Дулат Исабек. ҰЛТТЫҚ КЕҢЕС ЕЛ ҮМІТІН АҚТАРЫНА СЕНЕМІЗ

Президент Жолдауында халықтың  қанша уақыттан бері  күткен сөзі  айтылды

    Ел Президентінің бастамасымен құрылған Ұлттық Кеңес құрамына ұлт мүддесіне бағытталған мәселелерді тұрақты түрде көтеріп келе жатқан тұғыры берік қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар мен құқық қорғаушылар, әр түрлі қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілдері енгенін білеміз. Еліміздің дауысын билікке жеткізетін ұйым ретінде жемісті жұмыс атқарады деп сенемін. Ұлттық кеңестің алғашқы отырысынан-ақ елдің көкейіндегі өзекті де өткір мәселелерді биік мінберден көтере отырып, оның оң шешімін табуына мұрындық болатыны көрініп тұр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған өзінің тұңғыш Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіндегі деңгейі көтеріліп келеді. Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыт келеді. Бұл үшін барлығымыз жұмыла әрекет етуіміз қажет», – деп нақты айтқаны бәрімізге белгілі. Осыдан кейін іле-шала Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында белгілі ақын, қоғам қайраткері, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, осы кеңестің белді мүшесі Қазыбек Иса: «Барлық жерде мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауымыз керек! Ол үшін Атазаңда Мемлекеттік тіл мәртебесін жеке дара иеленуі үшін орыс тілі туралы 7-баптың 2-тармағын алатын уақыт жетті», – деп өзінің қазақ тілін дамыту жолындағы ұсыныстарын ортаға салды. Біз зиялы қауым өкілдері осы ұсынысты қос қолдап тұрып қолдаймыз. ҚР Конституциясындағы дәл осы орыс тілін қолпаштайтын бап алынып тасталса, қазақ тілінің дамуына даңғыл жол ашылары анық. Сонымен қатар, осынау алқалы жиында қазақ тілінің көсегесін көгертуге бағытталған Мемлекеттік тіл туралы арнайы заң дайындау, тікелей Президентке қарайтын Тіл агенттігін құру мәселелерін көп ұзатпай қолға алуымыз керек. Өйткені, бұлардың барлығы да ұлттың ұпайын түгендеуге арналған кезек күттірмейтін мәселе. Президент қанша уақыттан бері халықтың күткен сөзін өз Жолдауында айтты. Ендігі міндет – қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналуы үшін бәріміз бірлесе отырып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, жүйелі жұмыс жүргізе отырып, жүзеге асыруға күш салу. qazaquni.kz