Елімізде мүгедек жандардың туризмі үшін ешқандай жағдай жасалмаған – қоғам белсендісі

211
0
Бөлісу:

Алматыда мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясына арналған форум өтіп жатыр, – деп хабарлайды  baq.kz.

Форумды ұйымдастырушылар елімізде мүгедектігі бар жандар үшін ыңғайлы орта құру мәселесі өте өзекті болып тұр деген ойларын білдірді.

«Мүгедектігі бар адамдар жеке өздері елімізді инклюзивті етіп жасай алмайды. Оны тек қоғам белсенділерімен және азаматтық қоғам құрушы азаматтардың қатысуымен ғана жасай аламыз. Бүгінгі форумға Жапония, Франция, Германия елдерінің мүгедектер қоғамының басшыларын шақырдық. Алдымен оларға барып жағдайды көрдік, яғни олардың тәжірибесімен таныстық. Оларда мүгедектігі бар жандар өздерін кемтар сезінбеу үшін бар жағдай жасалған. Олар дені сау адамдармен қатар жұмысқа барып, өзге де қоғамдық шараларға еш қиындықсыз қатыса алады. Сондықтан бізге бұл бағытта атқаратын жұмыс әлі көп», – дейді «Алматы әйелдер клубы» мен «Инклюзивті Қазақстан» қоғамдық бірлестігінің басшысы Бент-Анат Бейсембаева. 

Жиын барысында кедергісіз туризм, мүгедектердің қолжетімділігі және мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру  мәселесі қаралады.

«Елімізде мүгедек жандардың туризмі үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Тіптен бүгін шетелден келген қонақтарды қонақүйге әрең орналастырдық. Өйткені қонақүйлерде оларға арналған нөмірлер тапшы. Бір қонақүйде бір ғана орын белгіленген. Тек Алматыдағы «Айсер» қонақүйінде ғана 27 нөмір табылды», – дейді ол.

Сөз арасында ол қолжетімділік жағы да ақсап тұрғанын, пандус, арнайы көтермелер, инвотаксилер жеткіліксіз екенін айтты.

«Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа еш жерде қабылдамайды. Ал Франция мен Германияда олардың бәрі жұмыс істейді. Ол жақта арбаға таңылған адамдар өздерін кемтар сезінбейді, бәріне қолжетімділік бар. Бізде де сондай болса дейміз. Қазір елімізде мемлекеттік емес мекемелер мүгедектерге қамқорлық көрсету мақсатында оларды жұмысқа ала бастады. Мұндай кезде олар жария салып, көпшілікке білдіре бермейді. Алайда жариялау керек деп ойлаймын, бұл пиар үшін емес, өзгелер де солай істеу үшін қажет. Біздің «Әйелдер» клубы бес жылдан бері әр жұма сайын қарттарға тегін нан таратып келеміз. Кейбірі бізді өздерін жарнамалағысы келіп жүр деп айтып жатады. Бұл мүлде олай емес, елімізде жағдайы бар адамдар да осылай жасаса деген оймен атқарылып жатыр. Қазақстанда жағдайы төмен адамдарға көмектескісі келетіндер бар, алайда оны қалай жасау керектігін білмей жатады. Міне сондайлар бізден үлгі алып жатса жаман болмас еді», – деді Бент-Анат Бейсембаева.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

9 − 1 =