Біз кемшіліктерімізді көрсетуге неге қорқамыз?

Еуропаның бірқатар елдерінде, әсіресе, көрші Ресей елінде «свадебный генерал» деген ежелден, өткен он сегізінші ғасырдан бері қалыптасқан ұғым бар. Оның негізгі мағынасы мынаған саяды, екі жастың үйлену тойына сән мен мән беру үшін көпке белгілі атақты адамдарды, негізінен иығында алтын жалатқан пагоны бар, кеудесі түрлі медальдар мен ордендерге толы, мейлі ол отставкада болса да генералдарды арнайы шақырады екен. Тіпті, сол үшін оларға ақша да төлейтін көрінеді. Бүгіндер қарап отырсақ орыстардың осы бір «дәстүрі» бізде де сақталған секілді. Жоқ, біз үйлену тойын айтып отырған жоқпыз, онда генералдарсыз-ақ атақты әншілер жетіп артылады. Байыптай қарасаңыз, біздегі сол «тойшыл генералдардың» рөлін қазір түрлі деңгейдегі жоғары лауазымдағы басшылар атқарып жүргенге қатты ұқсайды... Оны дәлелдеу үшін мысал іздеп әуре болудың да қажеті жоқ. Көбіміз назар аудармағанымызбен, ондай көріністі бәріміз жылдар бойы күнделікті көріп жүрміз. Теледидарды қосып қалсаңыз, мерзімді басылымдарды ашып қалсаңыз соған куә боласыз. Айталық, белгілі бір аймақта кәсіпорын немесе мәдени бағыттағы нысан салынып, соны іске қосу керек болды делік. Жерден жеті қоян тауып алғандай жергілікті басшылар оның тұсаукесерін дүркіретіп тойға айналдырады. Аудандық, облыстық әкімдерді былай қойғанда оған түрлі министрлер, үкімет басшысы, тіпті ел Президенті де шақырылады. Мерекелік безен­діру мен той мәзіріне, атақты әншілерге қыруар қаржы жұмсап, бейне бір қадірменді құдасын күтетіндей әуре-сарсаңға түсіп, шашылып шапқылайды. Алыстан ат шаршатып келген басшылар жергілікті лауазымдылардың «Бұл әлемде теңдесі жоқ кәсіпорын, елімізге сарқылмас байлық әкеледі. Енді қырамыз да жоямыз!» деген сияқты қарқынды, жалынды ұрандарын тыңдап, өздері де оған үн қосып тарқасады. Ол БАҚ арқылы бүкіл елімізге, одан әрі шетелдерге де таратылады. Осы бір тұсаукесер тойға келу үшін жоғары лауазымдылардың тек қана жолына қаншама қаражат шығындалады. Олардың пойызбен жүрмейтінін, арнайы ұшақпен ұшатынын ескерсек, халықтың есепсіз ақшасы желге ұшып жатқанын аңғару қиын емес. Бұған жылдар бойғы тәжірибемізден жүздеген нақты мысалдар келтіруге болады. «Жақсыны – көрмекке» дейді халық даналығы. Мақұл, барсын, көрсін. Оған да ешкім қарсы емес. Өкінішке орай, сол әлемде теңдесі жоқ мақтаулы кәсіпорын жарты жыл өтпей жатып тоқырауға тап болады. Не өндірісі өшіп, немесе шығарған өнімдерін өткізе алмай бонкротқа дейін жететіндер бар. Мемлекеттің қор болған қаржысын айтпаған күннің өзінде, ақырында күні-түні аянбай еңбек еткен жұмысшыларына жалақы тауып бере алмай қарапайым адамдарды қинайды. Осы тектес жағдай жиі қайталана берген соң бірқатар кәсіпорындардың тұсауын өзі кесіп жүрген Елбасы бірде бұдан былай ешқандай ашылу салтанатына қатыспайтынын да айтқан болатын. Өйткені мұндай даңғазалықтың ешқандай нәтиже бермейтініне көзі жеткен соң соны айтуға мәжбүр болды. Сонда мемлекеттік бағдарлама бойын­ша заманауи талаптарға толық жауап береді деп жалауын желбіреткен кәсіпорынның жоспарын кім жасап ұсынды? Оның өндірістік қуаты, өнімінің сұранысқа ие болу-болмасын, жанын жұлып жеген бүгінгі нарық атты майданда бәсекеге төтеп бере алмайтындығын ешкім ескермеген бе? Оны салалық министрлік қалай ғана ұсынып, депутаттарымыз қалай ғана қолдап, заңдық тұрғыдан бекітіп, қаржы бөлуге рұқсат беріп жүр?Бұл жобаның ғұмыры қысқа болатынын біліп, алдын ала ескертетін елімізде бірде бір маманның табылмағаны ма? Шетелдің мақтаулы жоғары оқу орындарын халықтың қыруар қаржысы есебінен бітіріп келген білікті оқымысты мамандарымыз неге өз пікірін білдірмейді? Әлде бұл күрделі құрылысқа қомақты қаржы бөлдіріп, оны жолай тонаудың жеңіл жолы ма? Мысалы, базарға италиялық жаңа үлгідегі сәнді аяқкиім сатылымға түсіп жоғары сұранысқа ие болса, қытайлықтар дәп сондай аяқкиімді егіздің сыңарындай етіп жасап, бір жұмаға жеткізбей сауда орындарын толтырып тастайды. Өйткені олар нарықта ненің сұранысқа ие екенін жіті бақылап отырады. Ал, біздің мамандар толық зерттемей жатып, шетелден шетін ғана көргенін қайта жобалап, оны іске асырғанша жаңағы шығаратын өнімге сұраныс аяқталып, ешкім алмайтын болып қалады. Біздің басқа да салалар бойынша жаңалық ашып жүрген «рефор­маторлардың» тірлігі осыған ұқсас болып келеді. Ақырында оның пайдасынан зияны көп болып шығады. Бір қызығы, жаңағы дүркіретіп той жасап, кәсіпорынның тұсауын кескізген аймақ немесе қала басшысы өз қарамағында толып жатқан кемшіліктер туралы бір ауыз сөз айтпайды. Орталықтан келген басшыларға қаланың тек жақсы жағын ғана көрсетуге бар жанын салады. Соған қарап бұл өңірдің экономикасы шұғыл дамып жатқандай әсер аласыз. Халқы әлеуметтік-тұрмыстық жағынан қамтамасыз етілген, ешқандай қиындықсыз байлы-бақуатты өмір сүріп жатқандай көрінеді.Жоғарыдан келген басшылар да жаңағы жергілікті лауазымдының баян­дамасына елітіп, басын шұлғып кете барады. Сонда жо­ғарыдан келген мәртебелі қонақ бұл аймақта шынымен не болып жатқанын білмегені ме? Нәти­жесінде кімді кім алдап жатыр?.. Қандай қымбат бағдарлама болса да ол алдымен соңғы нәтижесімен бағалануы керек. Оның орындалу барысына тұрақты бақылау қажет. Бізде осы жағы тым кемсін жатыр. Бақылау жасайтын басшы аймаққа баратынын апта бұрын ескертіп қоятын әдет бар. Оны естіген жергілікті басшы алдынала дайындалып, ол жүретін көшелерді тілмен жалағандай тазартып, жұмысы жүріп тұрған жерлерді аралатып шығарып салады. Мысалы, жақында ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы егін орағы науқаны басында егісті аймақтарды, оның ішінде Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында болып қайтты. Әрине, мұндайда облыс басшысы Президентке жергілікті жағдайды баяндап есеп беруге тиісті. Есеп беретін шығар, алдында айтқандай жақсы жақтарын ғана тізіп шығады. Айталық солтүстік аймақтың басшысы Президентке жаңа театрдың құрылысы тұралап тұрғанын құлаққағыс етті ме? Оған күмәніміз бар. Өңірдің бас құжатына айналуы тиіс өнер үйі халыққа есігін тәуелсіздік күні айқара ашуы керек болатын. Әзірге тек қаңқасы ғана тұрғызылған. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады. Қазақстанда баламасы жоқ театр деп мақтанышпен айтып жүрген ғимараттың құрылысы енді қашан аяқталары белгісіз. Тапсырыс берушілер астаналық мердігер компанияның жұмысына наразы. Құрылысқа тиесілі қаржыны толықтай алғанмен тындырғандары шамалы. Өңір әкімі осы проблеманы мемлекет басшысына жасырмай ашық айтқанда, керісінше бұл мәселе жылдам шешілер еді ғой. Осыған жауапты жоғарыдағы сала басшыларына Президенттің бір ауыз сөзі жетіп жатыр емес пе? Бірақ бізде ондай үрдіс қалыптаспаған, көптеген басшылар кемшіліктерін көрсетуге қорқады. Беделі мен қызметінен айырылғысы келмеген жергілікті жердегі басшылар небір құйтырқы әдістерді пайдаланады. Жоғарыдан келген басшылар да жергілікті әкімнің жасаған «жол картасын» бұзып, «Маған басқа жер­­лерді көрсет!» деп айтпайды. Сөй­тіп гид-әкімнің жетегінде жүреді. Біздің барлық деңгейдегі башыларға тән тағы бір кемшілікті айта кеткеніміз жөн. Олардың көбі қағазбастылықтан қолдары босамайды. Жоғары жаққа жіберетін есептері дұрыс болса жеткілікті деп санайды. Одан қалды жиын өткізу уақыттарының басым бөлігін алады. Орынбасарларының берген мәліметтеріне сенеді, олар да өз кезегінде істелмеген жұмысты атқарылды деп баяндай салуы мүмкін. Ал, өздері сыртқа сирек шығады, сондықтан қарауында сеніп тапсырылған шаруашылықта не болып жатқанын толық білмейді. Демек ол басшы емес, қағаз толтырушы хатшы ғана. Әрине, біз барлық басшы­ларға қара күйе жағудан аулақпыз. Өз ісіне берілген, міндетін адал атқаратындар да баршылық. Халықтың ортасына жиі шығып, нақты жағдайды өз көзімен көріп, соған байланысты шешім қабылдайтын басшылар да жоқ емес. Бір-екі ғана мысал келтірелік. Ба­қытжан Са­ғынтаев ҚР Үкіметіне бас­шылыққа келген кезде Ақтау халықаралық портында қиын жағдай қалыптасып, шетелден келген тауарлар дер кезінде рәсімдеуден өтпей дау-дамайға айналғаны көпшіліктің есінде. Премьер-министр орынбасарларын жібермей өзі тікелей бақылауға алып, Ақтау қаласына екі рет барып қайтты. Бірінші барғанда жағдаймен жете танысып, соған орай тиісті шаралар қолдануға белгілі уақыт пен нақты тапсырма беріп, екіншісінде оның орындалғанына көз жеткізіп қайтқан-ды. Одан кейін бұл халық­ара­лық порттың жұмысына қатысты осы күнге дейін ешқандай шағым түскен жоқ. Алматы қаласы­на әкім болып келісімен Б.Сағынтаев қаланың барлық жерін аралап шығып, шаһар шетіндегі ықшамаудандардың жағдайының мәз еместігін бірден байқап, өзгелер сияқты қаланың орталығын ғана жылтыратуды қойып, басты назарды сол шет жаққа аударды. Қазір бұл елді мекендерде жаңадан жол салынып, су, газ жүргізу қарқынды қолға алынды. Бұл міне нақты істің белгісі. Бердібек Сапарбаевты да «мазасыз» әкімдердің қатарына жатқызуға болады. Оған Шығыс Қазақстан мен Ақтөбе аймағының тұрғындары куә. Ол да кеңседе отырып алмай аудандарды аралап, тыным таппай жұмыс істегені белгілі. Сондай сапарлардың бірінде қақаған қыста техникалары бұзылып далада қалған полицейлердің өздерін тиісті қызметтерді жедел шақыр­тып құт­қарып қалғаны көпшілікке белгілі. Бүгінгі техника жедел дамыған заманда қоғамда күнделікті орын алып жатқан жақсы немесе жағымсыз жаңалықтарды жасырып қалу мүмкін емес. Кез келген жағдай әлеуметтік желіде жарияланып, сол сәтте-ақ жалпақ жаһанға белгілі болады. Тіпті, қазіргі ақпараттық ағынға ілесудің өзі қиындап кетті. Заманауи техника мүмкіндігін дұрыс пайдаланса оның да берері көп. Мәселен мемлекет басшысы Қ-Ж.Тоқаев әлеуметтік желіде өз парақшасын ашып, кейбір жағдайларға қатысты жеке пікірін білдіріп, тұрғындардың талап-тілектеріне орай соған жауап беріп тұрады. Өкінішке орай, еліміздегі толып жатқан түрлі деңгейдегі басқа басшылардың басым бөлігі бұқарамен байланыстың осы бір түріне тым құлықсыз. Тіпті тұрғындармен бетпе-бет жүздесуден қашқақтап, оларды белгіленген кесте бойынша өткізуге міндетті кездесуді айлап күткізіп әзер қабылдайды. Сонда халық билікке өз мұң-мұқтажын қалай жеткізуі керек? Тағы бір кемшілік, лауазымдылар қол астында болып жатқан жағдайды көре-біле тұра соны түзетуге асықпайды. Басылымдарда жазылып, телеарналарда көрсетілгенше тырп етпей отыра береді. Халық айғай-шуға басқанда ғана қимыл көрсете бастайды. Сонда оларды бұқаралық ақпарат құралдары үнемі түрткілеп оятып, жұмыс істету керек пе? Бұл не деген жауапсыздық? Халыққа қызмет етемін деп келген соң адал жұмыс істеу керек қой. Әлде әрбір басшыға бір-бір БАҚ өкілдерін бақылауға қою қажет пе? Осы тұста ашықтық, сын және өзара сын, сөз бостандығы туралы да айтпасқа болмайды. Байқап отырсаңыздар біздің бұқаралық ақпарат құралдарында сыни, сараптамалық материалдар сирек жарияланады. Оның да өзіндік себебі бар. Телеарналар мен басылымдар жекеменшік болып есептелгенмен бәрібір билікке тәуелді. Тендер арқылы солардың тапсырмасын орындап күн көреді. Қаржы болмаса жұмыстары тоқтап қалатыны белгілі. Кім қаржы төлесе соның тапсырысы орындалады. Ал түрлі министрліктер тапсырыс бергенде тек мақтау, «Бізде бәрі тамаша!» деген бағыт ұстанады. Осы талаптары орындалмаса тендерден дәмеленбей-ақ қойыңыз.Одан кейін ашықтық қайдан болсын. Біз неге өз кемшіліктерімізді көрсетуден қашқақтаймыз. Сынға ұшыраған басшының шегі үзіліп кетпейді, ондай жағдай әлі болып көрген емес. Ауруды жасырғанмен оны өлім әшкерелейді демекші, ол бәрібір ертеңгі күні белгілі болады. Оны халықтың өзі көріп-біліп отыр. Олай болса бұқараның алдында неге өтірікші болуымыз керек. Әлде шетелдің алдында ап-пақ болып көрінгіміз келе ме? Бірақ олар келіп біздің жағдаймызды жасап бермейді ғой. Сондықтан ашықтық керек. Кемшіліктерімізді көзге түртіп көрсетіп, соны жабылып түзесек әлдеқайда ұтымды болар еді. Осыған бой үйретер кез келді... Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz