Қазыбек Иса: «ҚАНДАС» деген ҚАНЫҢ ТАРТАТЫН СӨЗДЕН НЕГЕ ҚАШАМЫЗ!

1465
7
Бөлісу:

Ұлт рухын көтеру мен тіліміздің кең қанат жаюында қазақ халқы санының көбеюі басты рөл атқарады. Сондықтан, 30 жылға жуық уақытта шетелдерден миллионнан аса қазақ Тәуелсіз Қазақстанға – атамекендеріне келіп, қазақтың қатарын көбейтті. Негізі Көші-қон саясатындағы көптеген тосқауылдар болмағанда, бұдан да көп келетіні айқын еді. Сондықтан шетелдегі этникалық қазақтардың Қазақстан Республикасына кедергісіз келуі мен азаматтықты жеңілдетілген жолмен алуын заңмен бекітуіміз керек. Балшықтан адам жасай алмай жатқанда шеттегі 6 миллиондай қазағымызды Қазақтың көк туының астына жинау керек!

Парламентте қазір көші-қон саласына байланысты «оралман» атауының атын ауыстыру көтеріліп жатыр. Ол тіпті, әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов ұсынған «Бауырлас» деген атау тура мағына бермейді. Кешегі Кеңес империясы кезіндегі 15 одақтас елді «бауырлас елдер» деген, айдаладағы шетелдегі бір қала мен екінші қаланы «бауырлас қалалар» деген жасанды ұғымдар қазақи емес, «саяси» мәнге ие болып кетті.

Мәжіліс депутаттарының «Бауырлас» сөзіне неге «бауыр басып» қалғанына түсінбеген ақын Ауыт Мұқибек те өз парақшасында орынды мәселе көтеріп, «қандас» атауын қолай көріп тұрғанын меңзейді.

Иә, біз осы «Қандас» деген қазақы атауымыздан неге қашамыз?

Қазір Германияға барып қайта келген, немесе Ресейге барып, қайта келіп жатқан өзге ұлт өеілдері де кездеседі. «Оралман» атауы олардың да оң жамбасына келе кетеді. Ал репатриант атауы тағдыр талқысымен тарыдай шашырап кеткен қазақтарға – мемлекет құраушы ұлт өкілдеріне ғана тиісті атау болуы керек. Сондықтан, бұл жерде «қандас» атауынан артық атау табылуы қиын. Баспасөзде «репатриант» атауы – уақытша атау екенін, сондықтан олар азаматтық алған соң «қандас» болмай қала ма немесе олар қандас болғанда жергілікті қазақтар қандас емес пе?» деген белгілі журналист Сәкен Сыбанбай бауырымыздың орынды сауалы да қойылуда. Солай болған күнде де біз шетелге барғанда, ондағы көзіңе оттай басылатын қазақ ағайындарымызды көргенде бірден «қандасым» деп қаның ойнап шыға келеді. Ал өз елімізде біз қазақтар, бір-бірімізді «қандасым» деп атамайтынымыз анық. Өйткені ондай қажеттілік тумайды. «Қандас» деп өзге ұлттардың ішіндегі өз ұлтыңды айтасың. Қалың қазақтың Ішінде, өз отанында өз қазағыңды бір-бірінен бөлектеп, «қандас» демейсің ғой… Өйткені бәрінің қаны бір ғой! Иә, мен Қытайдағы белгілі тележурналист Қуандық Асқарды «қандасым» деп, қаным тартып, ондағы миллиардтан асқан қалың қытайдан ерекше бөлек тартып тұрамын. Ал Қазақ Еліндегі қазақтарды, мысалы, тіпті, туысқан інім Сәкен Сыбанбайды шетелдің қазағындай «қандас» демеймін ғой, «бауырым» десем де…

Иә, кейінгі кезде кемістік ретінде елді екіге бөліп тұратын жағымсыз мағынаға айнала бастаған «оралман» деген атаудан гөрі «қандас» деген атау қаныңа тартып, бауырмалдықты оятып тұрады.

Шетелдердегі қазақтарды тарихи атамекеніне жинап алуды қасиетті парызы санайтын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір ұлтты екіге бөлгісі келіп тұратын «шекараға» айналып бара жатқан «оралман» сөзін бар қазақтың бауырлық сезімін оятатын қуаты зор «қандас» деген атаумен атайық деген сәтті ұсынысын қолдауымыз керек!

Енді осы атауды заңдастыру ғана қалып тұр.

Қазыбек ИСА,

«Қазақ үні»

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 7 пікір жазылған

  1. Тоғайбай нұрмұратұлы 22 Қыркүйек, 2019 16:26 Жауап

    Мына «оралман» сөзіне не дейміз?

    …Жерімді орыс алғасын
    Кетіп барам жерініп.
    Жерінің көшкен жер_суым,
    Жатқанын қараш көрініп
    Орыстан қорлық көрем деп.
    Адыра қалған бұл жерге
    Енді кайтып оралман.

    Есенгелді Ақпан жыраудан.

    Оралман деген сөз, қандасым, қазағым оралды деген мағына бермейді. Әйтеуір біреу, бұрын тұрып кеткен еліне оралды деген ғана түсінік береді… Оралман- қазақ үшін жат анайы сөз… Қазақты қазақтан бөлетін жаман сөз..

  2. Алмас Асемханулы 22 Қыркүйек, 2019 17:16 Жауап

    Дұрыс айтасыз шетелге барғанда ол жақтағы қандастарға оралман демеймізғой. Қандас деп айтамыз. Жалпы қандас атауы толық мағынасын ашады. Көші қон заңын жетілдіруде оған жаңа бағытта көз қарас беруге бұл өзгеріс жақсы себтігін тигізеді.

  3. Qyr balasy 22 Қыркүйек, 2019 17:30 Жауап

    Көш заңын жетілдіруде ең алдымен елге оралушыларға дұрыс атау статус беру керек. Қандас деп атауды бекіту өте дұрыс шешім деп санаймын. Шетелдгі соңғы қазақ Қазақ жеріне оралғанша тоқтамуымыз керек. Осы жолда көші қон заңын барлық жағынан жетілдіру керек.

  4. Әсел Ақболатқызы 22 Қыркүйек, 2019 20:57 Жауап

    Барлық көзқарас тұрғысынан қарағанда, «Оралман» сөзін «Қандас» сөзіне ауыстыру- дұрыс шешім. Осы уақытқа дейін Оралман аталып келген қазақтар Қандастарымыз деген атау алса шынында да Қазыбек аға айтқандай, екі жақтан Қанымыз тартып тұратыны анық. Қандай жағдай олардың жер аударуына себепші болмасын, бастысы олар еліне, туған жеріне оралып келген Қандастарымыз ғой!

  5. Әйгерім Өтебайқызы 22 Қыркүйек, 2019 21:02 Жауап

    Құп! Жөнді ұсыныс! Қараңғы қапастан шығып, 30 жылдан бері ашылмаған көзімізді енді ашып, Дүниенің шет-шетінен Қандастарымызды жинайтын Уақыт келді!

Пікір немесе жауап жазу

он үш − 6 =