Жүкел Қамайұлы: Арғы беттен әппақ самал ескендей…

864
0
Бөлісу:

Қаламының мәнері бөлек, ой ырғағы, сөз саптауы айрықша ақын Жүкел Қамайұлы алпыс жасқа толды. Ақын замандасы туралы: «Жалпы, поэзия дегеніміз – біздің жан-дүниемізден тыс, шалғайда тұрған өзге бір әлемді жақындатып беруімен де өлшенеді ғой… Өлеңдерінде жалған бейне, жалған ой, жалған сөз жоқ, сәбидей аңқылдап келіп, көргенін білгенін сол қалпында алдыңа жайып салады. Аңқау, аңқау бола тұра, таза, өте пәк… Иә, жалған сөзбен немесе көшірме сезіммен өлең жазуға нағыз поэзияда тиым салынады» – деп өзі де айтатынындай, Жүкел өлеңіне де адалдық тән.
Төменде ақынның бір шоғыр жыры ұсынылып отыр.

 

ОТАНДЫ СҮЮ

Өзгеден,

Сұңқар құс қалай ұшуды,

Сұры киік қалай жосуды,

Сұрамайтыны секілді,

Отанымды қалай сүюді

Сұрамадым, мен!

Өзгеден,

Ана баласын қалай тууды,

Ай аспанда қалай толуды,

Сұрамайтыны секілді,

Отанымды қалай сүюді,

Сұрамадым, мен!

Өзгеден,

Балық қалай жүзуді,

Бала қалай сөйлеуді,

Сұрамайтыны секілді,

Отанымды қалай сүюді,

Сұрамадым, мен!

Өзгеден,

Таулар қалай тұруды,

Тұлпар қалай тарпуды,

Сұрамайтыны секілді,

Отанымды қалай сүюді,

Сұрамадым, мен!

Өзгеден,

Жел қалай есуді,

Ел қалай көшуді,

Сұрамайтыны секілді,

Отанымды қалай сүюді,

Сұрамадым, мен!

Өзгеден,

Ағаштар қалай өсуді,

Адамдар қалай өлуді,

Сұрамайтыны секілді,

Отанымды қалай сүюді,

Сұрамадым, мен!

АЛАТАУҒА АҚТАРЫЛДЫМ АҚ СӘУЛЕ БОП…

І.

Тау – Тәңірім,

Аспаныңнан ақ сәуле боп келіп еді, құйылғым,

Амалым не, ақша бұлттай сұйылдым,

Гүлдей едім – тасты жарған, төзімімнен не қалды,

Қастерлім-ау, қарт Алатау өзіңе енді сиындым.

Сағыныш пен өлең-жырға – бал шәрбатты мас болып,

Түнек, түннен түс ұрлаған жампоз едім жас болып

Мәңгіліктің жиегінен ой жетелеп кеткен ем,

Содан бері маған бір мұң алған сыңды бас болып.

Ашық күнде ақша бұлтқа аспан болдым біртүрлі,

Доғар тағдыр,

Ащы жаспен бет-жүзімді сүртуді.

Иесі кім,

Күзгі бақта бір бұтаққа ілінген?..

Бір ұядан бір тал мамық сыр айтпақ боп іркілді.

Оралады кезбе түтін кілең мойын жағыма,

Арқаның мен самал желін неге сонша сағынам?!.

Беу, Алатау,

Қоңыр шалдай мұңаймағын сен енді,

Күн қақтаған сұр тастардан талай сырға қанығам…

 

ІІ.

Түнде тұрып,

Таңда тынған жел менен тау секілді,

Түсімде өзге ойлар келіп жүрегіме бекінді.

Алатаудың бөктерінде ала гүлдер жайылып,

Ала таңнан оны біреу қайырып жүрген секілді.

Кең өрісте жыл – арқанды үзердей боп ұмтылған,

Кермек арман ұрттап алды аңдаусызда қыз – талғам.

Кезбе ойды мәңгілік деп өтірікші бола алман.

Алатаудың ащы жасын жұтып жатыр қу жалған,

Талай жылдар мені күтіп көз майынан тоналған!..

 

ІІІ.

Баурап алды көкіректі ғажап ой кеп бір тұстан,

Көзімді ашсам, құйылардай қара сәуле қуыстан.

Үн қатпақ ем, тар әлемге кеңістіктен үңіліп,

Өзге өмірге келдім бүгін – батысынан күн шыққан!..

Ән тамырлы – Алатаудың ырғағына елігіп,

Тәтті ойларым  қалды адыра, көкіректе күрмеліп.

Ақ қыратқа тартып қойған алтыбақан – арманға,

Аспан қызы тұрды әлдимен тербеліп!..

Тәңірімдей – өлең мен жыр сарқылмастай ағылып,

Қиял – құсым өз ойынан, әлсін өзі жаңылып.

Ақ-сүйегі ақ қияда мұзға айналған адамдай,

Жазғы қарлы  Алатауда тұрмын ойды жамылып.

Талай мұңлы көктемнің ән мен күйін жоғалтып,

Кетті арманым өткенге, ақ қардан оқ боратып.

Тәңір сызған тағдырым біртүрлі екен, біртүрлі,

Тек сақтасын дегеннен: «Түсінбеймін, тоба, түк!..».

Жалғандықтан жеңілмес, құдіретті ақ шуақ,

Жансыз бейне болсам да, жаныма кеп жақ шырақ.

Қателіктің көзі өткір, жарық дүние бізді де,

Ақ бөзге орап, содан соң сыйлар ма екен ақ қырат.

 

IV.

Жауған қардай бақиға ежелгі арман тіріліп,

Жан жүректің шуағы шыңға өрмелер, ілініп.

Тау басында білінбес мұз құрсаған жолдармен,

Пері қызы жүгірер зәмзәм алып сүрініп.

Жан алғыштың алдында шырылдаумен жатар жан,

Таусылғанын сезініп тірліктегі татар дәм.

Сосын суық көк Айдын мекеніне айналып,

Мың құбылған тамырға таң боп тәнім, қалар һәм.

Белгісіз бір әлемнің қуысына тығылып,

Ақын қазақ отырар өлеңіне жылынып.

 

V.

Жасыл шөптің бүрінен күн қылтиып ұрлана,

Жаймашуақ сыр шертер жапырақтар ырғала.

Өрмекшілер өрнекпен алуан түрлі тор құрып,

Өмірде жоқ ғажайып ойлар түсер жырға да.

Көлшік суға шомылып, көлбақалар қарық боп,

Құмырсқаны ермек қылар, ертек сүйгіш халық көп.

Алатаудың етегін аңдаусызда басып қап,

Ақша бұлттар шомылар көз жасына қарық боп.

Торы қыздың бетінен самал сүйер еркелеп,

Тобылғының бұтағын күн әжіммен кестелеп,

Сарыарқаның төсінде сапырылған қымызға,

Сағынышпен көз салар қарлы шыңдар қызыға…

 

VI.

Қыран қалқып, қасқыр ұлып, ала сауысқан құрысып,

Жел жүгірер, Алатаудың етек-жеңін түрісіп,

Жанарына тамшы ілген сұрша торғай шырылдап,

Әлдеқандай ақыл айтар ақынына бүрісіп!

Қызыл шақа көк бұталар жүрек мұңын сыбырлап,

Бей уақыт та бір келер шабан  аттай қыбырлап…

Жер-әлемді кезіп жүрген бір әнім бар, ол да елес,

Үнім де әлсіз, әнім де әлсіз арасында болды егес!

Желіп келер Алатауым қар шудасы желкілдеп,

Боталаған жанарынан күміс тамшы мөлтілдеп.

Уақыт емген шоқ айдарлы боз бұтаның түбінде,

Жылы ұяға қоян ығар қос бүйірі бүлкілдеп.

 

VII.

Алма бақтан сұлу елік маған қарап қалғандай,

Алатауға жаз келіпті хас суретші салғандай.

Түрлі бояуға қанығып, төрт мезгілге куә боп,

Мәңгіліктің шырынын баяу жұтып алғандай…

Ұлы әмірмен өмірдемін, уақыт келсе, қайтармын

Ұлар таудың парызына белшемнен бір батармын.

Тірлік осы,  тірлігімде қаншама әлі татар мұң?!.

Қар астынан жарып шыққан белгісіндей ұжмақтың

Қайсар гүлге қыбын тауып әйтеуір тіл қатармын.

 

VIII.

Алатаудың өзі де рас, желі де рас – бір ғашық,

Ақша бұлты гүлдерімен тұрар мәңгі сырласып.

Ала сауысқан шықылықтап, әлдеқайдан үн берсе,

Ақ бас шыңға төгілер қара өлеңім нұр шашып.

Жылау білмес, қатал көңіл ақ тамшыға көміліп,

Таң алдында ойға шомар гүл қауызы сөгіліп.

Қырау шалған кәрі күннің сақал-мұрты селдіреп,

Ақ тірлікке қайран қалар кезбе жел де егіліп.

Ұланғайыр әлемдегі ұлылыққа бас иген,

Ақындарды есіне алар бөктердегі жас изен.

Кеңістікке сіңіп кеткен ең ақырғы нүктеге

Көзін сүзер қарт Алатау, оған бөтен бас изеу!..

IX.

Тірлігі өшкін көне өмірдің тілін тістеп, тершігіп,

Тылсым сәтте көк тырналар ақ сәулеге тұншығып.

Тұлпар иісті ақ сүйектің қуысынан қуарған,

Тас қырандар самғап ұшар, кеңістікке күн құшып.

Алатаудың шудасына жел сүрінер жығылып,

Таңда ыққан ақ лақтай қара апанға тығылып.

Жалғыздықты мойындаған шоқ жұлдызға серік боп,

У жыланды тышқан жұтар зәһарына жерік боп.

Шетсіз, шексіз ұзақ өмір мәңгілікке жалғасып,

Мынау дүние тұра бермек тек адамы алмасып.

Тәңір – Таудың киесінен үміттен бе, үмітің –

Тас мүсінге айналады, жата берме жармасып!..

Сарысы мен аппақ гүлі сары уайымды ән қылып,

Қобыз үні естілер, ол да алыстан жаңғырып.

Кәрі тұлпардың көзі едім мен, өзі едім,

Етегіне Құдірет-Таудың жеттім аяқ талдырып!..

 

Х.

Қиял жұтқан дала төсін қазақы ою кестелеп,

Белгісіз бір қиырдан бір сазды әуен естілед.

Қаз дауысқа жүрегі ынтық бар еді бір бозбала,

Бозбаланы өзгертер ме бөтен әуен кескілеп.

Тау-үйіме талайлар кеп, талай адам дәм татар,

Тарғыл тасты бәрі емес, тек бірі ғана ұнатар…

Мәңгіліктен Тау, Мен, Жұлдыз үшеуіміз өшпейміз,

Туған жердің аспанынан алысқа енді кетпейміз.

Жаңбырдан соң нәзік гүлдің балтыр сызып өткені –

Бізді өзінше өпкені!..

 

ХІ.

Мәңгілікті Тәңірден күткен менің Жан-кием,

Үміті мол тағатыңның алдына кеп бас ием!

Арпалысқан, қызығы мол гүл-өмірден жалықтым,

Ұлылықты өзің алып, мені таны жарық күн!..

Шаршағанда сүртер терді, сүйенер тауым барында,

Өз елімнен ұзамаспын ғаламда!..

Бал шырыннан жұта-жұта, шалдықпасам дертке, мен,

Сағымға әсте бермес едім орын мен жай санамда.

Өрігінің дәмі де, бөлек келер өзгенің,

Өрге қадап кірпігімді өзгені де көп емдім.

Әз халқымның салтын, дауысын сағынып,

Сағынышпен қанша ғұмыр өтті-кетті, жөнелді?!

Тұмса үнді барлық шыңға сіңірем деу – жөн емес,

Туған жердің аспанында тұрады ылғи бір елес.

Тас кемірген көк шаянды бақыттырақ көруші ем,

Тар кеудемді тарыдайын жеген кезде бір егес!..

ХІІ.

Сахарада түйе қомдап, тұлпар мінген қайран ел,

Қайғы-мұңға қаншама жыл жатты сыңсып сайран бел.

Бақыт іздеп, баз кешкенін өзі үшін деп ойламан,

Сарыарқаның кең төсінде шәйіт болды қаншама ер?!.

Жанарымнан тамған жасқа мұз қатырды өгей жел,

Өз тауыма табан тиді,

О, Тәңірім, жебей көр!..[1]

1993, наурыз. Қаратал

 

БАЗЫНА

Маған әнеу жерден

Орын бере сал, Отаным!

Ешкім көзге елеп,

Жерсініп жатпайтын.

Қара шыбын, қоңызынан өзге

Иесі жоқ.

Ақкіс[2] салған

Жиектей иір жымнан өзге,

Адасарлық бұрысы жоқ…

Өлең жазарда әркім сығалап,

Мазамды алмайтын.

Қурай, тікенегі ұйысқан

Бұйығы жер екен.

Маған әнеу алаңқайдан

Орын бере сал, Отаным!..

11.08 – 12.08. 2006. 12:45. Қаратал.

 

***

Қазақ дегенің,

Жағасы ашық болғанымен,

Кеудесі құрыш,

Көкірегінің тереңіне ой жетпейтін.

Аяғы маймақ болғанымен,

Тарамысы  күрмеу,

Шалғанын жықпай

кетпейтін.

Өзі жаяу болса да,

Өзгеге жалғыз атын түсіп беріп,

Айдалада жүгенін ұстап қала беретін.

Қаһарынан қаймықпай,

Қалыңға жалғыз кірсе де,

Кәрі шешесінің алдында,

Құрдай жорғалап,

Бала бола қалатын,

Қабағы – қыс,

Көңілі – жаз болатыны қайда?!

Мына бір қызтекеңнің

Мінезін, түсінбей – ақ қойдым!..

12.08. 2006. 12:39. Қаратал.

***

Келер күндердің сағымындай бұлдырап,

Отаным неге мұңды жандай көрінеді?!

Көктем желіне түріле,

Қой-қозыдай шұрқырап,

Жырға толып жататын,

Алыстап байырғы күндері,

Отаным неге аңызақ желдей сезіледі?!..

Жазғы жайсаң мезгілде

Күн сәулесі тотығып,

Ақбоз үйдің туырлығындай,

Төскейлерін кір шалып,

Жалғыз аққу аспанда

Көз жасындай мөлдіреп,

Иен түзде самал жортып,

Күзеу жұртқа күй төгіп,

Шөңгел кірген табандай

Жүрегімді сыздатып,

Отаным неге мұңды жандай сезіледі?!

11.09.2006. 13:28. Қаратал

 

***

Арғы беттен хат келіпті.

Әндетіп отырып жазғандай,

Көңілді баураған

Суының, жерінің иісін сіңіріп,

Үзік ойды жалғаған

Хат келіпті арғы беттен…

Талайдан мен естімеген,

Көркем сөзбен өрнектелген,

Әдемілеп төрт бүктелген,

Төске тағар тұмардай

Көзге жылы

Көптен күткен хат келіпті…

Бел асқан самалмен

Бірге ұшып келгендей,

Түсімде айтылған

Әдемі сөздерді тергендей,

Үміттің бедеріндей

Бір әдемі хат келіпті.

Арғы беттен

Әппақ самал ескендей…

5 қазан 2006 ж., Бейсенбі,. 16:30

ЫМЫРТТАҒЫӘУЕН                              

Ыдырап, шашылған сейіл бұлттар,

Көн тулақта сабалған жүндей көрініп.

Көпіріп ұшқан ақ қылшықтар,

Өлең туған  түннің сәулесіндей сезіліп.

Түстіктің самалы шашымды тарап,

Түстікке  қарай өлеңім ұшты.

Түстіктің құстары жүректе сайрап,

Түстіктің аңызы санамды құшты.

Шарапқа шалынып, масаң күйде,

Шымылдыққа көміліп,

Дүние иісі жанды билеп,

Қыз сырына күрмеліп,

Көгілдір көрпе, көгілдір шалғын,

Көгілдір сурет, көгілдір шарап,

Көгілдір жаңбыр, көгілдір ұйқы

Көгілдір бейнеге бой алдырып.

Керегенің басындағы өрмекші торының

Көрікті суретіне телміріп жатып,

«Шекара сызығына» белгіленген

Тақап қалыппын еліріп!..

Түстіктен ай  шашымды өрді.

Түстіктен жаңбыр жастығымды көмді.

Түстіктен гүлдер жұпарын төгіп,

Түстіктен  көркің  көз алдыма келді!

ТЕЗЕКТІҢ КӨК ТҮТІНІ

 «Тезек түтіні будақтаған малшының үйінде тудым, мен!..»

                                                                                         Ч. Чимид

1.

Қастерлі анамның құрсағына біте бере,

Ыстық қаныма сіңіп,  денеме тараған.

(Қасиетті әкемнің босағасына түскенімде,

Қызыл шақа танауымды  қытықтап…)

Тірліктің исін сездірген  –

ТЕЗЕКТІҢ КӨК ТҮТІНІ

 

2.

ТӘҢІРІ демеп, шыр етіп жерге келгенде,

Даланың барша жұпарымен денеме сіңген.

Ауызыма алғаш ақ тиіп, уыз ішкенде,

Атажұрттың жусан   исін сездірген,

Сезім, түйсігімнің бастауы –

ТЕЗЕКТІҢ КӨК ТҮТІНІ!

 

3.

Қалың елімнің төрт түлігі қаптай өрістеп,

Құмалақтай шашылып.

Ұланғайыр байтағына,

Ұрпағым жалғасып жатқанда,

Төрімді жамандықтан аластап,

Төрткүл дүниеге иісін шашар –

ТЕЗЕКТІҢ КӨК ТҮТІНІ!

 

4.

Киіз туырлығымды көтерген –

Қарынды уықтарым секілді,

Қағанатымның еңсесін түсірмес –

ТЕЗЕКТІҢ КӨК ТҮТІНІ!

 

5.

Желіге тізілте байлаған,

Асау құлындарым секілді,

Алқапты даламның желкесінде

Желкілдеп жатар –

ТЕЗЕКТІҢ КӨК ТҮТІНІ!

14:44. Қырат

 

ЕГІЗ ҮШ ӨЛЕҢ

 

  1. СӘРЕ АШАР

Түсімде әкемді көрдім-ау, деймін!

Қолында бүркіті

Қанатын қоңыр шалған,

Үстінде барқыт қара шапаны

Мойнына дүрбі салған.

Астында баяғы көкжал құла,

Қамыс құлағын алды-артына

Қайшылаған!…

Түсімде әкемді көрдім-ау, деймін!

Бойы бұрынғыдан сәл ұзарып,

Қалған сияқты  сақалы да бозарып.

Қызыл пұшпақ тымағындағы сарғылт үкі,

Көрінді ол да алыстан тым ағарып!..

 

Түсімде әкемді көрдім-ау, деймін!

Әлде нені айтқандай,

Ерінінен емеурін байқалып,

Ат үстінде жер аңысымен

Шайқалып,

Күміс белбеуінің бедеріне дейін

Ап – анық,

Тау бөктерлеп келе жатты

Күзеу жұртты бетке алып!..

 

Түсімде әкемді көрдім-ау, деймін!

Сөредегі жас құртты

Кезқұйрық іліп кетпесін деп,

Ақ құйрығын сарлықтың

Шешем ашаға байлап  жатты.

Іргеде айран ұйып қапты,

Ағаш саптаяққа құйып ап,

Толтыра оны сапырып жатты!..

 

Түсімде әкемді көрдім-ау, деймін!

Теріскей толған қой екен,

Күнгей жақта қозы, лақ

Шұрқырайды маңырап,

Қазір жамырап кетердей-ақ!..

Шешем соған асықты ма,

Шала қалған ұшығын

Бітірместен,

Жинай салды төргі жүкке

Тігіп жатқан сырмағын!..

Түсімде…

Түсімде солай көрдім-ау, деймін!..

26.07.2006. 6:19. Қаратал

 

 

  1. СӘСКЕДЕГІ КӨРІНІС…

Күнге таласып,

Екі қоңыз бір-бірін

түрткілеп,

Кеміреді қу тамырды

Еріндері шөпеңдеп…

Киіз үйде

Шай құйылған кесеге

Күн сәулесі төгіледі

мөлтілдеп!

Сағым ойнап сексеуілді

Қуаң шалған шағылда

Жүгіреді көлеңке іздеп

қақтағы сұры кесіртке…

Жерошақта тезек шоғы

Әлсіз ғана қызарып

Құрттай шалдың

Ақ шынтағы

Сіңіп барады жастыққа!…

 

  1. БЕСІНДЕГІ КӨРІНІС…

Киіз үйдің артында

Қара домалақ «көбелек»,

Атасының шақшасын

Салып алып қалтаға,

Қорсылдайды өкпелеп,

Қара жерді өкшелеп!..

Күн сіңген кекілінен,

Иіскемек болса әжесі,

Жолатпайды кемсеңдеп.

Батып барады алау күн

Көкжиекте таласып,

Батқан күнмен жарысып,

Тау қойыны қарауытып!..

29.07. 2006. 7: 58. Қаратал

 

 

Кеш…
(Әжем Тоқанайдың рухына)
Күндіз мұнда жауған бұлт
Сіздер жаққа кетіпті…
Салқын желге тоңазып
Ағаштар басын бүгіпті.

Үстірт жер ғой
Сіздерде…
Қырбақ ерте шалатын.
Көрпе жетер үйімде
Қауқар жоқ қой жабатын!..

Аяғыңыз созылған
Жаурар ма екен,
Әжешім!..
«Тоңбайды» десе де,
Ол жақта
Сезеді бәрін қу ішім!..

 

УАҚЫТ                                   

Көк көйлекті қыз, қой қосақтап жатқандай,

Көк көйлекті қыз, қосақ ағытып тұрғандай,

Көкпеңбек сағым, сонау алыстан мұнартып,

Кешқұрым, қалың қозы жамырағандай –

Көкжиектен жұлдыз самсып…

Кешқұрым, сабаға сүт толтырғандай,

Шығыстан күміс Ай

Толықсып,

Сен келіп, құлағыма әлде нені

сыбырлағандай,

Сен келіп, шашымды ақырын сипағандай –

Ақ самал, ақ шилердің басын шалып,

Күздің бір күні барады,

Менен озып!..

2 қазан 2006 ж., Дүйсенбі,. 12:09

 

 

ӨЗ ЕЛІМДЕ

Өз елімде,

Көк көгалын құлашымның жеткенінше,

құштым.

Өз елімде,

Көз  тұмасын сарайымның ашылғанынша,

жұттым.

Өз елімде,

Көлбеген көп судың ағысы көкжиекке сіңгенше,

Көк Үйсіннің ақын ұлымен

Еркін аунап, сырластым.

Өз елімде,

Жеті суына жеті кезек бас идім.

Өз елімде,

Жеті суға жеті түнеп, көз ілдім.

Өз елімде,

Жетісуда жеті атамды

Жеті кезек еске алып,

Жеті таңның,

Жеті кештің шапағына сиындым!

8 қазан 2006 ж., Жексенбі,. 21:48

                           qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

он сегіз − он жеті =