Шөмішбай Сариев: Тілімізді сатпақ мәңгүрттер бар

1566
1
Бөлісу:

Мен бүгін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына Құрметті мүше ретінде, Мемлекеттік тілді насихаттау мен оны өмірге ендіруге атсалысқаным үшін Халықаралық Қазақ тілі қоғамының «АНА ТІЛІ» АЙРЫҚША БЕЛГІСІМЕН» марапатталу сәтінде бір өлеңді оқуды мен өзіме парыз санаймын. Бұл Қазақ елі Тәуелсіздгімізді алған тұста жазылған. Қазақ тілінің Мемлекттік тіл болуына қарсы болған тұлғалы адамдарға қарсы жазғанмын. Сол тұста Қазақстан Жазушылар одағында үлкен жиын болды. Қазақтың нарқасқа қайраткер азаматтарының көзі тірі кез еді. Мен осы өлеңді оқып болған сәтте бәрі орындарынан тұрып қол соқты. Атақ абыройы зор ағамыз Асқар Тоқпанов: «Атаңа нәлеттерге қазір үйлеріне барып, ойранды салып, тас талқанЕтеміз!»- дегенде бәрі қостап, бәрі есікке харай беттеді. Сол кездегі Жазушылар одағының басшыларының бірі Қалаубек Тұрсынқұлов: «Ағатайлар ашуларыңызды басыңыздар. Ертең бәрін шақырып алып бетінен қайтарамыз!» – деп, аға-көкелеп әзер тоқтатты. Мен бірінші рет бір Өлеңнің халықты, ел-жұлтты көтеріп кете алатынына көзім жетті. Сол Өлеңді «АНА ТІЛІ АЙРЫҚША БЕЛГІСІМЕН» марапатталған баурымыз, ҚАЗЫБЕК ИСА: «Біздің «ҚАЗАҚ ҮНІ»газетіне ұсынсаңыз» , – деді Сол тарихы бар сол өлеңді газет оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көрдім. Өлеңнің аты: «ҚАЙТ, РАЙДАН!»

Шөмішбай Сариев,

Ақын

ҚАЙТ, РАЙДАН

Ана тілінің мемлекеттік тіл болуына қарсы кейбір дүбәра, шала қазақтарға хат

Ел болдық, елдігімізге ақылмен жетер,

Сонша момын болармыз ба, мақұлмен кетер.

Тілімізді сатпақ мәңгүрттер бар,

Ісіне қарасаң кәпірден бетер.

Болғаны ма шет жұрттан жиғаны көп,

Өзінен гөрі өзге ұлтқа ибалы боп.

Жүзі – қазақ, Миы басқа, О қасқа,

Иншалла десе де иманы жоқ…

Амал тауып алатынын алып жатыр…

Ойыңнан қайт деп халқың налып жатыр,

Қазақтың оқығандары неғып жатыр,

Өртке айналар отты пықсытып жағып жатыр.

Қайран тіліне, тіліңді тигізер ме едің

Болмасаң, қаны – қазақ, жаны – кәпір.

Көзіңді шұқып айтпасақ,

Жай сөзге қысылайын деп жүрсің бе?

Туған тіліңнің көрін қазып,

Табытын ұсынайын деп жүрсің бе?

Өлара мезгілді пайдаланып,

Әруақ назарына ұшырайын деп жүрсің бе?

Тоғыз ай толғатқан туған анаңды – анам десең,

Әкеңнің арғы аталарын – бабам десең,

Жаңылмас – жақ, сүрінбес – тұяқ жоқ деген,

Қорық құдайдан,

Қайт райдан,

Қазақтың жүрегінде қалам десең!

Қасиетті киелі қазақ біліп ал,

Туған тіліңнің періштесі, пірі бар.

Ә-ә-й! Ата-бабаңның әруағы атқыр,

Анаңның тілінде не әкеңнің құны бар?!

Шөмішбай Сариев,

Алматы шаһары

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

1 пікір жазылған

  1. нарбота 26 Қыркүйек, 2019 16:22 Жауап

    Шөмішбай аға! Өлеңіңіз шынымен нағыз қазақтың делебесін қоздыратын ҰРАН екен. Алла жарылқасын Сіздей ұлт жанашырын.

Пікір немесе жауап жазу

16 − он бір =