Көгілдір отын көкжиегі кеңейіп келеді

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінің бесінші бастамасында: «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» ісіне жете тоқталады. Бесінші бастамада: «Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды –Теміртау – Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек. Оған тиісінше қаражат тарту қажет болады, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да. Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді», – деп атап өткен-ді. Бүгінде осынау бастама аясында еліміздің барлық аймағын газбен қамту ісі қызу жүргізілуде. Оқырмандарымызға тү­сінікті болу үшін алдымен елі­міздегі газ саласының тарихына қысқаша тоқтала кетейік. Қазақстанда 20 ғасырдың алғашқы жартысына дейін табиғи газ өндірілген жоқ десек те болады. Рас, мұнай өндірісі барысында аздаған газ алынып тұрды. Дербес сала ретінде Маңғыстау аймағында, кең көлемде өндірілуі Қарашығанақ кен орнын игеруімен басталды.Қазіргі кезде республикамызда 100-ге жуық газ қоры барланды оның жартысына жуығы Қарашығанақ үлесінде. Қашаған, Теңіз, Жаңажол да ірі кен орындары болып есептеледі. Республикада табиғи газ алғаш 1960 жылы «Өзен» кен орнында өндірілді. Ал, өнеркәсіптік мақсатқа пайдалану 1966 жылдан басталды.1973 жылы табиғи және ілеспе газ өңдеумен, газ конденсатын сұйылтатын және құрғақ газ, газ бензинін алумен айналысатын Жаңаөзендегі «Қазақгаз» өңдеу зауыты іске қосылды. Бүгінгі күні Қазақстанда «Қазақгаз», «Теңізгаз», «Жаңажолгаз» «Қарашығанақ» газ өңдеу зауыттары жұмыс істейді. Қазақстан жері газға бай. Каспий, Мойынқұм, Шу-Сарысу ойпаттарында, Қарашығанақ пен Теңізде газдың мол қоры бар. Барланған табиғи газ қоры 4,0 трлн. жасанды газ қоры 1,2 млрд. текше метр. Еліміздегі жобалық ресурстар есебі бойынша табиғи газ 6 трлн, ал жасанды газ қоры 2,2 млрд. текше метр болжанып отыр. Бұл өте мол қор. Қордың мол болуы өз алдына, оны игеріп, пайдалану үлкен мәселе. 2014 жылы ел үкіметі «2030 жылға дейін ҚР газ секторын дамыту Тұжырымын» бекіткен болатын. Саланы дамытудың ұзақ мерзімді жоспары мен жұмыстың негізгі бағыттары аталмыш құжатта нақты көрсетіліп, 2030 жылға дейін газдандырудың бас жобасы жасалынды. Жоспар бойынша, көрсетілген мерзімде Қазақстанда газбен қамту деңгейі 11,5 млн. адамға жетуі тиіс және 1600-ден астам елдімекенге газ жеткізу межеленген. Осы орайда 2020 жылға дейін 9 облыста газдандыру көлемін ұлғайту мақсатында жалпы ұзындығы 7 мың шақырымнан асатын газ құбырларын салу және жаңарту жөніндегі инвестициялық жобалар жүзеге асырылу көзделген. Үкімет қаулысы шығысымен 2014 жылдан бері газдандыру жұмысы үлкен қарқынмен жүргізіле бастады. Ішкі сұранысты қанағат­танды­румен қатар өнімді сыртқа шығару да қатар жүргізілуде. Бұрындар Қазақстанның газы Еуропаға Ресей арқылы ғана жеткізілетін. 2017 жылдың қазан айында Қазақстан Қытайға газ экспорттай бастады. Яғни, жаңадан балама жол пайда болды. Бұл республиканың газ саласы үшін тың бағыт. Айта кету керек, ұлттық оператор «Қазтрансгаз» АҚ қысқа мерзім ішінде барлық магистралды газ құбырларын бір жүйеге біріктірген жобаларды іске асырып үлгерді. Қазір республика территориясымен Орта Азия-Орталық, Бұқара-Урал және Орталық Азия-Қытай секілді 3 трансұлттық газ құбыры жүреді. «ҚазТрансГаз» АҚ-на қарасты газ тасымалдау жүйесі 55 мың шақырымнан астам газ құбыры және газ бұру тарамдары бар. Оның 19 мың шақырымы магистралды газ құбыры. Осы күрделі жұмыстың үштен бірі соңғы бес жылда жасалғаны саладағы қарқынды көрсетеді. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының бірінші кезегі 2013 жылдың аяғында қолданысқа енгізілсе, 2015 жылдың қараша айында магистралды газ құбырының екінші кезегі іске қосылды. Магистралды газ құбырының жалпы қашықтығы 1477 шақырым, газ тасымалдау көлемі 10 млрд. текше метрге дейін жетеді. Ол қазір жылына 5 млрд. текше метр газ айдайды, ал 2020 жылға қарай газ көлемі екі есеге артады. Сөйтіп Қазақстанның оңтүстігін газбен үздіксіз, тұрақты қамту міндеті орындалды. Сонымен бірге артық газды Қытайға сату мүмкіндігі пайда болды. Газ шаруашылығында үлкен модернизация жүргізіліп, оны тасымалдау көлемін арттыруға мүмкіндік алдық. Нарықтағы жағдай өзгере қалса да бағытты кез-келген жаққа сұранысқа орай ауыстыруға толық мүмкіндіктер бар. Газ өнеркәсібінің даму серпіні бойынша біздің еліміздің ТМД бойынша бірінші орында болуы Қазақстанның газ тасымалдау желісі қарқынды дамып келе жатқанын көрсетсе керек. Көптеген газ жобалары жүзеге асырылумен қатар, саладағы негізгі қорлардың басым бөлігі толықтай жаңартылды, барлық құбырлар бірыңғай желіге біріктірілді. Мәселен, Бейнеу-Бозой- Шымкент» магистралды газ құбыры құрылысы бірден үш маңызды мәселені шешіп берді. Оңтүстік өңір газбен қамтасыз етілді, газ тасымалдаудың бірыңғай жүйесі құрылды және экспорт көлемі артты. Осы жобаның арқасында Астананы және солтүстік аймақтарға газ жүргізу қолға алынды . 2018 жылдың наурызында бес әлеуметтік бастамасын мәлімдеген мемлекет басшысы бесінші бастама ретінде елді газдандыру қажеттігін айтқаны белгілі. «Бүгінде елді газдандыру деңгейі 50%-ға жуық. 9 облыста ғана газ бар, негізінен батыс пен оңтүстікте. Ал орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр, – деген Елбасы бір-бір жарым жыл ішінде солтүстік өңірге газ тартуды тапсырған-ды. Осы мақсатта магистралды газ құбыры бойынша «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана – Көкшетау – Петропавл» бағыты бойынша жоба жасалып, оны іске асыру басталып кетті. Бұл газ құбыры «Сарыарқа» деп аталды және көптеген елді мекендерді қамту көзделген. Нақтырақ айтсақ, бірінші кезең –1081 шақырымдық «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Астана» құбырын салу. Екінші кезең–276 шақырымдық «Астана-Көк­шетау» құбыры. Ол Ақмола облысын, оның ішінде Көкшетау қаласы мен Щучинск-Бурабай демалыс аймағын қамтиды. Үшінші кезеңде Көкшетау мен Қызылжар қаласы арасы магистралды құбырмен жалғанады. Бұл бағыттың қашықтығы 177 шақырымнан асады. Төртінші кезеңде «Жезқазған» және «Теміртау» компрессорлық стансаларын салу көзделген. Нәтижесінде бұл магистралды газ құбырымен жылына 3 млрд. текше метр газ жүргізуге болады. Осы тұста бұл шараларды атқару барысында көптеген жұмыс орындары ашылатыны да өте маңызды. Тұрғындарды жұмыспен қамту ісі де қатар атқарылады деген сөз. Екіншіден, тез өсіп келе жатқан елорданың эологиялық жағдайы да жақсарады. Алдынала есеп бойынша бір ған елордада 200-дей жекеменшік және шамамен 50-дей шағын коммуналды қазандықтар табиғи газға көшеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, 20 мыңдай жер үй көмірден газға көшірілмекші. Соның нәтижесінде бұрынғыдай жылына 650-700 мың тонна көмір жағылмайды, мамандардың мәліметінше улы түтіннің таралуы алты есеге азаяды. Қуанышымызға орай, күні кеше ғана БАҚ-та елордада жыл соңында газ беріле бастайтыны туралы ақжарма жаңалық таратылды. «Сарыарқа» магистральды газ құбырын салу бойынша құбырларды дәнекерлеудің соңғы кезеңі аяқталды. «Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы негізінде, елордаға газ жеткізу мақсатында, был­тырғы жылдың желтоқсан айында «Сарыарқа» магистральды газ құбырын салу басталды. Ал дәнекерлеу жұмыстары үстіміздегі жылдың наурыз айында қолға алынып, бүгін міне 1061 шақырымдық газ құбырының жұмысы өз мәресіне жетті. Енді уақытта техникалық жұмыстары қалды, желтоқсанда газ беріле бастайды. Одан әрі қала әкімдігі тиісті органдармен біріге отырып елорданы толық газбен қамтуға мүмкіндігі бар. Бұл елімізде жүзеге асырылған ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі болып табылады. Бұл жобаның мақсаты – елордамен қатар, оған жақын облыстар мен елді мекендерді газбен қамтамасыз ету», - деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов. Оның мәлімдеуінше, аталған газ құбыры Қызылорда –Жезқазған– Қарағанды –Теміртау – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша тартылған. «Магистральды салуға 2 мыңнан астам адам атсалысты. Бұл ретте, барлық құрылыс жұмыстары еңбекті қорғау талаптарына қатаң сәйкестікте жүргізілді. Бүгінгі таңда, кестеге сәйкес, Жезқазған, Қарағанды, Теміртау мен Нұр-Сұлтан қалаларында газ өлшеу станциясы мен 5 газ тарату станциясын салу жұмыстары жүргізілуде»,- деді ол. Сондай-ақ, А. Есімов еліміздің басқа да өңірлерінде газдандыру процесінің одан әрі кезең-кезеңмен және жоспарлы түрде дамыту көзделгенін айтып өтті. Қуанышты хабарды ерекше атап отырғанымыздың өз себебі бар. Шынын айтсақ, біздегі қабылданған бағдарламалардың көбісі толық орындалмай, бөлінген қомақты қаржылар өз уақытында игерілмей қалатыны жасырын емес. «Сарыарқа» жобасы қарқынды басталып, соңына дейін сол екпінді жоғалтпағаны қуантады. Өйткені, көгілдір отынды еліміздің орталық және солтүстік өңіріндегі миллиондаған тұрғындарымыз тағатсыздана күтіп отырғаны белгілі. Сондықтан, бұл сала бойынша алға ілгерілеу бар екенін ашық айтқанымыз жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев жа­қын­да өзінің Атырау облысына жасаған жұмыс сапарында «Жігермұнайсервис» кәспорнында болғаны белгілі. Мемлекет басшысы мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткізіп, мұнай-газ өндіруді одан әрі дамытудың маңыздылығын атап, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына бірқатар нақты міндеттер қойды. Мемлекет басшысы Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ сияқты кен орындарына қатысты ауқымды жобаларды одан әрі жүзеге асыру қажеттігіне тоқталды. Қашағандағы мұнай өндіру деңгейін жүйелі негізде арттыру мақсатында Үкіметке Консорциумның мердігер компанияларымен бірлесіп, алып кен орнын толыққанды игерудің Жол картасын келісуді тапсырды. Президент еліміздің батыстағы кен орындарынан республиканың өзге өңірлеріне мұнай, газ тасымалдау мәсе­лесіне арнайы тоқталып, мұнай-газ химия саласының дамуы экономиканы жаңғыртудың маңызды бағыты екенін атады. Қазақстан Президенті газ саласының басымдығын арнайы атап, газ құбыры жүйесін дамыту ісінде жақсы нәтижелер бар екенін айтты. Бұл ретте, ол Үкіметтің назарын халықты газбен қамтамасыз ету қажеттігіне аударды. «Елімізді газбен қамту деңгейі 50 пайызды құрайды. Бұл – 9 миллион халық деген сөз. «Сарыарқа» магистральды газ құбыры құрылысының жобасын іске асыру нәтижесінде еліміздің қосымша 2,7 миллион халқы газбен қамтамасыз етіледі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол үшін геологиялық барлау мәселесіне де ұмытпау керектігін еске салды. Оның айтуынша геологиялық барлау жұмыстарын күшейту арқылы минералды шикізат қорын сапалы толықтыру керек. Байқап отырғанымыздай бұл салада мемлекеттік бағдарлама аясында нақты жұмыстар атқарылғаны көрер көзге ұрып тұр. Соның нәтижесінде елді көгілдір отынмен қамту көкжиегі кеңейіп келеді. Осы қарқынды жоғалтып алмасақ болды… З. ҚАБИОЛЛАҰЛЫ qazaquni.kz