СПОРТ АРҚЫЛЫ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫНА БЕТ БҰРУҒА ТИІСПІЗ

566
0
Бөлісу:

Бүгінгі кейіпкеріміз – Уалихан ТЕН өскелең ұрпақты спортқа баулу ісіне белсене атсалысып жүрген азамат. Сондай-ақ, ол өзінің спорттағы жетістіктері арқылы нақты іспен дәлелдеп, үлгі көрсетіп келе жатқан азамат. Атап айтқанда Уәлихан Тен – пауэрлифтинг бойынша Әлем, Еуропа және Азия чемпионы, бодибилдингтен екі дүркін Әлем және Азия чемпионы, ҚР чемпионы, бірнеше дүркін Ironman.

«ОО «Almaty Triathlon Federation»» қоғамдық ұйымы және «Бірінші болу батылдығы» корпоративтік қорының мүшесі, Қазақстандағы WRPF ресми өкілі болып табылатын У. Тен WRPF KZ және WPC KZ пауэрлифтинг федерациясының президенті, World Class Almaty бас директоры қызметтерін абыроймен атқарған.

Бүгінде Қазақстандық біріккен ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек федерациясының бас директоры, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың штаттан тыс кеңесшісі Уәлихан Тенмен болған сұхбатты оқырман қауымның назарына ұсынғанды жөн көрдік.

– Уәлихан мырза, «Аралас жекпе-жектен біріккен Қазақстан ММА федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі ресми түрде IMMAF-WMMAA халықаралық аралас жекпе-жек федерациясының құрамына кіргенін білеміз. Осы тұста өзіңіз тізгінін ұстағалы бері де аталмыш Федерация ауқымды істер атқарып келеді. Ендігі жерде осынау Қазақстандық біріккен ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек федерациясының бүгінгі тыныс-тіршілігімен оқырман қауымды толығырақ таныстыра кетсеңіз…

– 2018 жылдың 24 желтоқсанында Қазақстанда жаңа структура «Аралас жекпе-жек ММА-ден біріккен Қазақстан федерациясы» РҚБ құрылған болатын. Оның құрамына Қазақстан аралас жекпе-жек ММА Федерациясы, Аралас жекпе-жек, панкратион және грэпплинг Ұлттық Федерациясы және NOMAD ММА Федерациясы кіреді. Жаңа ұйымды Ғалымжан Есенов басқарады.

Республикалық бірлестік Кәрім Мәсімов басқаратын Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығының қамқорлығымен жұмыс істейді. Бұл ассоциация төрт бағытты дамытады: карате, жекпе-жек, толық байланыстағы спорт түрлері және ММА аралас жекпе-жек.

Жарты жылдың ішінде жаңа басқару жүйесі өз нәтижесін берді: аралас жекпе-жектен Қазақстан Республикасының ММА құрамасы Тайландта өткен Азия чемпионатынан жеті алтын, тоғыз күміс, бес қола медаль жеңіп алып абсолютті рекордын орнатты. Жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған Құрама, азиялық субконтиненттегі мықтылардың қатарына қосылды.

– Сөзіңіз аузыңызда, осы тұста Азия чемпионаты туралы толығырақ айта кетсеңіз… Оқырман қауым шапшасына шаң жұқтырмаған жүйріктеріміз туралы біле отырса…

– Тайландтың Бангкок қаласында өткен аралас жекпе-жек ММА-ден Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Биылғы құрлықтық додаға Азияның 13 елі қатысып, Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 7 алтын, 9 күміс, 3 қола жүлдемен бірінші сатыдан көрінді.

Құрама сапынан алтын алғандар 70 келі салмақта Талшын Жұматаева, 61 келі салмақта Олжас Молдағалиев, 52 келі салмақта Бағдат Жұбаныш, 47 келі салмақта Тұрсын Аян, 83 келі салмақта Мәди Досмұханбето, 77 келі салмақта Айдын Төлепбаев, 65 келі салмақта Анатолий Золотых.

Күміс иеленгендер: 52 келі салмақта Нұржамал Садықова, 61 келі салмақта Дастан Амангелді, 47 келі салмақта Үкіліай Ахметәлі, 70 келі салмақта Антонино Котляревская, 52 келі салмақта Ерұлан Қабдұлов, 56 келі салмақта Әділхан Аязбаев, 93 келі салмақта Серік Әбіров, 70 келі салмақта Неймат Асадов, 65 келі салмақта Еламан Шалқымбеков.

Қола жүлдені қанағат тұтқандар: 56 келі салмақта Дархан Өмірбеков, 70 келі салмақта Мәжит Сардаров, 83 келі салмақта Александр Вал.

Осыған дейінгі Азия чемпионаттарын еске алатын болсақ, биылғы чемпионатта біздің спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Себебі, 2018 жылы Азия чемпионатында 1 алтын, 3 қола, 2017 Азия чемпионатында 3

алтын, 2 күміс, 3 қола медаль, Әлем чемпионатында 2 күміс, 2 қола медаль иеленген болатын.

– Жаз маусымында өте белсенді жұмыс істегендеріңіз көпке мәлім. Нұр-Сұлтанның төрінде өткен аралас жекпе-жектен M-1 Challenge 102 турнирі де спортсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленгені аян…

– M-1 Challenge 102 турнирі 13 жекпе-жектен тұрды, олардың үшеуі титулдық. Бірінші титулдық жекпе-жекте M-1 Challenge чемпионы Шавкат Рахмонов Бразилиядан келген Тьяго Варежао Ласердуді жеңіп, жартылай орта салмақта атағын қорғап қалды.Кездесу бірінші раундта аяқталды.

Осылайша, 24 жасар қазақстандық кәсіби мансабындағы12-ші жекпе-жегінде 12-ші жеңісіне қол жеткізді. Рахмонов барлық жекпе-жектерінде мерзімінен бұрын жеңіске жеткен. Ал 29 жасар бразилялық мансабында жетінші рет жеңіліс тапты.

Екінші жеңіл салмақтағы белбеу үшін қазақстандық Сергей Морозов пен ресейлік Александр Осетров жұдырықтасты. Жерлесіміз айқын жеңіске жетіп, жеңіл салмақтағы M-1 Challenge чемпионы атанды.

Жекпе-жек төртінші раундта аяқталды. 30 жасар Морозов үшін бұл жеңіс мансабындағы 16-шысы болды, ал 22 жасар ресейлік бірінші жеңіліске ұшырады.

Сондай-ақ, Алматы жедел-жәрдем жүргізушісін соққықа жыққан азаматты жекпе-жекке шақырған Сәбит Жүсіпов M-1 Challenge турниріне қатысып, қарсыласын үшінші раундта нокаутқа жіберді. Оның қарсыласы испаниялық Аридана Ромеро болды.

Сондай-ақ, Исмайыл Героев, Гойти Дазаев, Исатай Теміров сынды спортшыларымыз жеңіске жетті.

Турнирге құрметті қонақтар да келіп, спортшыларымызға жанкүйер болды. Олардың қатарында ҚР Мәдениет және спорт министрі Райымқұлова Ақтоты, Қазақстанның жауынгерлік өнер Ассоциациясы Президенті Кәрім Мәсімовмов, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасы Серік Сапиев, ММА біріккен Ассоциациясы Президенті Ғалымжан Есенов, белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаев және тағы басқа қонақтар келді. Турнирдің ұйымдастырушылары-М1-Global (Ресей) және «ММА бойынша Қазақстанның Біріккен федерациялар Қауымдастығы» ЗТБ.

– Уәлихан мырза, Ақтөбеде ММА-дан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өткені белгілі. Чемпионат қорытындысы нені көрсетті?

– Ақтөбеде өткен ММА-дан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер мен қыздар арасындағы аралас жекпе-жек турниріне ММА (Mixed Martial Arts) еліміздің барлық өңірлерінен 85 жас спортшы қатысып, спортшылар ерлер арасында 9 салмақ дәрежесінде, қыздар арасында 7 салмақ дәрежесінде сынға түсті.

Жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаз деп танылғандар: Динара Аяпова (52,2 кг, Ақтөбе облысы), Нұрбол Базарбаев (52,2 кг, Маңғыстау облысы), Адель Махаметова (56,7 кг, ШҚО), Ерасыл Телеубаев (56,7 кг, ШҚО), Сисенова Карина (61,2 кг, Ақмола облысы), Данияр Құлбай (61.2 кг,

Нұр-сұлтан), Меруерт Серікқалиева (65,8 кг, Атырау облысы), Данияр Әжімқұлов (65,8 кг, Атырау облысы), Темірлан Халидолла (70,3 кг, ШҚО), Әмірхан Ментаев (77,1 кг, Нұр-сұлтан), Данил Губин (83,9 кг, Ақтөбе облысы), Иса Каримов (93 кг, Ақтөбе облысы), Диас Тілеміс (120,2 кг, Ақтөбе облысы).

– Жасөспірімдер чемпионатының басты ерекшелігі қандай болды? Атап көрсетсеңіз…

– Жасөспірімдер чемпионатының басты мақсаты – Қазақстанның жасөспірімдер құрамасына жас спортшыларды қабылдау үшін осы чепмпионат жеңімпаздары ішінен мықты спортшыларды анықтау болды. Дәл осы жігіттер бір жылдан кейін біздің елімізді түрлі халықаралық жарыстарда таныстыратын болады. Келесі жылы Италияда өтетін ММА-дан Әлем чемпионатында дәл осы спортшылардың арасынан Әлем чемпионы шықпайтынына кім кепіл.

Осы чемпионат аясында 14 жасқа дейінгі балалардың ММА аралас жекпе-жекке қатысу ережелеріне бірыңғай өзгерістер енгізілді.

Аталған іс-шараға Қазақстан Біріккен ММА федерациясы мен Nomad MMA Республикалық Федерациясының өкілдері, Nomad MMA Республикалық Федерациясының Президенті Гаджи Гаджиев, сондай-ақ, Біріккен ММА федерациясының вице-президенті, NOMAD MMA стилінің негізін қалаушы Сергей Ан қатысты. 14 жасқа дейінгі балалардың аралас жекпе-жектен жарыстарға қатысуы Nomad MMA ережелеріне сәйкес жүргізілді. Бұл ереже жас балалар мен жасөспірімдердің жарақаттануын барынша азайтуға қамқорлық жасайды. Ережеге сәйкес, 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер NOMAD MMAға сәйкес күнтізбелік жоспар мен ережелер бойынша ғана аралас жекпе-жектерде жаттығып, өнер көрсете алады, тордағы ұрысқа рұқсат үзілді-кесілді тыйым салынады. 14 жасқа толған және одан үлкен жастағы спортшылар жаттықтырушыларының қалауы бойынша ММА ережелері бойынша да, Nomad MMA ережелері бойынша да жарыстарға қатысып, жаттығуларына болады.

– Білікті спортшы ретінде бүгінгі жастарға не бере алдым деп ойлайсыз?

– Спорт саласындағы жұмысымыз алдағы уақытта да жандана түспек. Жетістіктеріміз үнемі ел назарында болмақ. Спорт саласындағы азды-көпті көкейге түйген дүниелерімізді оқырманның назарына ұсынып та үлгердім. 2015 жылы спорт саласындағы көп жылдық тәжірибесіме сүйене отырып, дене шынықтыру жаттығулары, тамақтану тәртібі т.б. тақырыптарды талдай отырып орыс тілінде «Другой ты» атты кітабымды жазып шықтым. Кітап Мәскеудің ең ірі баспаларының бірі – «Манн, Иванов и Ферберде» шықты. «Другой ты» кітабы ТМД елдеріндегі бестселлер болды. Бүгінгі жас ұрпақ осы кітапты өз қажетіне жаратар болса, онда біздің спорттың дамуына аз да болса қосқан үлесіміз деп білемін.Сондай-ақ, әрбіріміз спортты серік етіп, салауатты өмір салтына қадам басуымыз керек. Өйткені, еліміздің болпашағы дені сау азаматтардың қолында.

– Алдағы жоспарларыңыз туралы да біле отырсақ…

– Қазан айында елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының Жекпе-жек сарайында #M1Challenge105 Халықаралық турнирі өткізуді жоспарлап отырмыз. Аталған турнирде ММА жұлдыздары, жерлестеріміз Сергей Морозов пен Арман Әшімов Солтүстік Американың спортшыларымен титулдық жекпе-жек өткізеді. Бұл кештің басты қарсыластары M-1 Challenge турнирінің жеңіл салмақтағы чемпионы @ morozclub777 2016 жылы американдық балуан @jretty -мен жекпе-жек өткізіп, Реттоусхаус болашақ чемпион Морозовты техникалық нокаутқа жіберген болатын. Морозов одан бері 7 кездесу өткізіп, оның 6-ында жеңіске жетіп, белбеуді жеңіп алды. Сергей үшін бұл жолғы жекпе-жек осыдан үш жыл бұрынғы жіберген қателігінің орнын толтыратын жақсы мүмкіндік болмақ. Сондай-ақ, дәл осы кеште жеңіл салмақтағы уақытша чемпион канадалық @keladesmma өзінің титулын бұрынғы уақытша чемпион @armanaae-ға қарсы өткізеді. Чемпион @aleksandr_doskalchuk жарақатына байланысты ойыннан тыс қалып жатқанда, дивизионның жоғарғы палуандары оған қарсы титулдық жекпе-жекке шығу құқығына таласады.

– Спорт саласының дамуы жолындағы еңбектеріңізге сәттілік тілейміз! Бәйгеге қосқан жүйріктеріңіз қашан да жеңіс тұғырынан көріне берсін!

Сұхбаттасқан: Гүлнара ДОСЫМШАЛОВА

qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

13 + 7 =