МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ жөнінде МӘЛІМДЕМЕ жасалды

Алматыда ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Жолдауын талқылауға арналған Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының кезектен тыс кеңейтілген Алқа отырысы өтті, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.

Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының президенті, ҚР ҰҒА академигі Өмірзақ Айтбайұлы "Қазақ тілі" қоғамы және жалпы қоғам үйлесімі" атты баяндама жасады.

Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының вице-президенті Ерден Қажыбек ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың халыққа Жолдауы хақында баяндама жасады.

Ерден Қажыбек осы уақытқа дейін бірнеше тіл туралы заң жобаларын жасағандар ішінде Азат Перуашев басқаратын "Ақ жол" партиясы 2012 жылы Тіл туралы заң жобасын жасады" деп атап өтті.

Жиын барысында белгілі ақын, Ұлттық Кеңес мүшесі Қазыбек Иса сөз сөйлеп, өзінің Ұлттық Кеңестегі ұсынысы - "МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ және ол үшін КОНСТИТУЦИЯДАН ОРЫС ТІЛІ ТУРАЛЫ 7-баптың 2-ші тармағын АЛЫП ТАСТАУДЫҢ УАҚЫТЫ ЖЕТТІ" деген талабын қайталады.

Бұл ұсыныс "Қазақ тілі" қоғамының да негізгі ұсынысы болды! Жиында сөйлеушілердің барлығы осы талапты қолдады. Қорытындысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына тұңғыш Жолдауындағы "Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіндегі деңгейі көтеріліп келеді. Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыт келеді. Бұл үшін барлығымыз жұмыла әрекет етуіміз қажет”, –деген тапсырмасын басшылыққа алған Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының кезектен тыс пленумы МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ жөнінде МӘЛІМДЕМЕ жасады.

Осы пленумда біраз тіл жанашырлары "АНА ТІЛІ" айрықша белгісі" медалымен марапатталды.

Пленумда Өмірзақ Айтпайұлының денсаулығына байланысты Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы президенті міндетін атқарушы болып Ерден Қажыбек бекітілді.