Салафиттер футболды бақылауына алса, Қазақстанның шаруасы түбегейлі бітеді - бапкер

Футболға бөлінген жүздеген миллиардтарға 1 алаң да салынбаса, сонда қайда жұмсалуда?

Соңғы уақыттары мемлекетіміз үлкен бір әлеуметтік, экономикалық, саяси дағдарыстарды басынан өткеріп жатқан кезде, елдің қазынасынан құмға су құйғандай миллиардтарды «футболға» төгіп жатқаны және футбол айналымындағы/бизнесіндегі қыруар қаржылардың шетел асып жатқаны – бұл мен үшін үлкен қылмыс. Футболдан әлем чемпионатына тарихымыз бойы ешқашан қатыса алмаған Қазақстан футболының жағдайына ашынған наразы топтың қалай террорға айналып кету қаупі туралы және Хорватия мысалын айтамыз...

Біріншіден, 28 жыл бойы бюджеттен бөлінген қаржыларға футбол инфраструктурасы салынбады. Қазақстандағы ешқандай стадион еуростандартқа сай емес. 20 стадионның 19-ы Кеңес одағы кезінде салынған. Салыстыру: Қазақстан 28 жыл ішінде 1 стадион, Өзбекстан 9 стадион салған. Өзбекстан суперлигасы - 80 млн. евро, Қазақстан премьер-лигасы - 137 млн. евро (transfermarkt). Өзбекстан ФИФА-ның рейтингісі бойынша 85-орында, ал Қазақстан осы күнге дейін 170 пен 100-орындардың арасында жүр, әлі. Ал клубтардың әлемдік рейтінгісінде ешқандай клубымыз 100-діктің қатарына кірмейді. 200-діктің қатарына тек бір «Астана» клубы ғана кіреді. Бірде бір футболшымыз трансферлік құны бойынша алғашқы 500-дікке кірмейді (transfermarkt). Бұл факті, 28 жыл бойы футболымыздың дамымағанына дәлел.

Орташа есеппен жылына «Астана» футбол клубына 10 млрд. теңге бөлінеді. 10 жылда 100 млрд. теңге. Осы 100 млрд. теңгеге 1 алаң салынбады. Ешқандай инфраструктурасы жоқ. Сонда қайда жұмсалды бұл миллиардтар?

Екіншіден, 28 жыл бойы бөлінген қаржыдан нәтиже күтпек түгілі, жақын болашақта да нәтиже шықпайтынына көз жетіп отыр. Себебі футболдың негізі, іргетасы – балалар футболы. Ал балалар футболы даму жолында емес және ешқандай дамыту тетіктері жұмыс істеп жатқан жоқ. Осы күнге дейін дайындаған футболшылар шетел тұрмақ, өз клубтарымызда ойнауы үлкен проблемаға айналды. Мысалыға, «Астана» клубының негізгі құрамында неге өзі дайындаған футболшылары ойнамайды? Өздері жыл сайын дайындап шығарған түлектері - футболшылары қайда? Балалар футболының даму өлшемдерінің негізгісі, трансферлік құнымен, клубқа түсірген табысымен өлшенеді. Осы күнге дейін футболшылар дайындап, табыс тапқан жоқпыз және Еуропа клубтарына әлі күнге дейін өзіміз дайындаған 1 футболшыны трансфер жасай алмадық. Қарапайым селекция жасау/өсіру жолға

қойылмаған, балалардың дата базасы жасалмаған, қысқасы ешқандай жұмыс жасалмаған. Яғни балалар футболының дамуына қаржы, инвестиция салынбады. Демек жақын болашақта Қазақстан футболы дамымайды.

Үшіншіден, Қазақстан футболында 100-ге жуық легионерлер бар (нақты саны белгісіз, себебі Қазақстан паспортын ойнағанша алып, кетер кезінде өткізіп кететіндер бар). Легионерлердің табысы туралы, тақырып халыққа жабық. Шын мәнінде қолдарына қанша алатынын біз білмейміз. Бірақ алатын айлықтары аз емес екені айдан анық. Не болса да Қазақстан экономикасынан аз ақша алып кетіп жатқан жоқ. Сондай-ақ Қазақстандық футболшылардың алаңға шығуын азайтып, өз футболшыларымыздың дамуын тежеп жатыр. Легионерлер мәселесінде басшылық еуропалық тәжірибені алға тарта береді. Ол үшін еуропалық футбол деңгейі болуы керек. Онда неге еуропа топ-клубтарынан легионерлер тартылмайды?

Қай тұрғыдан алып қарасақ та, легионерлердің Қазақстан футболына пайдасынан зияны көп. Әлде Қазақстан халқының несібесі – бюджеті легионерлерді асырау, байыту үшін бе? Біздің бұл әрекетімізге қарап, Қазақстан бюджетінің қаржылары Конго, Гана секілді елдердің футболын дамытуға бөлініп жатқандай сезіледі.

Қазақстан футболының дамымағанына, тағы бір нақты дәлел: стадиондағы жанкүйерлердің аздығы. Бизнестің бұлтартпас бір заңдылығы бар – өндірген тауарыңның тұтынушысы болмаса, ол бизнес өледі. Яғни футболыңның жанкүйері-клиенттері болмаса, ол футбол ұзаққа бармайды. Сол үшінде Қазақстан футболы жанкүйерлерсіз өшу алдында тұр. Демек бюджеттен бөлінген қаржылар мақсатқа жұмсалмаған. Егер осы қаржыны жеп-жымқырып қойғандар«Қазақстанда футбол жанкүйерлері аз, сол үшін футбол дамымай жатыр» десе, ол өтірік. Жақында, мемлекеттік кіріс комитетінің: шетелдік футболға бәс тігетін букмекерлік конторалардың бір жылдық салықтық есебі 600 млрд. теңге шамасында екенін жариялады (және өзіміздің қалыптасқан әдетімізше, салықтық есепті барынша жасыратынымыз бар. Соған сәйкес, бұл санды байсалды түрде 2 есеге көбейте берсеңіз болады). Ал футболдың тұрақты телекөрермендері 500 мыңның үстінде. Демек футболдың аудиториясы Қазақстанда айтарлықтай көп. Өкініштісі, Қазақстан футболындағы басшылардың кесірінен: 1. Бюджеттің қаржысы талан тараж етілсе, 2. Футболымыздың дамымағаны үшін халқымыз шетелдік футболдың клиентіне/жанкүйерлеріне айналып, экономикамыздан қыруар қаржылар шетелге кетіп жатыр.

Футбол индустриясы, футбол мәдениеті, менеджменті, маркетингі, футбол мамандықтары, жаттықтырушылар кадры, тб. туралы сөз қозғаудың өзі ұят.

Себебі айтатын ештеңе жоқ. Тек қана, букмекерлік конторалар ғана дамыды. Яғни, футболдың тұтынушысы ретінде ғана қалып қойдық.

Балалар футболы шалажансар, инфраструктурасы жоқ. Егер 28 жыл бойы бөлінген қаржыларға осы проблемалар шешілмесе, футбол дамуы жолға қойылмаса, онда не үшін қыруар миллиардтар бөлінді және енді не үшін бөлінуі тиіс. Менің ойымша, осы мәселеге нүкте қоятын уақыты келді. Халықтың миллиардтап шашылып жатқан қаржысына тоқтау айтатын, бақылау жасайтын уақыты келді. 2-3 адамның қалтасы үшін 28 жыл бойы халық үндемеді. Ендігі жетер. Әр нәрсенің өз уақыты, шегі болады.

Клиенті ең көп, қаржысы/айналымы үлкен, потенциалы күшті бизнесті жүргізе алмау бұл неткен сорлылық? Әлемдегі ең нашар менеджерлер Қазақстан футболына жиналған ба? Қалай ұтылу керектігін үйрету үшін миллиардтарды шашу керек пе? Бюджеттің дайын қаржысын орнымен жұмсамақ түгіл, бірнеше клубтарды қарызға батырып «ерлік» көрсеткендер бар...

Месси мен Роналду өз таланттарымен танылды десеңіздер түбегейлі қате. Оны шығарған ортасы, мамандар. Егер сол Месси мен Роналду бала кезден Қазақстанда болғанда, олар сөзсіз Месси, Роналду бола алмас еді. Қазақстан футбол басшылары қаншама Месси мен Роналдуды «өлтіргені» бір Құдайға аян. Ақша бар, талантты балалар бар. Футболшылар дайында! Болды! Осыншалықты қарапайым. Футбол басшылығындағылар 28 жыл бойы «бюджетіміз Еуропа деңгейіне жетпейді» деді. Халқының саны 4 млн. экономикасы бізден 3 есе кішкентай, лигасы 1991 жылы құрылған, 1995 жылға дейін соғыс өртіне оранған – Хорватия өткен жылы әлемнің футбол державаларын күйрете отырып әлем чемпионатында финалға шықты. Алпауыт Франциямен тең деңгейде ойын көрсетті. Бюджеті әлемнің 50 еліне кірмесе де, футболының даму деңгейі әлемнің топ 10-дығына кіреді. Хорватия – футболды ақшасыз да ойнауға, дамытуға болатынын дәлелдеген ел.

Футбол мен дін фанатизмге жақын. Кейбір елдерде футбол – дін сияқты сенімге дейін жеткенін білесіздер. Ваххабизм соңғы жылдары футболға көзқарасын өзгертті. Еуропа клубтарымен келісіп, футболшыларын жалға беру арқылы футболын жылдам дамытуды қолға алды. Сауд Арабиясы 2018 жылдан бастап әйелзат баласына футбол көруге рұқсат берді. Қазақстандағы ваххабиттер де футболға көзқарасын өзгертіп, футболға «ауыз» сала бастады. Соңғы жылдары «сақалды» футболистерді де алаңда көре бастадық. Фанатизмге жақындау футбол әлеміне вирус сияқты тез тарап кету қаупі күшті. Онсыз да футболымыздың жағдайына тісін қайрап жүрген, наразы жанкүйерлердің бұл «аурумен» ауыру ықтималы басым. Егер салафизм футболды бақылауына алатын болса, Қазақстанның шаруасы түбегейлі бітеді. Миллиондаған адамдардың бірден жаппай агрессивті (бәлкім террорист) болып кетуі - апаттың көкесі...

Футболдың айналасындағы осы қордаланған проблемаларды шешу үшін билік, халық, жанкүйерлер, федерация, клубтар – барлығымыз бірігіп, ақылдасып әрекет етсек деймін. Мен осы адал мақсатқа жету үшін саяси партиялардың, ұйым, компаниялардың қайсысымен болса да бірігуге дайынбыз. Қажет болса, партия құруға да мүмкіндіктер қарастырамыз. Ұсыныстар, талап-тілек, идеяларды талқылау үшін мына төмендегі петицияға ұсыныс жазуыңызды сұраймыз: https://www.change.org/p/uefa-%D1%85%D0%BE%D1%82%D0%B8%D0%BC-%D1%80%D0%B5%D1%84%D0%BE%D1%80%D0%BC%D1%8B-%D0%B2-%D1%84%D1%83%D1%82%D0%B1%D0%BE%D0%BB%D0%B5 Сонымен бірге осы мақала жарияланған Qazaquni.kz порталына және «Арландар» клубының әлеуметтік желілері мен arlandarfc@gmail.com поштасына хат жолдауыңызға болады...

(жалғасы бар)

Фазылбек Әбсаттарұлы,

«Арландар» клубы.

Qazaquni.kz