Триатлон қауымдастығы кеңейді

Қыркүйек айының соңында триатлон Орталық-Азиялық қауымдастығы (САТА Әзірбайжан әріптестерімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Бұған дейін САТА ұйымына мүше болып Иран мен Ауғанстан федерациясы қосылған болатын, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігінің тілшісі.

«Біз қысқа мерзім ішінде жоғары нәтиже көрсетіп келе жатқан федерацияларды қатарымызға қостық. Бұл қауымдастықтың негізі мақсаты Орталық Азия континентінде триатлонды дамыту және танымал ету. Бұл біраз жұмысты талап ететін нәрсе екені баршамызға мәлім. Қанша қиын болса да, осы міндетті орындаймыз деген мақсатымыз бар.. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей барлығымыз бірлесе жұмыс атқарсақ, бұл мақсатқа да жетеміз деген ойдамын», - деді Қазақстан триатлон федерациясының вице-президенті, SATA президенті Ғалымжан Есенов.

Қауымдастық жаттығулар, семинарлар, спорттық іс-шаралар, бірлескен шеберлік сыныптарын, аймақтық триатлонға сапарларды және SATA мүшелерінің санын көбейтуге міндетті.

"Әзірбайжан құрамасы халықаралық аренада жүйелі түрде жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Біз осыған дейін өзімізді дамып келе жатқан федерация ретінде көрсеттік. SATA-мен ынтымақтастығымыз елімізде кәсіби және әуесқой спорттың дамуына жақсы әсер етеді деп сенемін. Жаттықтырушылардың шеберлігін арттыруға және турнирлердің сапасын жаңа деңгейге көтеруге көмектеседі. Мен SATA-ға мүше барлық әуесқой спортшыларды 6 қазанда Бакуде өтетін бірінші әуесқой триатлон жарысы - BAKU TRIATHLON 2019 жарысына шақырамын. Baku Aquatics Center аумағында, Еуропалық ойындар паркінде басталады",- дейді Әзірбайжан триатлон федерациясының президенті Азер Магеррамов.

Орталық Азия Триатлон қауымдастығы 2019 жылы 3 наурызда Нұр-сұлтан қаласында құрылды. Оның президенті болып Ғалымжан Есенов сайланды. Алғашқыда САТА құрамына Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан триатлон федерациялары кірді.

Әзірбайжан триатлон федерациясы (ATF) 2013 жылы құрылды, Президент Азер Магеррамов, Вице-Президент Рустам Ибрагимов, ал Бас хатшы Джавад Ахундзаде болып табылады.