Азат Перуашев: Ауыл шаруашылығы министрлігі ауылды «лақтырды» ма?

«Ақ жол» партиясы Ауыл шаруашылығы министрлігін ауылда кәсіп қылғандарға субсидия төлемегені үшін сотқа бермек. Бұл туралы Азат Перуашев 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке толықтырулар мен өзгертулер енгізуді талқылау барысында айтты.

Өз сөзінде ол биылғы көктемде, яғни 13 наурызда «Ақ жол» фракциясының ауыл шаруашылық өндірушілерінің субсидия қарызын өтеу мәселесін шешуді сұрағанын айтты.

«Толықтырылған бюджеттен көріп отырғанымыздай, бұл мәселе әлі де шешілмеген сыңайлы. 37 млрд теңге сомасындағы қарыз өтелмеген. Қаржы министрлігінің түсіндіруінше Ауыл шаруашылық министрлігі жаңа тәсілдерді қолдануға арналған субсидиялаудың тиімділігін есептеп беруі керек екен.

Алайда бұдан бірнеше жыл бұрын субсидиялау бағдарламасы мекемеаралық келіссөздерден өтіп, оның тиімділігі алдын ала есептеліп, содан соң ғана бекітілді емес пе?

Енді не себепті бүкіл Қазақстан бойынша жүздеген-мыңдаған шаруалар мемлекетке сенім артып, бар ақшаларын салып, несие алғанда (ол үшін барлық бюрократияның тозағынан өтіп) – не себепті мемлекеттік органдар ұйқыдан енді оянғандай бас тартып отыр? Артық кетсем кешірерсіздер, бұл ауыл шаруашылығы министрлігінің ауылды «лақтырды» деген сөзі емес пе?!

Жұмыссыздықпен күреске бағытталған қаражат осында жұмсалуы тиіс! Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны өскенін де осыдан іздеуіміз керек!

Ауыл азаматтарын өндірістік кәсіпте қолдаудың орнына шенеуніктер бос жүргендерге көмек көрсетіп әлек.

Бұл экономикалық саясат емес, «қисық айналардың патшалығы»! Біздің фракция ауыл шаруашылығын субсидиялауға қаражат бөлуді талап етеді», - деді Перуашев. Ол «Ақ жол» партиясының ауыл кәсіпкерлігін қорғау үшін сотқа баруға да дайын екенін атап көрсетті.

Партия жетекшісі тиісінше шағымды ауыл шаруашылығы министрлігіне даярлап жатқанын айтты.