Қылқалам шеберлерінің алтын ұясы

350
0
Бөлісу:

 

Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі мәдени саясатының тұжырымдамасында Бейнелеу өнері, дизайн және сәулет саласына лайықты орын берілген. Өйткені, бұл жүйе еліміздің рухани даму жолында айрықша орын алады.
Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер, мәдениет және спорт институтының құрылғанына елу жыл толды. Қарап отырсақ, осынау жарты ғасыр аралығында алтын ұямыздан қанаттанған жүздеген дарынды түлек қастерлі елдік мүдде бағытында лайықты тер төгіп келеді екен.

Бұл күндері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­ситеті Өнер, мәдениет және спорт институтының даму тарихына, елу жылда жүріп өткен жолына көз салсақ, Көркемсурет факультетінің құрылуы суретші-педагог мамандардың кәсіби жетілуімен қатар сурет­шілік кәсіптің қоғамдағы ролінің артуына ұдайы лайықты ықпал еткенін көреміз. Сондай-ақ факультеттің өзі де жылма-жыл көркемсурет бағытындағы білім мен эстетикалық тәрбие беру міндеттерін үнемі өрістетіп отырғаны байқалады.

Өнер, мәдениет және спорт институтының ғимараты 1907 жылы салынған. Яғни, биыл осынау құрылыстың салынғанына 112 жыл толды. Ғимаратты салған – әйгілі сәулетші Андрей Павлович Зенков. (Ол Алматы қаласындағы Әулие-Вознесенский кафедралдық шіркеуінің де авторы).

Ғимаратты қазіргі күн талабына сай күрделі жөндеуден өткізіп, өнер ордасы атына сай жаңғырта жасақтап, жабдықтауға үлкен үлес қосқан университет ректоры, академик Такир Балықбаев мырзаға зор алғысымызды білдіреміз.

 


Бөлім алғашқы даму сатысын яғни, алғашқы білім алушыларын 1963 жылы қабылдапты. Сол жылы Абай атындағы КазПИ-де көркем сурет бөлімі ашылып, осы сәттен бастап факультет болып қалыптаса бастаған. 1969 жылдың 8 шілдесінде Қаз ССР Білім министрінің 5-65 бұйрығымен «Бейнелеу өнері, сызба геометриясы және сызу» кафедрасы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының «Сызу және бейнелеу өнері» факультеті болып өзгертіледі. 1969 жылдың 1 қыркүйегінен бастап факультет «Сызба геометриясы және графика» және «Бейнелеу өнері» кафедраларынан құрылып, жеке факультет болып негізі қаланды. 1971 жылдың 1-желтоқсанынан бастап Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты «Сызу және бейнелеу өнері» факультеті Көркемсурет факультеті болып өзгертіліп, «Сызба геометриясы және графика», «Бейнелеу өнері» және «Кескіндеме» кафедралары ашылды. Бұл шешім Қазақстан Республикасының педа­гогикалық институттары жанынан көркемдік-графикалық факультеттер желісінің ашылуына үлгі болды.
Абай атындағы Қазақ пе­да­го­гикалық институтының Көр­кемсурет-графика факульте­тінің түлектері еліміздің басқа да педагогикалық институттарында осы мамандықтың, атап айтқанда, 1966 жылы Қарағанды педагогикалық институтының «Сурет және сызу» мамандығы бойынша, 1968-1969 жылдары Семей және Шымкент педагогикалық институттарында мұғалімдер дайындайтын бөлімдердің ашылуына атсалысты. Сол себепті де бұл оқу орнын халық арасында «Қара шаңырақ» деп атайды.
Содан бері Көркем сурет факультеті еліміздегі толық жоғары көркем педагогикалық білім беруде, соның ішінде «бейнелеу өнері және сызу» пәндерінің мұғалімдерін көркем педагогикалық тұрғыда кәсіби даярлауды тұңғыш бастаған жалғыз оқу орны. Осы кезде факультетте екі кафедра қызмет атқарған болатын. Факультетті ма­тема­тика кафедрасының доценті Шабаз Ғазиұлы Омашев (1969-1975) басқараған еді.
Алғашқыда профессор-оқы­тушылар құрамы көп болған жоқ. Олар: Ш.Г.Омашев, Ф.Т.Обыден­ный, Н.С.Журавлев, Н.С.Кулаков, С.Н.Михалев,Б.И.Ярусевич, Г.П.Кабачный,Т.Г.Курко, А.Т.Калмаков.
Факультетіміздің әр даму сатысынына өз үлестерін қосқан әйгілі педагогтар, ғалымдар басқарып, жұмыс атқарды. Олар: ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Байтұрсын Есжанұлы Өмірбеков (1975-1978), ҚР Суретшілер одағының мүшесі, профессор, Владимир Феодорович Власюк (1978-1991), Ресей Федерациясының мәдениеті мен өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Леонид Григорьевич Медведев (1991-1993), философия ғылымдарының докторы, профессор, академик Ғарифолла Есім (1993-1998), ҚР Суретшілер одағының мүшесі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Баймұрат Ермағанбетұлы Оспанов (1998-2009), педагогика ғылымдарының докторы, профессор Берікжан Айтқұлұлы Әлмұхам­бетов (2009-2017), педагогика ғылымдарының докторы, про­фессор Нұрдаулет Еркінұлы Исабек (2017-2018) жетекшілік етті. 2019 жылдан Өнер, мәдениет және спорт институтының директоры қызметін ҚР Суретшілер одағының мүшесі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР БҒМ «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Дарын» мем­лекеттік сыйлығының иегері, ҚР Көркемсурет Академиясының корреспондент-мүшесі Тоққожа Мұқажанұлы Қожағұлов атқарып келеді.
Абай атындағы Қазақ педа­го­ги­калық институтының «Көр­кемсурет» факультеті «Бейнелеу өнері және сызу» пәндері мұ­ғалімін және кәсіби суретші мамандарын дайындайтын ғылыми шығармашылық орталығы болып құрылды. Факультет Қазақстан Республикасына өнер мен мәде­ниет қайраткерлерінің тұтас саңлақтарын, әйгілі графиктер мен сұңғатшыларды, мүсіншілер мен кескіндемешілерді, суретші педагогтарды дайындап берді, сөйтіп республикамыздың көркем өнер мен көркем педагогикалық білім беру саласын және жалпы өнер мен мәдениет саласының өркендеуіне елеулі үлес қоса отырып, көптеген шығармашылық тұлғалардың қалыптасуы мен дамуына ықпал етті, көркемөнер саласындағы қызықты жобаларға көшбасшы болды.
Факультеттің бұдан кейінгі дамуы тек сурет, кескіндеме, композиция, мүсін және өнер тарихы бойынша арнайы дайындықты күшейтуге ғана емес, сонымен қатар болашақ сурет педагог мамандардың оқу, әдістемелік және әдіснамалық та даярлықтарын дамытуға және де жалпы орта білім беретін мектептермен де тығыз байланыс орнатуға да бағытталған.
Кеңестік кезеңнен бастау алған «Бейнелеу өнері және сызу» факультетінің қалыптасқан тарихына қазіргі білім саласында болып жатқан реформалар жоғарғы кәсіби білім беру жүйесіне өзгерістер енгізу қажеттігін тудырды.
Осы мақсатта 2013-2014 оқу жылы бұрынғы «Көркемсурет» факультеті қазіргі «Өнер, мәдениет және спорт» институтына айналып «Шығармашылық мамандықтар» кафедрасы, «Бейнелеу өнері және қолөнер теориясы мен әдістемесі» кафедрасы, «Музыкалық білім беру және хореография» кафедрасы, «Дене мәдениеті және спорт педагогтарын даярлау теориясы мен әдістемесі кафедрасы, «Бастапқы әскери дайындық және педагог-ұйымдастырушы» кафедрасы, «Дене тәрбиесі және сауықтыру» кафедрасы ашылып, өнер саласының ЖОО-на, колледж, лицей, арнайы өнер мектептері мен жалпы орта білім беретін мектептерге оқытушы-мұғалімдер дайындап шығару бағытында қызмет атқаруды жалғастырды.
Өнер, мәдениет және спорт институты көбінесе өзінің сонау тарихи даму жолында тек тамаша ғалымдарымен, суретшілері мен ұстаздарымен ғана танымал емес, сонымен қатар институтымыздың қабырғасында білім алып, түлеп ұшқан түлектері Қазақстан Рес­публикасында, алыс-жақын шет мемлекеттерінде өздерінің көркем шығармашылығымен, керемет көркем туындыларымен кең танымал кәсіби суретшілер мен өнертанушыларымен де аты мәлім. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер, мәдениет және спорт институты көркем білім беруде суретші педагог мамандарын дайындайтын Қазақстанның өзіндік келбеті, ұлттық дәстүрлі мектебін қалыптастыра отырып, суретші педагог мамандарды дайындаудың қалыптасқан дәстүрлі жалғасы бар, жоғары мектептің көркем білім берудегі концепциясы болып табылды. Есімдері мен шығармашылықтары қазақ кәсіби бейнелеу өнерінің шежіресіне мықтап енген институттың атақты түлектері – Ерболат Төлепбай, Берікжан Әлмұхамбетов, Кәрімбай Қыстаубаев, Байтұрсын Өмірбеков, Леонид Медведев, Анатолий Переверзев, Любовь Ивахнова, Николай Журавлев, Елена Зальцман, Нина Стариченко, Анарбек Нақысбеков, Мұратбек Нұрлыбаев, Сана Қасымбекова, Ерхасан Көмеков, Нина Назарова, Болат Байжігітов, Әбдуәлі Төлебиев, Темірхан Ордабеков, Владимир Власюк, Анатолий Дашко, Амангелді Каримов, Тоқтар Бейсенбинов, Жұмабике Атчибаева, Галина Лапп, Бабабек Салауатов, Рамазан Мизанбаев, Қайырғали Өмірбаев, Марат Нүсіпов, Алпысбай Қазғұлов, Тоққожа Қожағұлов, Сергей Коротин, Құдайберген Болатбаев, Батима Зәуірбекова, Қайырбай Закиров, Айтбай Құлбай, Нэлли Бубэ, Алтынбек Құмаров, Жүрсін Балкенов, Жанұзақ Мүсәпір және басқалары.
Кезінде көркемсурет-графика факультеті деген атпен белгілі болған бұл институмыздың түлек­тері ішінде тек суретшілер мен педа­гог­тар ғана емес, түрлі саланың тарландары шықты. Солардың ішінде ерекше айтатын тұлға – белгілі ақын, Қазыбек Иса. Ол қазір ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, «Қазақ үні» газеті президенті. Халықаралық Алаш сыйлығының иегері. Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлықтың лауреаты. «Парасат» және «Құрмет» ордені иегері. ЮНЕСКО Әлемдік өнер және мәдениет академиясы академигі.
Жалпы алғанда, бүгінде институтымызда 5 кафедра бар. Олар: дизайн кафедрасы, көркем білім беру кафедрасы, музыкалық білім беру және хореография кафедрасы, бастапқы әскери дайындық кафедрасы, дене шынықтыру және спорт кафедрасы.
Ал, бүгінгі таңда институтымызда бейнелеу өнері, қол өнері және дизайн, музыкалық білім беру және хореография, бастапқы әскери дайындық, дене шынықтыру және спорт дәстүрлерін оқыту өз дамуын тиімді жалғастыруда. Институттың профессорлары мен оқытушылары құрамының көпшілігі педагогтық қызметпен қатар шығармашылықпен де айналысуымен танымал. Олар әртүрлі қоғамдық және шығармашылық одақтарының мүшелері, сонымен қатар көркем білім беру саласының аумағында білім беру ұйымдарының әр деңгейне арнайы құрастырылған оқулықтар, оқу әдістемелік көмекші құралдарының да авторлары.
Негізгі бағыты ол жоғары оқу орындары аумағында көркем педагогикалық білім беруде классикалық типтегі институтқа айналу. Институтымызда мамандар даярлаудың көпдеңгейлі жүйесіне (бакалавриат, магистратура және докторантура) толық көшкен.
Өнер мамандарын дайындау ісіндегі заманауи халықаралық көркем педагогикалық білім беру тәжірибелерін тереңінен зерттеудің арқасында институтта жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің ғылыми-тәжірибелік базасы, ғылыми-шығармашылық орталық және институттың басқа да құрылымдық бөлімшелері ашылуда.
Университетте оның ішінде Өнер, мәдениет және спорт институтында соңғы кездегі тың өзгерістер білім беру мазмұнын қайта қарауды, бірқатар жаңа ин­новациялық озық педагогика­лық тәжірибелерді оқу үдерісіне ендіруді, оқу дәрісханалары мен оқу шеберханаларын жаңа инновациялық үлгіде толық жабдықтауды талап етті. Мұның өзі жоғары оқу орнында көркем педагогикалық білім беру саласын жоғары деңгейге көтере отырып, сапалы түрде кәсіби мамандар даярлап шығаруды жүзеге асыруға кең мүмкіндік беретіні баршамызға аян.
Бүгінде институтымыздың елеулі дамуына, тыныс-тіршілігінің кең орын алуына өздерінің үлесін қосып келе жатқан профессор оқытушылар құрамын ерекше атап өтуге болады. Олар: Б.Е.Өмірбеков, Қ.Қ.Мұратаев, Б.А.Әлмұхамбетов, Б.Е.Оспанов, Т.О.Ордабеков, Т.М.Қожағұлов, Г.В.Лапп, Қ.О.Жеделов, Е.Мухид­­динов, С.Тәукейұлы, А.Қарақов, Е.Батталханов, А.Илья­сова, Қ.Адам­беков, Б.Сақаев, Қ.Ибраева, А.Ахметова, М.Джексем­бекова, С.Балагазова, А.Момбек Е.Мұстафаев, Л.Нарикбаева, Б.Бекмухамедов, Л.Какимова, Н.Михайлова, С.Жаманқараев, Ж.Тұрдығұлов, Б.Атамқұлов, З.Рабилова, М.Джанаев, М.Султанова, А.Сманова, Ж.Шайгозова, Е.Кісімісов, Е.Қайшыбеков, Н.Қилыбаев, К.Келденова, Қ.Ақашев, А.Тілеужанов, Г.Бекова, Ш. Ақбаева, Е.Әсембай, Р.Қанапьянова, С.Киргизбекова, Е.Құлжабаев, Нұрлан мен Ерлан Байқұлақовтар, Р.Бакаиев, Б.Найманов, М.Канленов, Қ.Оразаева, М.Нұрке, С.Ералиева және т.б. оқытушылар өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісіп, білімді, өнерлі шәкірттер тәрбиелей отырып, ұжымға батыл ғылыми, шығармашылық ізденістер әкелуде.
Бүгінде көркемдік білім мен эстетикалық тәрбие беру саласында қазіргі қоғам түбірлі жаңа талаптар қоюда: нағыз қажет білім ол – өнер саласы және кеңірек айтсақ – мәдениет саласындағы білімнің барлық маңызды компоненттерін қамтитын білім екені айғақ. Институт білім алушылары тек өнерді тани білуге ғана емес, көркем шығармашылықтың әр түрін меңгере білуге оқытуды өзіне міндет етіп қойып отыр.

Тоққожа Қожағұлов, Абай атындағы ҚазҰПУ

Өнер,мәдениет және спорт институтының директоры, профессор, п.ғ.к.

 

 

 

ҚАРАШАҢЫРАҚ

Ең алғашқы жоғары оқу ордасын,
Бітіргенім қанат берер үнемі.
Қарашаңырақ ғылым жырын толғасын,
Сан қияға самғаған сан түлегі!

Суретші боп келген баста талабы,
Мен бұл жерді жиі көргім келеді,
Ақын болдым, мұнда ұшталған қаламы.
Қалай ғана мақтанбайын, себебі
Ұлылардың тиген жер ғой табаны.

Ұстаздарға ұстаxана әр күні,
Табыстары келеді ылғи молайып.
Ұядан бұл ұшқандардың барлығы
Ұлы Абайдың атына сай болайық!

Қазыбек ИСА,
Абай атындағы ҚазПИ-дің
көркемсурет-графика факультетінің 1984 жылғы түлегі

qazaquni.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

жиырма − он жеті =