Темір жолымызға немістер тәртіп орнатады

Темір жолдағы келеңсіздік­терді жоюға неміс мамандары шақырылып, саладағы билет жетіспеушілігін, вагондарды және сапасыз қызметті жөнге келтіруге кірісіп кетті. Жылдар бойы ҚТЖ-ның топ-менеджерлерінің қолынан келмеген шаруа енді – немістерге тапсырылды. Шетелдік мамандарға қанша ақша төленетіні ашық айтылмай отыр. Қайрат Асқаров, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының орынбасары: – Шетелдік компанияға төленетін ақша біздің қаншалық жақсы пайда түсіретінімізге байланысты. Ал бізге келіп орналасатын қызметкерлер біздің штаттық кестемізге сай жалақы алады. Олар маркетинг, сауда сияқты бөлімдерге орналасып қызмет атқарады. ҚТЖ мен германиялық «Дойче Бан» компаниясы бір­неше жылдан бері бірге жұмыс істеп келеді. Бұл жолы ұлттық компания неміс мамандарының үлкен көмегіне жүгініп отыр. Олар жүйелі түрде қалыптасқан теміржолдағы билет тапшылығын жойып, пойыздардағы қызмет сапасын жақсартуы керек. Жаңа тағайындалған шетел­дік бас директор Михаэль Кортюм 14 қызметкерін ертіп келген. Германиядан келген басшы «Тальго» пойызына мініп Ал­матыға жол тартпақ. Мақсат – пойыздың жай-күйімен танысу. Келесі аптада бүкіл Қазақстанды аралауға шығады. «Келесі аптада қарапайым пойыздарға мініп, бүкіл Қазақстанды аралап шығуды көздеп отырмын. Сол вагондарда жолаушылардың қандай жағдайда жүретінін өз көзіммен көремін. Қазірдің өзінде «Тальго» вагондары бойынша келісімшартты қайта қарап, бірқатар жеңілдіктерге қол жеткіздік. Бағаның арзандауы алдағы уақытта сезіледі», – деді неміс басшы. Пайдасы мол саланы басқара алмай қарызға батырған біздің мамандардың беті неге қызармайды. Апырмау, сонда біздің қолымыздан не келеді өзі?... qazaquni.kz