«Атыңа ие бол, Арда-Шерім!»

368
0
Бөлісу:

«Адамның аты қандай, оның заты да сондай…»
Қазақ даналығы

Адам өмірге келген соң оған ат қойылады. Бұл – өте жауапты іс. Жауаптылығының күштілігін жоғарыдағы қазақтың даналық сөзінің өзі-ақ дәлелдеп тұр. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.у.ә.): «Әрбір адам ең алдымен өз перзентіне жақсы ат қоюы, жақсы білім және жақсы тәрбие беруі тиіс» деген.
Мен сенің атыңды неге Арда-Шер деп қойдым? Жалпы, мен балаларымның бәрінің атын өзім қойдым. Еңлік, Інжу деген есімдерді кәзір көп жұрт қоятын болды. Сенің қарындасың Аяланың атын да бізден көріп қойып жатқандар бар. Сенің өзіңнің де есіміңді Нұғман атаң үйіндегі бәріміз жақсы көретін Үміт апаң өзінің бір қайнысының баласына қойды. Қояр алдында маған хабарласып, рұқсат сұрады. Сұрамаса да болады, әрине, бірақ, ізеті үшін рахмет!

…Кәзір қай жылы екені нақты есімде жоқ, тоқсаныншы жыл­дардың басында мен Шұбар ау­лының әкімі Шынабат деген досыма баруым керек болды. Өзіміздің машина бұзылып қалды да, жолай мінген көлігімнен Шұбар аулының тұсынан түсіп қалып, үш шақырым жердегі ауылға көлік күтіп тұр­дым. Түс кезі болатын. Күн ыстық. Біруақта Шымкент жақтан бұрыл­ған «Уазик» қол көтермесем де өзі келіп менің жаныма тоқтады. Артқы салонның есігі ашылып, ішіндегі жігіт:
– Аға, мініңіз! – деді.
Мен: «Е, таныстардың бірі екен ғой» десем, жоқ, мен танымайтын екі жас жігіт. Әлгі есікті ашқаны сөз бастады:
– Аға, мына рульде отырған жігіт – менің туған інім. Шұбардың қасындағы Жусансайда тұрамыз. Келіншегі алғашқы перзентін, ұл бала босанып еді, бүкіл отбасымыз жиылып бір аптадан бері бір шешімге тоқтай алар емеспіз. Келін – перзентханада. Бүгін балаға тууы туралы куәлік алып барып, шығарып әкелуіміз керек. Сол куәлікті алу үшін ауылдың әкіміне келе жатқан бетіміз. Сізді алыстан көргеннен кейін інім екеуміз: «Не де болса осы кісіге атын қойдырамыз!» деп шештік. Аға, сізге осындай өтініш.
Мен таңғалдым.
– Жігіттер! – дедім. – Мына оқиға адам айтса сенбейтін, тек ертегіде ғана кездеседі дейтін ерекше тірлік. Неге? Біріншіден, бұларың – көзсіз ерлік. Себебі, адамның атын қою сияқты оның бүкіл бітім-болмысына, болашақ тағдырына тікелей әсер ететін асқан жауапты істі кез келген көлденең көк аттыға сеніп тапсыруға болмайды.
Оқиғаның екінші адам айтса нанғысыз жағы – сендердің басқа емес, нақ маған тап келу­лерің. Ал, менде күні бүгінге дейін қойнымдағы құдай қосқан қосағым да білмейтін, өзім қалтамнан тас­тамай салып жүретін қойын кітапшама бала-шағама, немере-шөберелеріме, шөпшегіме қоярмын деп жазып қойған қырықтан аса ұл баланың, жиырмадан аса қыз баланың есімі бар. Егер дәл осы жайтты киноға түсірсе жұрт: «Кино ғой, көрдің бе, тоқтаған адамының қалтасында пәленбай есімнің тізімі жүруін» деп сенбестік танытар еді. Бірақ, киноға өмірдегідей болуға жету қайда! Өйткені, киноның сценарийін адам жазады, өмірдің сценарийін Алла-Таағала жазады ғой…
Енді былай етейік. «Маған сеніп тапсырды» екен деп, мен де өз ойымдағыны сарт еткізіп қоя салмайын. Мына тізімді алып оқыңдар екеуің. Соның ішінен біреуін таңдап алыңдар, қырықтан аса аттың біреуінің ұнамауы мүмкін емес қой. Және қазақтың ескі салтымен мүмкін болса әкесінің атына ұқсастырып қойыңдар.
Жігіттер Жаһангер деген атты таңдады. Сәлден соң әкімнің кеңсесіне де жеттік. Ол біз барған соң келді. Мен онымен дос екенімді пайдаланып:
– Мына жігіттер осындай шаруамен келген екен, басқалар күте тұрар, алдымен екеуінің шаруасын бітіріп жібер, ертерек барып келіншегін шығарсын, – дедім. «Жаһангер Жаппарұлы» деп жаздырып алған екеуі алғыстарын жаудырған күйі кетті.
Тек кейін сол Жаһангердің әкесі мен көкесі қайтып хабарласқан жоқ. Бір күні өзім іздеп барамын-ау деймін, менің қойған атымды ақтайтындай ақылды, білімді, күшті жігіт болып өсті ме екен, көрсем деймін…
Мен «атын ақтайтындай» деген сөзді бекер айтып отырған жоқпын, Арда-Шер. Қазақ балаға қойылған есімді естігенде: «Құтты болсын! Атына ие болсын!» деп тілек айтады. «Атына ие болсын!» дегені «қойылған жақсы атқа лайық азамат болсын!» деген тілекті білдіреді. Лайық болмай жатса: «Жаман иттің атын Бөрі­ба­сар қояды» деп жақтырмай қалады.
Екінші жағынан, адамның есімі де оның астындағы аты секілді, оған иелік ету оңай емес. Атына ие бола алмағандардың, «ақаңды» жақсы көргендердің арасында ардақты ағаларымыз Мұхаммедқали (Мұқағалидың азан шақырып қойған аты) мен Жәмшид (Шәмшінің шын есім) болғанын өкінішпен ауызға алуға болады… Жалпы, қазақта әрбір екінші немесе үшінші сөздің екі немесе одан да көп мағынасы болады. Бұл жерде адамның есімі мен ол көлікке мінетін басты жануардың да «ат» деп аталуы кездейсоқ емес. Жалпы, бұл өмірде ешнәрсе кездейсоқ болмайды…
«Атқа ие болу» деген сөздің мағынасы, әсіресе, қосарланған есім (мысалы, Мұхаммед-Ханафия, Қасым-Жомарт деген секілді) қойылған кезде айрықша. Өйткені, қосарланған есімнің адамға тигізер әсері де екі есе. Ол жайлы Мырзакелді Кемелдің «Ғибрат» деген кітабында мынадай әдемі мысал келтірілген.
…Дінмұхаммед Қонаев 9 жасар бала күнінде Бақанасқа бара жатқан жолда қатты ауырып қалады. Ата-анасы сұрастырып көрсе, сол маңайдағы елде аузы дуалы Оспан қожа деген молда бар екен, соған апарады.
– Бала өзіне берілген есімді көтере алмай жатыр. Құда қаласа, мен үш күн дем саламын, жазылып кетеді, кейін үлкен азамат болады, – дейді Оспан қожа.
Қонаев билік басында отырған­да әкесі: «Баяғыда сені Алланың шарапатымен аман алып қалған Оспан қожа ұсталып кетіп еді. Баласы Сәрсен сол жерде аудан басқарды, бірақ, соғыстан қайт­па­ды. Одан жалғыз ұл бар деп ес­тимін, қол ұшыңды берсейші» депті.
«Мен ешкімге ешнәрсе айтпастан сол жігітті – Өмірзақ Сәрсеновті қызметтен өсірдім, сыртынан бақылап жүрдім. Ол көп жыл Қазақстан Тұтынушылар Одағын басқарды, КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болды. Қызметін абыроймен атқарды» деген екен Қонаев бірде.
Мен де саған тізімдегі есімдер­дің ішінен осы қосарланған есімді бекер таңдап алған жоқпын. Есіміңе қарай Алла-Таағала несібеңді де екі есе етсін деген тілекпен қойдым. Қазақтың ормандай қалың бір тармағы Ноғайлыдан шыққан атақты Шалкиіз жыраудың Темір ханға айтқан мынадай сөзі жеткен бізге ата-бабадан:
Тебінгінің астынан,
Ала балта суырысып,
Тепсінісіп келгенде,
Тең атаның ұлы едің,
Несібеңді артық етсе – Тәңірі етті!
Сенің де несібеңді Тәңірім артық етсін, балам! Алла-Таағала өз жанынан ешкімге ешнәрсе бермейді, ол тек адамдардың бірінен алып екіншісіне береді. Саған да несібені артық етіп берсе, сен де соған лайық болуға тырысып бағуға тиіссің. Лайық болсаң Тәңірім берген үстіне бере түседі, лайық болмасаң, ұстай алмасаң – алып қояды.
Жалпы, адам баласына несібе беріп бір сынайтын Алла-Тағала, одан алып тағы да сынайды. Берген бақты ұстап қала алған, берген несібені ала білген адамға тағы да береді, тағы да береді, бере береді. Ала алмаған, бағасына жете білмеген, басына келіп қонып тұрған бақ құсын ұстап қала алмаған, үркітіп жүберген адамға, халыққа, елге оны енді қайтып бере қоюы қиын. Беруін береді-ау, бірақ ол үшін адам баласы қаншама қиындық көреді, тер төгеді десейші
Несібені, бақ-дәулетті ұстап қала білген адамның мысалы ретінде өзімізге туыс, бүкіл алаштың маңдайына біткен керемет дарынды әртіс ағамыз Асанәлі Әшімовті айтсақ болады. Ол кісінің бар болғаны 32 жасында қазақ киносының тарихындағы теңдессіз екі туынды өмірге келді. Біреуі – «Атаманның ақыры», екіншісі – «Қыз-Жібек». Екеуінде де Асекең басты рөлді ойнады. Басты дейтін себебім ол ойнаған Бекежан кинода Төлегеннен көп жағынан басым түсіп тұрды. Оны елдің бәрі мойындады.
Міне, Асекең осы бақ-дәулетті мақтанбай, масаттанбай тектілікпен көтере білді. Кейін, 62 жасында құдыреті күшті Тәңірім оған қайғыны да қабаттап берді. Алдымен жастай қосылған жары, Шәкен Аймановтың қызы – Майра Айманованы алды. Оны аз дегендей көзінің ағы мен қарасындай екі ұлын – Мәди мен Сағиды бірінің артынан бірін әкетті. Әке жолын қуған Сағидың, енді жарқырап көрініп келе жатқан аса талантты ұлдың қазасына бүкіл қазақтың қабырғасы қайысты. Бұндай қайғыны кім көтереді? Әрі батыр, әрі ақын Махамбет айтқандай: «Қабырғасын қақыратып, біртіндеп тұрып сөксе де, қабағын шытпас ер» ғана көтереді. Асекең көтере білді. Қазақ бұндай жағдайда:
«Қас нар түйе белгісі,
Терісін тірі сойсаң да,
Бақырмайды деуші еді.
Қас арыстан белгісі,
Айналып кетсең артына,
Ақырмайды деуші еді.
Қас жақсының белгісі,
Қандай қайғы көрсе де,
«Аһ!» ұрмайды деуші еді»! – дейді. Асанәлі ағамыз «аһ!» ұрса ұрған шығар, бірақ оны сыртқа көрсетпеді. Күйіктен кейбір бор­кемік атақтылардай араққа салынған жоқ, ауруға да берілмеді. Сынағына шыдаған сабазға Алла-Тағала Бағдаттай өзінен екі есе жас, әрі ақылды, әрі көрікті жанды адал жар етіп кезіктірді. Жеңгеміз жетпіс жастағы жігітке екі шекесі торсықтай ұл сыйлады…
Тектілік Асекеңе қайдан келді десеңіз, оның алтыншы, менің жетінші атам Сүтемген 1726 жылы Әбілқайыр ханмен «қазақтың жерін жоңғардан азат етеміз!» деп келген, әр біреуі он адамға татитын, Еділ бойының қалмақтаырмен соғыста шыңдалған, сыналған 20 мың сарбаздың біреуі болған. 1755 жылдары Арқадағы бір жорықтан қайтарда қаза болып, бір бураға сүйегін артып, тоқтамай жүріп отырып аянменен Түркістанға, Яссауи кесенесіне әкеліп қойылған адам. Кесенедегі тізімде №67-ші болып, «Шеркеш Сүтемген батыр» деп жазулы тұр. Менің өз қолыммен жөнелткен нағашы әжем, Созақтағы Таманы 21 жыл қатарынан билеген, кеңес өкіметі кәмпескеленген малын бөліп берген кезінде «бұл кісіден өмірімізде тек жақсылық көрдік, оның малын алып, әруақ-Құдайға шет болар жайымыз жоқ» деп, ауылдастары түгел бас тартқан, 80-нен асқан шағында Созақ көтерілісіне рухани дем беруші болып қатысқан, сол үшін оны жазалағысы келген кеңес өкіметі атуға үкім шығаруға батпай, Батыс Қазақстанға жер аударған, арының, жанының, қолының тазалығы арқасында тірі кезінде-ақ әулиелікке жеткен – ал, әулиелік тек тазалыққа ғана қонады, тек соған ғана тұрақтайды, – сол әулиелігінің арқасында жер аударылып кетіп бара жатқанда: «Айналайын, Алла-Тағала, Ахмет етіп жаратқаның рас болса, мені Түркістаннан өткізбей алшы!» деп тілеген тілегі қабыл болып, Түркістанға жеткен жерінде ауырмай-сырқамай қайтыс болып, Әзірет Сұлтан кесенесінің жанына жерленген атақты Ахмет болыстың бірінен бірі өткен бес сұлу қызының үлкені Рахима әжем айтып отыратын:
– Әкеміз ел мәселесі бойынша мәслихат жасаған жиындарына мешіт ұстаған Ысқақ пірәдәрі әйелі, Әшімнің шешесі, бүгінгі атақты Асанәлінің ерлердің орнына жүрген әжесін де алдыртып, ақылдасушы еді…
Мен енді өзімнің тізімімдегі біраз ұл мен қыздың атын атап шығайын, мүмкін, ұнаған жандар болса керегіне жаратар. Халықтың кішкене болса да қажетін өтегеннен артық қандай жақсы іс болуы мүмкін? Ұлдың аты. 1.Аллажар. 2.Асылмұрат. 3.Алмамбет. 4.Шуақ. 5.Сырғақ. 6.Толағай. 7.Иман-Жүсіп. 8.Ыстық-Қайрат. 9.Нұрлы-Ақыл. 10.Жылы-Жүрек. 11.Талап. 12.Еңбек. 13.Терең-Ой. 14.Қанағат. 15.Мейірім. 16.Шапағат. 17.Бақ-Қара. 18.Қыдыр-Дары. 19.Дара-Тұлға. 20.Елге-Пана. 21.Кең-Пейіл. 22.Кетпес-Дәулет. 23.Сайып-Қыран. 24.Ұран. 25.Пыран. 26.Жыр-Ән. 27.Тәуекел. 28.Ақ. 29. Пан. 30. Жан. 31.Бек. 32. Бол. 33. Бал. 34.Күнтуды. Қыздың аты. 1.Аяла. 2.Аппақ-Нұр. 3.Аққу. 4.Ақ-Кербез. 5.Айнамкөз. 6.Ерке-Сылқым. 7.Наз-Қоңыр. 8.Керімсал. 9.Талшыбық. 10.Тамаша. 11.Гүлөмір. 12.Гүлдәурен. 13.Гүлдер-Айым. 14.Айтолды. 15. Айдай. 16. Күндей. 17. Балдай.
Арда-Шерім, сенің есімің «ар­дақты, ерекше, кемел» деген мағынаны беретін «арда» деген парсы сөзі мен тікелей аудармасы «арыстан» дегенді білдіретін «шері» деген араб сөзінен құралған. Сенің есіміңді «Кемел адам» деп аударсақ дәлірек болар. Парсы мен армянда осы атпен есімі аталған патшалар болған.
Атыңды ақта. Соған лайық бол! Жоғарыда аты аталған аталарың тәрізді еліңнің елеулісі, халқыңның қа­лаулысы бол, сол аталарыңнан үлгі ал. Солардай болуға, шамаң кел­се озып бағуға тиіссің. Өйткені, сен текті атаның ұрпағысың, балам…

Өмірзақ Ақжігіт

qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

3 × үш =