Тіл тәуелсіздігі - ұлт тірегі

Алматы қаласында «Шайсұл­тан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-прак­тикалық орталығы» маман­дарының ұйым­дас­ты­руымен «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» тақырыбындағы жаңа әліпби емлесін түсіндіру бойынша арнайы ғылыми-теориялық семинар өткізілді. Отырысқа ғалымдар, ақын-жазушылар, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары мен баспа саласы өкілдері қатысты. Семинардың негізгі мақсаты – латыннегізді қазақ әліпбиі мен емле ережелерінің құрылымын, оның нормаларының ғылыми негіздерін БАҚ және баспа беттерінде түсіндіре алатын білікті мамандар дайындау. Әрине, жаңа латын графи­касындағы тіліміздің жазба жүйесін насихаттауда баспалар мен түрлі бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы зор екені белгілі. Сондықтан бұл семинардың қаламгерлер үшін тигізер пайдасы мол болды десек артық айтқандық емес. Өйткені мәселе тілге қатысты болғандықтан олар үшін бұл аса құнды тақырып, өздерінің күнделікті жұмысында кездесетін қажеттілік десек те болады. Мыңдаған оқырмандары бар баспа, БАҚ өкілдері алдымен өздері аталмыш тақырыпты жетік игермей өзгелерге насихат жүргізіп үлгі көрсете алмасы да ақиқат. Содан да болар семинар сабағы қызықты өтті, көптеген сұрақтар қойылып, тіл саласын зерттеуші ғалымдар нақты жауап берді. Бұл жерде оны ұйымдастырушылардың, баяндама жасаған ғалымдардың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Басқа бағдарламаларға қа­рағанда Елбасы жариялаған «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаланың қоғамда ерекше рухани сіл­кініс тудырғаны белгілі. Бұл құжат ұлттық рухты нығай­­татын көптеген игі іс-шара­ларға жол ашып берді. Ғасырлар­мен өлшенетін тарихымыз, мәде­ниетіміз бен әде­биетіміз және өзге де құнды­лық­тарымыз сараланып, лайықты деңгейде бағалана бастады. Соның бір көрінісі, осы бағытта Ш.Шаяхметов атын­дағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылуы дер едік. Өткен бір жарым жыл көлемінде бұл ор­талық тілімізге қатысты бірқатар тындырымды жұмыстар атқарып келеді. Мемлекет басшысының 2017 жылғы 26 қазандағы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына сәйкес қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз ету жұмыстары алғашқы күннен-ақ қарқынды жүргізіліп келе жатқанына баршамыз куәміз. Оған осы саладағы әдебиет және тіл институттары мен білікті ғалымдар тартылып, көпшіліктің қатысумен жүздеген талқылаулар болып өтті, ол әлі де жалғасуда. Сол атқарылар шаруалардың ауқымды ауыртпашылығы да осы арнайы құрылған «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына түсетіні түсінікті. Семинардың тізгінін өз қо­лына алған орталықтың атқа­рушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов кіріспе баяндама жасап, бұл шараның маңызына кеңірек тоқталып, оның саяси, қоғамдық, ұлттық мағынасын толық ашып берді. Қазақ тілінің латын әліпбиіне өтуі – ел өміріндегі ірі мәдени-тарихи шара. Елдің тәуелсіздігімен бірге бұл тілдің де тәуелсіздігінің бір нышаны екенін баса айтты. Расында, орыс тілінің ықпалымен ондаған жылдар «кириллица» жазбасын пайдаланған тіліміз енді сол бұрынғы қолданыста болған латын графикасына қайта көшуі – тіліміздің де өз тәуелсіздігін қайтарғанымен бірдей емес пе?! Ия, қазақтың төл тарихы қандай қиын-қыстаудан өтсе, тіліміздің тарихы да түрлі сындардан өткені белгілі. Бұл жерде – «Тіл мен ұлт ажырамас ұғым, тарихы тұтасып жатыр» десек тіпті де қателеспейміз. Соңғы тоқсан жылда біздің жазуымыз төртінші рет өзгеріске ұшырап отыр. Тіл мен оның жазуы бекер өзгеріске ұшырамайтыны белгілі. Оның да себептері жеткілікті. Елдің саяси жағдайы, әлеуметтік-қоғамдық жүйесі, сыртқы әлемдік әсері мен ұлттық идеологияның ықпал ететінін атасақ та жеткілікті. Дүниежүзіндегі екі жүзден асатын мемлекеттерде соңғы мәліметтер бойынша әртүрлі ұлттар мен ұлыстарға топтасқан 7,7 миллиардтай адам өмір сүреді. Олар әрқилы дінде, бір-біріне ұқсамайтын өзгеше тілде сөйлейді. Сол сияқты олардың жазу жүйесі де әртүрлі. Қазіргі кезде әлем бойынша мойындалған және БҰҰ-да тіркелген негізгі алты тіл бар екен. Олар – ағылшын, француз, араб, қытай, орыс және испан тілдері. Негізгі деп аталу себебі – бұл тілдер жер шарының мемлекеттеріне кеңінен таралған. Тағы бір айта кететін ақиқат, бүгінгі күні сол негізгі алты тілдің ішінде жаһандану заманында ақпарат алмасудың және технологияның тілі ағылшыншаға басымдық берілгенін байқаймыз. Өйткені, әлемге кең таралған ағылшын тілі көп қолданысқа ие болып отыр. Демек, ағылшын тілінің бүкіл дүниежүзі бойынша ортақ түсінісетін, ақпарат пен технологияны дамытуда үлкен артықшылығы бар деген сөз. Ал, жазу жағына келетін болсақ ғаламшарымызды мекендеген халықтың 36 пайызы латын графикасын қолданады екен. Араб тілі жазуы 12 пайызға ие болса, біз қолданып жүрген «кириллицаның» үлесі небары 3 пайыз ғана. Оның үстіне «кириллицаның» үлесі жылдан жылға азайып келеді. Оған бірінші кезекте бұрынғы алып кеңестер одағы құрамындағы ұлттардың тәуелсіздік алып, дербес мемлекет аталуы себеп болды. Оның қатарындағы Өзбекстан, Түркіменстан, Азербайжан сияқты елдері латын гарфикасына көшіп алғалы біраз жылдар болып қалды. Олар да заман талабына сай осы алфавитті өздеріне қабылдады. Бірақ, осы мемлекеттердің қай-қайсысын алып қарасаңыз да көптеген қиындықтар болған. Осы күнге дейін өзгерістер енгізіп, жазу жүйесін дамытуға күш салуда. Олардың тәжірибесіне ескерсек, латын алфавитіне өтуге кемінде 10 жыл уақыт керек екен, тіпті ол да аздық етеді. Айтулы деген ағылшын тілінің өзі түп төркіні мен түп-тамыры сонау көне грек, римдегі латын алфавитінен бастау алғаны тарихтан жақсы таныс. Кейін ағылшын тіліндегі алфавит ретінде кеңінен қолданысқа еніп кеткен. Шындыққа жүгінсек, осы латын графикасын «мына мемлекеттің төл туындысы» деп дөп басудың өзі қиын. Оны бүгінгі күні дәлелдеп берудің мүмкіндігі тым аз. Ал, кең қолданысына орай жаһандағы жалпы, ортақ жазуға айналып келе жатқаны дау тудырмайды. Жаңа жаһандану жағдайында Қазақстан Республикасы жер жүзіндегі дамыған мемлекеттердің көшінен қалмау үшін, ақпарат пен технологияның, білім мен ғылымның кеңістігіне ену мақ­сатында латын алфавитіне көшуі – заман талабы деп түсінуіміз керек. Екіншіден, өзіміз бұрын 1929-1940 жылдары еркін пайдаланған жазуға қайта оралу болып табылады. Заман талабына орай өзгерістер мен реформалардың орын алуы заңдылық, одан ешкім қашып құтыла алмайды. Мысалы, Түркияда Ата Түрік 1928 жылы бүкіл елін латын алфавитіне көшіргені белгілі. Түріктер де ғасырлар бойы араб және парсыша жазып келген. Сол кездің өзінде өркениет заманына қарай бет бұрған түріктер осындай шұғыл шешім қабылдауға мәжбүр болған, одан олар ұтылған жоқ. Екі жыл бойы қоғамның қызу талқысына түскен латын графикасына көшу мәселесі әлі де толастар емес. Басым көпшілік бұны қуана қолдаса, енді біреулер өз күдіктерін де білдіруде. Ол да түсінікті, өйткені қалыптасып қалған жазу жүйесін жаңарту оңай шаруа емес. Оның үстіне бұл тіл мәселесі болғандықтан ұлттық мүдде алдыңғы қатарға шығары сөзсіз. Тіл жоғалса ұлт та негізгі, ең басты нышанынан айрылады. Төлқұжатыңда қазақ деген жазу тұрғанмен өз тілің болмаса ұлтың да өз мәнінен жұрдай болады. Сондай күдіктердің бірі – ондаған жылдар кириллицада жазылған қыруар дүниелер ізсіз жоғалып кету мүмкін, болашақ ұрпаққа жетпей қалады деген қорқыныш. Жоқ, қазіргі дамыған техниканы пйдалансақ ештеңені жоғалтпайды екенбіз. Мысалы көлемді «Абай жолы» эпопеясын латын қарпіне көшіру бірнеше сағат қана уақыт алады екен. Бүгінгі күннің өзінде қазақ классикасына айналған көптеген туындылар латын қарпімен жазылып, электронды нұсқада сақтаулы тұрғанын айтады ғалымдар. Одан кейінгі көп сұрақ туғызатын мәселе – біздің ә, ө, ұ, ү, қ, і, ң – сияқты төл дыбыстарымыздың сақталуы мен жазылуында болып отыр. Бұл да үлкен мәселе, төл дыбстарымыз бізге ғана, тек қана қазаққа тән ерекшелік. Оны жоғалтпақ түгіл, біз оны мақтан тұтуымыз керек. Өзге жүздеген ұлттардың оған тілі де келмейді. Біздің ұшан-теңіз тіл қоры ғана емес, дыбыстық ерекшелігіміздің өзі үлкен байлықтың иесі екенімізді көрсетпей ме! Мәселе соның латын жазуындағы белгіленуінде болып отыр. Ең көп талқыға түсіп, ұсыныстар барысында қайта-қайта өзгерістер енгізілуі соны көрсетеді. Қалай десек те төл дыбыстар сақталуы міндет. Бұл дыбыстарды жоғалтсақ қазақ атаулы сақау, кекеш болып қаламыз. Ал, ондай реформа кімге керек? Сондықтан дәп осы төл дыбыстарымызға өте абай болғанымыз жөн. Осыны ескерген тіл мамандары бұған ерекше мән беріп отырғанын байқадық. Бұл құптарлық жағдай. Тартымды өткен семинар сабағында бірнеше баяндама жасалды. «Жаңа емле: сөздерді босарылықпен және босаралықсыз жазудың себептері, анықтау белгілері» тақырыбында Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринова өз баяндамасында қазақ сөздерінің жазылу барысындағы бірқатар түйткілді мәселелерді қозғап, оның шешімді жолдарын атап берді. Рас, бүгінгі күні бір сөзді бірнеше түрлі жазып жүрген жағдайлар жиі кездесетін болды. Тіпті әркім өз қалауынша, жаңа әдіс тауып алғандар да бар. Бұрынғы қалыптасқан емлелер ескерусіз қалып, саналы түрде оны бұзатындар, соны сән көретіндер де табылады. Олар өздерін жаңалық ашқандай сезінеді. Бірақ әркім өзінше жазуды бастаса оның соңы не болмақ? Сондықтан жазу жүйесінде бірізділікті қатаң түрде қалыптастыру қажет-ақ. Үлкендердің бұл «жаңалығынан» әсіресе жас ұрпақтың миы ашып, қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін бағдарлай алмауы қазақ тілінің ертеңгі күнгі болашағына кері әсер етері сөзсіз. Онсыз да қазақшаға құлықсыз ұрпақты ана тілімізге қалай баулымақпыз? Кейбір тіл мамандары, әсіресе фонетика саласы өкілдері айтылғанда естілетін кейбір дыбыстардың жазылғанда түсіп қалатынына наразылық білдіреді екен. Бұл жерде сөздің жазылуы қолданушыға қолайлы болуы алдыңғы қатарда ескерілуі керек. Бұл туралы ұлы ұстаз, латын жазуының қазақша нұсқасын алғаш жасаған Ахмет Байтұрсыновтың өзі айтып кеткен. Қалай болғанда да ортақ бір шешім керек, оны іске асыруға тиісті біздің ғалымдар тиімді жолын табады деп сенеміз. «Латын графикасы жаңа әліпби негізінде сапалы қазақтілді контент қалыптастыру: мәселелер мен ұсыныстар» тақырыбы бойынша баяндама жасаған Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова да көптеген мәселелер төңірегінде сөз қозғады. Ғалым басты назарды жас ұрпақты ана тіліне баулу, оқыту жағына көбірек аударды. Онысы орынды, біздің тіліміз жастар арқылы жалғасын табары белгілі. Ғалымның айтуынша бігінгі күні қолынан телефонын тастамайтын, сол арқылы керек те, керек емес те ақпараттарды қабылдайтын балалар мәселесін мықтап қолға алу қажет. Оның ең ұтымды жолы балалар әдебиетін дамытып, балаларға арналған шығармаларды көбірек жарыққа шығару керек. Расында да, бізде балалар әдебиеті кенжелеп қалғаны шындық, сонда жас ұрпақ қайдан үйреніп, неден үлгі алады? Бұл нақты қолға алатын мәселе. Әлемдік өркениетті елдер қатарына қосылу үшін латын алфавитін үйрену, жаза білу және оқи білу бәрімізге керек нәрсе. Айтылып келе жатқан, алда болар қиындықтар бар, оны меңгеру барысында жолай түзетуге болады. Ең бастысы асығыстық жасамағанымыз жөн. Біздегі «төбеден топ еткізетін» ескі әдіс бұл жерде жүрмейді. Ондай реформалардың талайын көрдік, әсіресе білім саласында. Олардың пайдасынан гөрі зияны басым болғанын бәріміз білеміз. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деп қазақ атамыз айтқандай бәрін байыппен, ұқыптылықпен, жан-жақты сараптап іске асырғанымыз абзал. Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz