Елордаға қарап отырып өзіме-өзім де таң қаламын - Нұрсұлтан Назарбаев

«Хабар» телеарнасына берген сұхбатында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елорданың Алатаудан Арқаға қалай көшірілгендігі жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елорданы Алатаудың баурайынан Арқаның төсіне алып келу де оңай шаруа болған жоқ. Ешбір мемлекет оны жасаған да жоқ. Моңғолдың премьер-министрімен осының алдында кездестім. Олар да Ұлан-Батырдың түбінде қала салайын деп жатыр. Біздің тәжірибемізді үйренгісі келеді», - деді Елбасы. Н.Назарбаев Алматының Ақмолаға көшірілуіне қарсы болған адамдардың да көп болғанын айтты.

«Себебі, сенбеді, жағдай қиын, Үкіметте ақша жоқ еді. Бұл қаланы қалай саласың, Алматыдан су шықты ма? - деген көп әңгімені естідім. Бірақ бұл да біздің геосаясатымыздың шаруасы еді. Оны түсінген адам түсінуі керек. Бұл жерде қазақ жоқ болатын. Қазір Қазақстандағы ең қазақи қала - Нұр-Сұлтан қаласына айналды», - деді Н.Назарбаев.

Елбасы елордамыздың Арқа төсіне ауысуымен оңтүстіктегі қалың қазақтың көші де солтүстікке бет бұрғанын атап өтті.

«Мен өзім кейде мынау қалаға қарап отырып, істелген жұмысты қарап отырып, өзіме өзім таң қаламын. Өз көзіме өзім сенбеймін. Қалай қолдан келді, қалай болды? Бұл менің буынымның істеген шаруасы осы. Елдің қолдауына, осылай жігер бергеніне ризамын», - деп қосты ҚР Тұңғыш Президенті.