Банктер бюджет қаржысын қайда жіберіп жатыр?

Коммерциялық банктер бюджеттен алған триллиондар жайлы неге есеп бермейді? Сенаторлар банктерді қолдауға бөлінген қыруар қаржының тиімді жұмсалып жатқанына күмән келтірді. Өйткені осы уақытқа дейін екінші деңгейлі банктерді құтқару үшін қазынадан бөлінген 3 триллион теңгенің қайда жұмсалып жатқаны белгісіз. Бюджеттен алған триллиондар жайлы қаржы ұйымдары неге ашық мәлімет бермейді? Бұл сұраққа жауап таппай дал болған депутаттар Ұлттық банк төрағасын қыспаққа алды. Елімізде «көрсеткіші нашар» деп бағаланған банктердің төңірегіндегі дау ушығып барады. Мемлекеттен көмек ретінде қыруар қаржы алса да, жұмысты мандыта алмай отыр. Сондықтан, сенаторлар коммерциялық ұйымдардың қызметіне күмән келтірді. «Осы уақытқа дейін банк секторын қолдау үшін бюджеттен 3 триллионнан астам ақша бөлінген. Осыған орай сұрақ туындайды, банктерге қыруар қаржы құйғанымыздан қандай пайда болды? Ақша тиімді жұмсалды ма?» деген сұрақты депутат Сергей Плотников турасынан қойды Бас банкирге. Сенаторлардан сес­кенбеген Бас банкир де тосылып қалмады. Данияр Ақышевтың айтуынша, алаңдауға еш негіз жоқ. Берілген қарызға банктер соңғы 10 жыл бойы қайтарылмаған несиелерін жабуда. Әрі орта және шағын бизнесті қаржыландырып, жеке тұлғаларға да ақша беріп жатыр екен. Бірақ, барлығы емес. Үш бірдей коммерциялық ұйымның ісі алға баспай тұр дейді Ақышев. Ол банктерде несие портфельінің көрсеткіші тым төмен. Сол үшін клиенттердің алдында өз міндеттерін орындай алмай отыр. Қазір осы банк акционерлерімен жүйелі түрде келіссөз өткізіп, мәселені шешуге тырысып жатырмыз. Бұған дейін мемлекет басшысы да осы банктерді қатаң сынға алып, бұдан былай оларға көмек ретінде ақша бөлінбейтінін айтқан еді. Өйткені, қаржы ұйымдары бөлінген ақшаны несие ретінде таратудың орнына, басқа жобаларға құйып, тіпті депозитке салып пайда тауып отырғандарын айтқан болатын. Ақышевтің сөзіне сенсек, триллиондар бекерге ысырап болмайды, банктер оны алдағы 15 жылда мемлекетке соңғы тиынына дейін толық қайтарып беруі тиіс. qazaquni.kz