Қазақстан күрестен 2020 жылғы Олимпиадаға алғашқы лицензияны иеленді

Греко-рим стиліндегі қазақ балуаны Мейрамбек Айнағұлов құрама сапынан Токиода өтетін Олимпиада-2020 нормативін бірінші орындады, - деп хабарлайдыҰОК баспасөз қызметі.

60 келіде белдесетін Мейрамбек Айнағұлов әлем біріншілігінің жартылай финалына жолдама алды. Ширек финалда ол хорватиялық Иван Лизатовичті 10:0 есебімен таза жеңді. Осылайша, Айнағұлов балуандар арасынан алғаш болып Токио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды.

Грек-рим күресінің ережесі бойынша, лицензиялық әлем чемпионатында 1-ден 5-ші орынға дейінгі аралықта орналасқан балуандарға Олимпиада жолдамасы беріледі. Жартылай финалдық белдесу бүгін кешкі сессияда өтеді. Айнағұловтың қарсыласы - ресейлік Сергей Емелин.

Айта кетейік, өз салмағында команда үздігі саналатын Мейрамбек Айнағұлов 2017 жылғы әлем чемпионатының, Азия чемпионатының екі дүркін қола және Азия ойындарының қола жүлдегері.