Арман Сқабылұлы: АСАННЫҢ АНАСЫ

Бөлісу:

…Асанның хан сарайдай үйіне енгеннен бойымды бір жылылықтың баурап алғанын байқадым. Әдетте мұндай үйлерден суық ызғар есетін. Табаның тас, төбең тас, қабырға тас…Шетелдік жиһаздың өзі кеудеңнен кері итеріп, сұстанып тұратындай. Мұнда да жиһаз, мұнда да тас қабырға…Енді түсіндім, еңселі үйдің төріне ескіден қалған көне дүниелерді мұқият жинап қойыпты. Ағаш бесік, оқтау, киім тігетін көне машина, тіпті су таситын иінағаш… Қабырғада ақ,қара түсті сарғайған суреттер ілінген.

– Анамнан қалған дүниелер ғой!-деді Асан күрсініп, – Бұл біздің отбасылық мұражайымыз.

Шәй ішіп отырғанда да Асан анасы жайлы айтумен болды. Жәй айтпайды, тебіренеді.

– Анам отыздан аса бере жесір қалды, -деді Асан мұңға батып, -Бес бала жетім қалдық. Бесеумізді адам қылам деп көрмегені жоқ. Жоқшылықты көрудей-ақ көрдік. Баланың кішісі болған соң ба мені ерекше жақсы көрді. Мен де анама тым жақын едім. Кішкентай кезімде-ақ өскен соң анама мына дүниенің бар жақсылығын көрсетсем деп армандадым. Ол арманыма жеттім де. Тынбай еңбек еттім. Кәсіпкерліктің жолына түстім. Ақша да, байлық та келді. Анам үшін осы үйді де салдым. Әттең, арманыма енді жеттім-ау дегенде анам қартайып, айықпайтын дертке- аяқ астынан жадын жоғалтып алатын ауруға ұшырады. Қазақ мұндайды кәріліктен алжыды дейді. Жас кезінен көрген тауқыметінен болар деп ойлаймын…

Осыны айтып Асан біраз ойланып отырып қалды. Бір кезде есіне бірдеңе түскендей жымиып қойып, әңгімесін жалғастырды.

-Кәріліктің ауруына ұшыраған адам тым ерке болады екен. Анам кейде ақылға симайтын бұйрықтар беретін. Мен бәрібір оның айтқанын орындайтынмын. Бірде түнгі сағат екіде оятып, ресторанға апарып тамақтандыруымды сұрады. Мұндай уақытта бізде олар жабылып қалады. Көңілін қалдырғым келмеді. Өзі көзімен көрсін деп үй киіммен түн ортасында қаланы аралаттым. Екі,үш мейрамхана шынымен жабық болды. Біреуі ашық екен. Анамды жетектеп солай беттедім. Есік алдындағы күзетші үстімізге киген киімге қарап басын шайқады.

-Кіруге болмайды!-деді қабағын түйіп, -Бұл қымбат ресторан! Ақшаларың жетпейді.

-Ақшамыз жетеді!-деп оны кеудесіне итере анамды жетектеп ішке ендім. Іште отырған масы бар, сауы бар қаптаған көз бізге қарап қалыпты. Анамның қалағанына тапсырыс беріп, армансыз тамақтандық. Енді болдық-ау дегенде әлгі ресторанның күзетшісінен бастап даяшыларына дейін бізді ақша төлей алмас деп қоршап алды. Әйтеуір қаңғыбас біреулер деп ойлаған сияқты. Оған ренжімедім. Мен үшін анам риза болса болғаны. Қалтамнан бір уыс ақша шығарып, екі он мың теңгені алдарына тастай салып сыртқа беттедім. Есік алдында тұрған джипке анамды отырғызып, артыма қарасам масы бар, сауы бар қаптаған көз тағы да бізге таң қалып қарап тұр екен!..

…Асан осыны айтып, көрші бөлмеге кетіп, сәлден соң қайта оралды. Қолында әйелдердің көнетоз пальтосы.

-Анам қайтыс болған соң екі, үш ай есеңгіреп жүрдім. Тіпті мына өмірдің мәні де қалмағандай болған. Анамның иісін сағынатын болдым. Бар киімін жерлегенде жұртқа таратып жіберген екенбіз. Қатты өкіндім. Бір күні қоймадағы ескі қораптарды ақтарып жатсам мына пальтоның шыға келгені. Анамның пальтосы! Құшырлана иіскедім. Анамның иісі! Содан бері анамды сағынғанда иіскеп қоямын. Ареке, анаңыз бар ма?

-Анам бар!-дедім Асанға күле жауап беріп, -Ол кісі де қартайды. Соңғы кездері ол да қатты еркелейтін болды. Жиі өкпелеп қалатынды шығарды…

-Еркелей берсінші, Ареке!-дейді Асан маған құдды өз анасы үшін өтініш жасағандай қиылып, -Мен анамның сол еркелегеніне де жете алмай қалдым ғой! Еркелей берсінші!..

Екеуміз де үнсіз қалдық. Асан анасынан қалған пальтоны құшырлана иіскеді. Көзінде сағыныш. Мен де анамды ойладым. Еркелей берсінші!..

Арман Сқабылұлы,

Қазақ үні

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

12 − екі =