміздің кәсіби біліктілігін арттыра түсу мақсатында отандық заңгерлердің қаты­суымен семинар-тренингтерді жиі өткізуді қолға алдық. Мұндай игі шара­лар журналистердің өз саласында шыңдала түсуіне жол ашып жатқаны көңіл қуантады. – Жақында ғана өткен, «Әлеу­меттік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбына өткізілген семинар-тренингтің де берері мол болғаны анық. Осынау ауқымды шара турасында тарқата түссеңіз... – Кез келген қоғам үшін әлеуметтік мәселелер баса назар аударуды қажет ететіні түсінікті. Осы мақсатта, таяуда ғана Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында «Шеврон» компаниясының қаржылай қолдауымен, «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбына өткізілген семинар-тренингке Алматы, Нұр-Сұлтан, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Талдықорған, Семей, Павлодар, Өскемен, Ақтау, Қостанай, Орал, Көкшетау және т.б көптеген қалалардан 70-тен астам журналист білімін арттырды. Шараға Түркітілдес журналистер қоры Ұлыбританияның Лондон қаласынан арнайы шақырған медиа-тренер Ватан Өз қазақ журналистермен ВСС, CNN, Reuters сияқты халықаралық ақпарат құралдарындағы тәжірибелерімен бөлісті. – Қазақстандық журналис­тиканың басты мәселелерінің бірі – салалық журналистиканың дамымауы. Осы мәселенің түйінін тарқата түсу үшін Түркітілдес журналистер қоры қандай жұмыстар атқаруда? – Иә, еліміздегі салалық журналистиканың дамымауы өз кезегінде көптеген мәселелердің туындауына түрткі болуда. БАҚ өкілдерінің басым бөлі­гінің әлі күнге дейін «әмбебаптық» ұстанымнан арыла алмай, келе жатқаны – кәсіби тұрғыдан әлсіздігін көрсетеді. Әріптестеріміздің көпшілігі таңертең саясаткерден сұхбат алып, түсте сәулетшімен кездесіп, кешке шоу-бизнес өкілдерімен өнер саласын талқылайды. Ертесі күні басқа салалардың өкілдерімен өз жұмысын жалғастыруға мәжбүр. Бір саланы жіті зерттеп, терең меңгеру жоқ. Бұл дұрыс емес. Қазіргі нарықта өз орнын таппағандар бәсекелестік көшіне ілесе алмайды. Осы орайда, Түркітілдес журналистер қоры салалық журналистиканы дамытуға көңіл бөледі. Түрлі тақырыпқа ұйымдастырылатын шараларда белгілі бір саланың білікті мамандары медиа-тренер ретінде шақырылып, өзінің білім-білігімен бөлісуде. – Қазақтілді спикерлер, баяндамашылар, медиа-тренерлердің аздығы да бұл іске қолбайлау болатын шығар... – Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Түркітілдес журналистер қорының жанынан ашылған Медиа-тренерлер мектебі жұмыс істеуде. Мақсатымыз – кәсіби тұрғыда мықты мамандарды қордың ұйымдастыруымен өткізетін семинар, тәжірибелік сабақтарға медиа-тренер ретінде тарту. Нәтижесі жаман емес. Мәселен, Британияда PhD докторлық оқыған әріптесіміз Гүлбиғаш Омарова бірнеше рет саяси науқандар мен сайлаулар, саяси PR туралы журналистерге семинарлар өткізді. Британияда білімін жетілдірген тағы бір заңгер – Халида Әжіғұлова Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген семинарда жалған ақпараттармен күресудің жолдарын айта келіп, отандық және шетелдік заңнамалардан хабардар етті. Сонымен қатар, телевизия саласында біраз жылдан бері тер төгіп жүрген білікті маман Самал Мейрамқызы Алматы мен Нұр-Сұлтандағы басқосуда «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетілетін «Қарекет» пен «Айтуға оңай» бағдарламаларындағы әлеуметтік мәселелер, журналистің ықпалы, кәсіби қырлары мен адами құндылықтары жайлы әңгімеледі. Болашақта Медиа-тренерлер мектебіндегі ұстаздар саны кәсіби шеберлермен толыға түсетініне сенімдіміз. Ең бастысы – Қазақ қоғамын дамытуға мүдделі азаматтармен бірге жұмыс істеуді көздейміз. Салалық журналистиканы да­мытуға қосып жатқан үлесіміздің бірі – жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Еркін сөз» шығармашылық байқауы. «Халық банкі» АҚ қаржылай қолдауымен өтетін Байқаудың басты ерекшелігі – қаржы саласына қатысты мемлекеттік тілде жазатын БАҚ өкілдерінің қатысуында. «Үздік мақала», «Сайттағы үздік мақала», «Үздік сюжет» аталымдары бойынша сарапқа салынатын Байқаудың жүлде қоры – 4 000 000 теңге. Алдағы уақытта бұл байқау өз жалғасын таба бермек. – Журналистердің ағылшын тілін жетік мең­ге­руіне де сіз басқаратын қордың мұ­рындық болып келе жатқанын білеміз... – Бүгінде отандық БАҚ өкіл­дері халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтауға, әлемнің үздік жоғары оқу орындарына білім алуға ұмтылады. Жедел әрі нақты ақпарат алу, дерек көздерімен жұмыс істеу үшін ағылшын тілін жетік білу маңызды. Осы орайда, Түркітілдес журналистер қоры Алматыдағы кеңсесінде журналистерге Ағылшын тілін үйретуді қолға алды. Аптасына үш рет теория мен практикалық сабақ өтеді. Ағылшындардың әліпбиін үйрене бастаған әріптестер бірден сөйлеуді меңгеру үшін «Speaking Club» жұмыс істейді. Әріптестеріміздің ағылшын тілін үйренуге талпынуы өз кезегінде халықаралық деңгейде жұмыс істеуіне жол ашпақ. Мұның барлығы сайып келгенде, Түр­кітілдес журналистер қорының қазақ журналистикасының дамуына қосып жатқан үлесі. – Нәзия Жоямергенқызы, сондай-ақ, Жас журналистер мек­тебі арқылы жас мамандарды тәрбиелеп келесіз. Балалардың беталысы қалай? – Түркітілдес журналистер қорының жанынан Жас журналистер мектебі ашылған. Мектепте балалар журналистика жанрларымен қатар шешендік өнер, көсемдік қасиет, сөздік қорын байыту, жаңа медиа, оның ішінде әлеуметтік желілердегі белсенділік, сайтқа мақала салу, сурет, аудио және видео жүктеу, YouTube арнасымен жұмыс істеуді үйренеді. Жас журналистер мектебінің балалары еліміздегі және шет елдердегі тарихи жерлерге экскурсиялар жасап, редакцияларға пресс-турларға қатысып жүр. Жуырда Самарқанд пен Ташкент қалаларында болып, тарихи орындарды аралап, көкейге көп нәрсені түйіп қайтты. Балаларға ел мен жер дің тарихын таныта отырып, олардың білім көкжиегін кеңейтуге күш салудамыз. Жоба барысында балалар «My5» телеарнасында, «Gunca» («Гунча»), «Gulhan» («Гулхан») журналдарының редакцияларында, «Баспалар үйінде» қонақта болып, жұмыс барысымен танысты. Тәшкеннің төрінде тұрған Төле би атасының кесенесіне барып, Құран бағыштап қайтты. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Самарқанда, мәшһүр қолбасшы Әмір Темірдің кесенесіне де арнайы барды. Алдағы уақытта Түркия, Әзірбайжанмен бірге Еуропа елдеріне пресс-турлар жоспарланған. – Осы орайда оқушылар арасындағы байқаулар туралы да кеңірек білсек дейміз... – Өскелең ұрпақты өнегелі іске баулу мақсатында Түркітілдес журналистер қоры түрлі шаралар ұйымдастыруды қолға алған. Атап айтқанда, «Bilgen-Dara bol» байқауында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы басты мәселелерді тақырып ретінде таңдалған. Байқаудың алғашқы төрт кезеңі республикалық, бесіншісі – халықаралық деңгейде өтпек. Оған Қазақстанмен бірге Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан т.б. түрк елдерінен 2-11 класс оқушылары қатысады. Еліміздегі 2-11 класс оқушыларына арналған тағы бір республикалық байқау – «Жас журналистер байқауы – 2019». Биылғы Жастар жылына орай, Байқау «Жастар – елдің болашағы» тақырыбына өткізілмек. Келешекте аталмыш байқау түрлі маңызды тақырыптарға арналып отырмақ. – Әңгімеңізге рахмет! Қордың алдағы уақытта атқарар жұмыстарына сәттілік тілейміз! Сұхбаттасқан: Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ