Қазақстанда енді жәрдемақы табысына қарамастан төленеді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмекті берудің қолданыстағы жүйесін өзгертетін заң жобасын әзірледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, атаулы көмек алатын балалардың 60 проценттен астамы – көпбалалы отбасылардан шыққандар. Сондықтан ведомство балаларға отбасының табысына қарамастан, бөлек жәрдемақы төлеуді ұсынып отыр.

"Осыған байланысты атаулы әлеуметтік көмекті көпбалалы отбасы құрамындағы балаларға табысқа қарамастан берілетін мемлекеттік жәрдемақыға ауыстыруды ұсынамыз. Бұл көпбалалы аналардың беделін мойындап, олардың әл-ауқатын арттыру жолы болар еді. Көпбалалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақыны отбасы балаларының санына қарай 42500 теңгеден 73 мың теңгеге дейін сараланған АЕК-ке еселенген мөлшерде белгілеу ұсынылады", - деді Нұрымбетов үкімет отырысында.

Оның айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға ғана тағайындалуы тиіс. Осыған байланысты министрлік келесі негізгі тетіктерді ұсынады.

"Біріншіден, әлеуметтік көмектің тоқсан сайын тағайындалуын қайтару, шартты және шартсыз  көмекті үш айға тағайындау. Бұл бір жағынан көмек алушылардың өз табысын жасыру жағдайын барынша төмендететін болады. Екінші жағынан көмекті тағайындау тәртібі әділ болады. Себебі отбасының жан басына шаққандағы табысы келесі тоқсанда көбіне азаю жағына өзгеріп жатады. Яғни, АӘК-ті тоқсан сайын есептегенде тағайындалған мөлшері ұлғаюы мүмкін", - деді министр.

Екіншіден, барлық отбасы мүшелеріне атаулы әлеуметтік көмек орта табысы мен кедейлік шегі арасындағы айырмашылық көлемінде төленеді.

"Үшіншіден, егер отбасының еңбекке  қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшесі атаулы әлеуметтік көмек алу құқығынан  айырылады", - деді ол.

Нұрымбетов бала күтімімен айналысатын анаға бала үш жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу құқығы берілетінін атап өтті.

Заң жобасы парламент депутаттарының қолдауына ие болса, жаңа өзгерістер 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.