Ғибратты ғұмыр

556
0
Бөлісу:

Айналасына абыройлы, қызметінде құрметке бөленген, бала-шағасына қамқоршы, ақылшы бола білген ардақты әкеміз – Базарбекұлы Төлегеннің бақилық ғұмырға аттанғаны да бір жыл өте шығыпты. Туған-туысқан, көрші-қолаң, қызметтестері мен оны білетін көптеген қала тұрғындары қимастықпен қоштасқан күн кеше ғана сияқты еді…
Кеңес Базарбекұлы Төлегенов 1940 жылы 1 сәуірде Алматы облысы Шелек ауданында қарапайым отбасында дүниеге келді. Әкесі Базарбек мал шаруашылығында еңбек етіп, бүкіл елімізге қатер төндірген Ұлы Отан соғысы басталысымен майданға аттанған.

1943 жылы мамыр айында әкесі Базарбектің фашистік басқыншылармен кескілескен қан майданда ерлікпен қаза тапқаны туралы қаралы хабар жетіп отбасын ойсыратып тастайды. Анасы Ырысты Әскер, Асан, Кеңес атты үш ұлымен жесір-жетім қалып, соғыс салған тұрмыстық тауқыметті, адам айтқысыз қиын жағдайда қалады. Бас көтерер ер азаматтар түгел­дей майданға аттанып, ауылдағы бар ауыртпашылық әйелдер мен балалардың мойнына түскен сол бір сұрапыл жылдар кімге де болса жеңіл болмағаны тарихтан жақсы белгілі. Анасы Ырысты ауылдастарымен бірге ішсе тамаққа, кисе киімге жарымай жүрсе де ұжымшардың ең ауыр жұмыстарын атқарып жеңісті жақындату үшін күн-түні аянбай еңбек етеді. Соның салдарынан ауруға шалдығып 1949 жылы қайтыс болады. Тұл жетім қалған үш баланы алда әлі де тағдырдың талай сыны күтіп тұр еді. Оқуға мүмкіндіктері болмай, қабырғалары қатаймай жатып жастайынан ауыр еңбекке жегілуге тура келеді. Шелек ауылында оқып жүрген Кеңес те мектебін тастап, жұмысқа шығады. Кейін ағаларының қолдауымен 1952 жылы оқуын жалғастырып, 1957 жылы жеті жылдық білім алып шығады. Одан әрі оқуға мүмкіндік болмаған соң кешкі мектепке ауысып, құрлысшы болып жұмысқа орналасады.
Қаршадайынан өмірдің қиындығын көп көрген Кеңес тым ерте есейді. Әке-шешеден жастай айырылып, одан соң үйдегі бас көтерер үлкен ағасы Әскердің қайтыс болуы жығылғанға жұмсалған жұдырықтай ауыр тиген-ді. Ортаншы ағасы Асан үйленіп өз отбасын асырау керек болды. Енді бұдан былай ешкімнің көмегінсіз өз күнін өзі көру керектігі де оның болашағына қатты ықпал еткен-ді. Тағдыр қыспаққа алған сайын балаң жігіт оған қарсы тұрып, қайсарлық таныта білді. Өмір соққылары қабырғасын қайыстырғанмен оның рухын төмендете алмады, керісінше ширықтырып, қайраттана түсті.
Қандай істі болмасын тиянақты, адал атқарып, қоғам алдындағы міндетке үлкен жауапкершілікпен қарайтын Кеңес Базарбекұлының бойындағы осы бір жақсы қасиеттер оның бүкіл өміріне берік ұстаным, бұлжымас бағыт болып қалыптасты. Еті тірі, кез келген істі атқарып кететін жігітті 1959 жылы Шелек аудандық партия комитеті техникалық хатшы ретінде қызметке алады. Бұл аудан басшылары тарапынан жас жігітке көрсетілген үлкен сенім болатын. Қызметті ойдағыдай атқара жүріп, сол кездегі 11 жылдық орта білім беретін мектепті тәмәмдап, атестат алады. Асау өмір енді өз арнасына түсті деп есептеген Кеңес Базарбекұлы одан ары білім алуды армандап, жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап жүргенде кенеттен кезекті қиындықтар алдынан тағы шыға келеді. Туған-туыс, жақын-жұрағат атаулыдан жан дегендегі жалғыз ағасы Асан қатты сырқаттанып, төсек тартып жатып қалады. Жеңгесі екі баласын жетектеп, ағасын тастап төркініне кетеді.Соңғы туысынан айырылу – тақыр жетім қалумен бірдей. Кеңес Базарбекұлы жап-жақсы істеп жүрген қызметін тастауға мәжбүр болып, ағасын емдету үшін 1961 жылы Алматы қаласына келеді.Бәлкім, бұл да болса тағдырдың айдауы шығар, Кеңестің өмірінде жаңа бір бетбұрыс басталады. Қаладағы сол кездері Совет ауданы болған сауда орындарының біріне сатушы болып кіреді. Ағасы Асанға күрделі ота жасатып, аман алып қалуға кіріседі. Жүгірген еңбегі еш кетпей ағасы сырқатынан жазылып шығады. Кейін өзі істейтін дүкенге жұмысқа орналастырады.
Кеңес Базарбекұлы осы сауда саласында 18 жыл сатушы, 17 жыл дүкен меңгерушісі болып ұзақ жылдар қала тұрғындарына лайықты қызмет көрсетті. Ұжымда абыройлы болып, өзгелерге үлгі бола білді. Осы жылдарда қаншама жастар оның ағалық тәлім-тәрбиесін көріп, мамандықтың қыр-сырын меңгерді. Өзі жастайынан қиындықты көп көргендіктен жастарға үнемі жанашырлықпен қарап, олардың тұрмыстық жағдайына баса назар аударатын. Оның талабымен санаторий, курорттарға жолдамалар беріліп, қарамағындағы қызметкерлердің бірқатары баспаналы болғаны да рас. Сол кезде әркімнің қолы жете бермейтін Жоғары партия мектебін бітіріп, үлкен ұжымның партия ұйымына жетекшілік жасады.Бір салада 35 жыл еңбек етіп,қоғамдық жұмыстарды қоса атқарып, бірнеше рет аудандық, қалалық атқару комитетіне депутат болып сайланды. Көп жылдарғы еңбегі елеусіз қалған жоқ, мемлекет тарапынан медальдармен, құрмет грамотасымен, алғыс хат, бағалы сыйлықтармен бірнеше рет марапатталды. «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» атты республика тұрғындарының таңдаулы адамдарына арналған кітапқа енуі де халықтың оған деген құрметінің бір көрінісі болса керек.
Кеңес Базарбекұлы қоғамда белсенді, ұжымда беделді ғана болып қойған жоқ, ол сонымен бірге мейірімді, қамқор әке еді. Өмірлік жары Зәйтүна екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірді. Оларды оқытып, жоғары білімді маман болуларына жол ашты. Ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып бірнеше немере сүйді.
Бүгіндер әкеміздің өткен өмірлік жолын саралап қарасақ көп нәрсені аңдауға болады. Оның жүріп өткен жолы үлкен бір мектеп іспетті. Соғыстың сол сұрапыл жылдары балалық шағына тап келіп, қабырғасын қайыстырып, әке-шеше, ағасының өлімі еңсесін езсе де қатал тағдырдың үкіміне қайсарлықпен қарсы тұра білгені – үлкен ерлік, бүгінгі біздерге үлгі, өнеге. Ол өзінің бүкіл өмірін адал еңбекпен, әділетсіздік пен жамандық атаулыға қарсы күресумен өткізгенін мақтаныш тұтамыз, ғұмырлық сабағынан ғибрат аламыз. Сенің атыңды ардақтап, өзіңе ұқсап мағыналы, мәнді өмір сүруге бар күшімізді саламыз.

Отбасы атынан ұлы
Марат Кеңесұлы

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

19 − 1 =