Нағыз Адам, аңыз Адам өздерің

Аруна мен Дүйсенғалиды құттықтау

Қостанай облыстық Олимпиадалық комитеттің Президенті Дүйсенғали Оспанов пен оның аяулы жары Аруна Жақсығұлованың шаңырақ көтергеніне 25 жыл! Екеуі бірдей арбаға таңылса да, үгілмей, бүгілмей қаскөй тағдырға қасқая қарап, қайсарлықпен мағыналы өмір сүріп келеді. Кәсіпкерлікпен айналысып жүрген екеуінің қайырымдылығына ел риза. Ширек ғасыр бойы бірін-бірі алақанға салып аялап, бақытын аққудың көлге тамған көз жасындай кіршіксіз махаббат пен табанды еңбектен тапқан осы үлгілі отбасы, мерейлі жанұяның өмірі жасқа да, жасамысымызға да үлгі! Дүйсенғали мен Аруананы қуаныш­тарымен құттықтаймын. Ғазиз жан, ғашық жүректерге айтар ағалық ақ тілегім: Жұптарың өмір бойы жазылмасын, Тағдыр да болсын жомарт тарылмасын. Қос аққу ақ айдында жүзсін еркін, Жарқылдатып ерліктің ақ алмасын. Сендер менің аса аяулы бауырым, Көтеріңдер жүктің небір ауырын. Қайсарлыққа басын иіп тізерлеп, Өте шықсын дауылың мен жауының. Сен екеуің – егіз аққу сүйікті, Халық шексіз өздеріңді сүйіпті, Алла өзі қуаныш, бақыт сыйласын, Қатал тағдыр тартқызбасын күйікті. Тойларыңда тұрсын аспан жаңғырып, Махаббатты, ерлікті айтсын халық ән қылып, Аңыз адам, нағыз адам өздерің, Тарихта қаласыңдар мәңгілік! Бал бақыттан күлімдесін көздерің, Шартарапқа тарап жатсын Сүйіншілеген сөздерің, Халқы сыйлап, халқын сүйген қос аққу. Нағыз Адам, аңыз Адам Өздерің! Өздеріңе тілекшімін – осы анық бауырың – Сәбит Досанов, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алматы – Қостанай. 29.09.2019 жыл