Абзал Құспан: Ислам Әбішевті соттауға ешқандай бұлтартпайтын   дәлелдер жоқ!..

3929
13
Бөлісу:

Парсы патшасы Шағдат хан және бүгінгі қазақ билігі

 

«Ел басқарғаннан су басқарған қиын»

Қазақ даналығы

…Толыбай сыншының баласы Раушанбек қызылбастардың (парсылардың) қолына тұтқынға түсіп қалды. Бұл жайлы сөз Шағдат патшаның да құлағына жетті. Патша еріксе де, зеріксе де, сыншының өзін сынап көрмекке бел буды. Бірінші сынақ – түйеден нарды табу болатын. Раушанбек қанша келе түйені аралай келіп, біреуін нұсқады:

-Міне, нар дегеніміз осы!

Патша күмәнданды:

-Оның нар екенін қандай қасиетінен білеміз?

-Кәзір нарды шөгеріп, төрт аяғын байламаған күйі екі жігіт өркешінің екі жағынан терісін тірідей сыдырсын. Сыдырып болғанша нар сыр бермейді!

Айтқандай-ақ, әлекедей жаланған екі жігіт теріні сыдырып жатқанда бір рет те дыбыс шығармаған түйе әлгілер түгел сыдырып болғанда күрс етіп құлап, сол жерде өліп кетті. Патша бастаған қалың топ «мына жігіт шынында да білгір екен» деп таңдай қағысты.

Екінші сынақ – жылқыдан тұлпар табу. Раушанбек елдің жүздеген үйір көп жылқысынан тұлпар таппады. Патша шыдамай өзінің аузымен құс тістеген екі жүйрігін көрсетті. Сыншы оларды да «тұлпар емес!» деп, патшаның аспандаған көңілін жер етіп тастады. Содан елді аралап, тұлпар іздеп жүргендерінде бір жылғамен ағып келе жатқан жылқының тезегін көрген Раушанбек:

-Мне, тұлпардың тезегі! –  деп айқайлап жіберіп, шаба жөнелді.

Жоғары өрлеген бұлар ат қораны тазалап жатқан ақ сақалды қарияға тап келді. Раушанбек атынан домалап түсіп, тұлпарды көрсетуін өтінді.

-Қарағым, тұлпардың сүйегі баяғыда қурап кеткен…

Тұлпардың бас сүйегі көмілмеуге тиіс, сыншы енді соны көргісі келді.

-Міне, мынау тұлпардың бас сүйегі, – деді ол патшаға қасқая қарап тұрып.

Патша тағы да қоюға тиісті сұрағын қойды:

-Оны қалай білеміз?

Раушанбек сонда «Тұлпар» аталуы тиіс тас тұяқтының денесінде 70 жерінде тесігі болатынын, тесіктің бәрі бірте-бірте ашылып, тұлпар аузымен ғана емес, ең алдымен сол тесіктер арқылы дем алатынын (осындайда бөшкедегі майлы бояуға мойнына дейін отырғызылған адамға ауа жетпей, аузы-мұрны ашық болса да, өліп кететіндігі еске түседі…), сол 70 тесіктің 7-і тұлпардың бас сүйегінде болатынын, соның арқасында оның шаршамайтынын түсіндірді.

-…Екеуі тұр отыз тістің жігінде,

Екеуі тұр екі құлақ түбінде,

Бізден басқа жан білмейді бүгінде, – дей келіп, патша мен оның уәзірлеріне әлгі жеті тесікті көрсетті.

Ордасына тәнті болып қайтқан патша енді өзін сынатқысы келді.

-Тақсыр, мен сізді сынамаймын!

-Е, неге?!

-Себебі, мен сынаған соң шындықты айтуға мәжбүр болам, ал, сіз оны естіген соң менің басымды аласыз…

-Жоқ, не айтсаң да басыңды алмауға уәде берем!

-Жарайды, онда тыңдаңыз. Сіз өзіңіз айтқандай, ешқандай да жеті атасынан бері патшалық үзілмеген қаракөктің ұрпағы емессіз. Сіз – наубайшының баласысыз!

Патша орнынан атып тұрды. Қолы қылышының балдағына қалай барғанын өзі де байқамай қалды.

-Тақсыр, мен айттым ғой, сіз басымды аласыз деп!

Уәзірлер, оның ішінде патшаның досы да бар, қасы да бар, сыншының неге бұлай дегенін естуге олар да құмар, түгелімен:

-Тақсыр, тимеңіз, уәде бердіңіз! – деп шу ете түсті.

-Жоқ, өтірік! Әкетіңдер, шабыңдар басын! – деп қалшылдады сабасына түсе алмаған билеуші.

-Тақсыр! – деді сонда сыншы. – Өзіңізді туған анаңыз бар шығар, сол кісіні алдыртыңыз да сұраңыз. Егер қолына Құран ұстап тұрып, менің сөзімді өтірікке шығарса, басымды шаба беріңіз!

Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды, патшаға да анасын алдырғаннан басқа амал қалмады.  Болған жайтты, мынадай шартты естіген ақ шашты ана еңкілдеп жылап қоя берді.

-Рас, сен наубайшыдан тудың, балам… Себебі, менің саған дейін тапқанымның бәрі қыз болды да, саған келгенде күйеуім ерекше үміттеніп, «үйде отырып «ұл!» деген сөзді бірден естісем, жүрегім жарылып кетер, шабарманның бірі алыстан айғайлап, сүйіншілеп, хабар жеткізсін» деп аңға шығып кетті. Мен сорлы тағы да қыз таптым. Ал, наубайшымыздың әйелі де дәл сол мезетте босанып, …тағы да ұл тапты. Мен оларға бір дорба алтын бергіздім де, Құран ұстатып, қасам ішкізіп, бүкіл күйеуі, бала-шағасымен құлақ естіп, көз көрмес бөтен елге апарып тастаттым. Оны сарайдағы білетін екі сенімді жігіт те дәл солай ант ішті. Бүгінде олардың бірі де жоқ, бәрі о дүниелік болып кетті. Бірақ, мына бала дұрыс тапты. Төрімнен көрім жақын кезде жазықсыздың жанын қиып, о дүниеге күнә арқалап барғым келмейді, ұлым!..

Жұрт бірте-бірте есін жия бастады. Енді бәрі де Раушанбектің неге сүйеніп дәл тапқанын білгісі келді. Сонда сыншы сөйледі:

Мен бірінші сынағыңыздан да, екінші сынағыңыздан да сүрінбей өттім, тақсыр. Егер сіз шынымен текті атаның ұлы болсаңыз бірінші сынақтан соң менің үстіме алтын жіппен тігілген қамқа тон кигізер едіңіз. Екінші сынақтан соң астыма арғымақ ат мінгізер едіңіз. Ал, сіз мен сынақты тапсырған сайын сіз не істедіңіз? Сіз екеуінде де «мынаған бір тандыр нан әкеліп беріңдерші» дедіңіз. Мен соған қарап сіздің наубайшының баласы екендігіңізді білдім…

Біз неге мақаламызды көне «Көрұғлы» қиссасын еске алумен бастадық? Оны көп ұзамай өздеріңіз де түсінетін боласыздар.

 

 

Ислам Әбішевтің ісі қоғамның бақылауында болса, ақтап аларымыз сөзсіз!

 

Кеше,12 қыркүйек күні Астанада Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевтің қорғаушылары баспасөз мәслихатын өткізді. Оған елімізге белгілі заңгер Абзал Құспан, қазақтың көзі тірі классик жазушысы Дулат Исабеков және И.Әбішевпен бірге қамауға алынған Серік Түкеевтің қорғаушысы Ерлан  Маркенов қатысты. Мәслихатты өткізуге келіскен қонақүй табан астынан уәдесінен тайып, ұйымдастырушылар оны бір күн қалғанда басқа орынға ауыстыруға мәжбүр болды. (Бұны «портретке бір штрих» демеске амал жоқ…)

Мәслихат И.Әбішевтің 2012 жылы ақпанда АШМ Су ресурстары комитетіне төраға болып сайланғаннан бергі қызметін қысқаша қамтыған бейнероликті көрсетуден басталды. Ол сол жылы 300 млрд.теңге үнемдейді. Мысалы, Астана су қоймасын қайта жарақтауға 31 млрд.теңге жоспарланыпты. Өз сөзімен айтқанда «Өскемен қаласында құрылысқа жылына 3-4 миллиард теңге жұмсалса, мұнда бір жылда 70-80 млрд.теңге жұмсалатынын көрген,  мұншама үлкен қаржыны тиімді пайдалану ең маңызды мәселе екенін түсінген, сондықтан ең алдымен құны 1 миллиардтан асатын жобалармен танысып, талдай бастаған» Ислам Әбішев  31 млрд.теңгенің ісін  2 млрд.теңгемен де атқарып шығуға болатынын көреді:

«…– Астана су қоймасын қоршауға мемлекеттен шектен тыс көп қаржы бөлінген – 31 млрд теңге! Жаңа құрылыс емес, тек қоршауға осыншама қаржы бөлінгеніне таңғалмау мүмкін емес. Өйткені, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары боп тұрған жылдары өзім бастан-аяқ құрылыс жұмысына қатысқан жап-жаңа Көксарай су қоймасына мұнша ақша жұмсалмаған. Көксарай су қоймасының көлемі – 3 млрд/м³,  Астана су қоймасынікі – 450 млн/м³. 2008-2011 жылы  Көксарай су қоймасына 45 млрд теңге жұмсалған. Ал одан 6,5 есе кіші су қоймасының болмашы жөндеу жұмыстарына мемлекеттен 31 млрд теңге бөлінген. Жобаның бүге-шігесіне дейін есептей келе, бөлінген қаражаттың 29 миллиардын кесіп тастап, Астана су қоймасын қоршау, жөндеу жұмыстарын 2 млрд қаржымен бітірдік.

…Бартоғай су қоймасының техникалық параметрлерін қалпына келтіру 22 млрд.теңгеге жуық деп жоспарланған. Неге мұнша қымбат екенін зерттеп қарасақ, 19 млрд.теңге су қоймасының түбіне жиналған тұнбаны тазалауға кетеді екен. Ал енді сол көлемдегі шөгіндіні тазалаудың қажеті жоқ деп есептеп, 19 млрд теңгеден астам қаржыны қысқартып тастадық. Себебі су қоймасындағы пайдаланатын судың көлемі өзгерген жоқ.

Осылайша, 2012 жылы 300 млрд.теңгеге жуық қаржы шығынын қысқарттық. Ол оңайға түскен жоқ. мамандармен бірігіп, әрбір жобаны терең зерттеп, оған техникалық талдау жасап, қаржылық мониторингтер жүргізу арқылы атқарылды.  Бұл сол бір жылда кете салатын қаржы емес, 4-5 жылға жоспарланатын қаржы, ең бастысы, көп нысанды аз қаржымен бітірдік, соның барлығы бүгін халыққа қызмет көрсетіп отыр». ( Бұл – журналист Сәуле Әбединованың Ислам Әбішевтен қорғаушы Абзал Құспан арқылы алған «Әбішев мемлекеттің 300 млрд.теңгесін қалай үнемдеді?»  деген көлемді мақаласынан үзінді. Сіздер оның толық нұсқасымен «Абай.кз» сайтының 2019 жылғы 11 қыркүйектегі санынан оқып, таныса аласыздар. Тақырып ашыла түсу үшін біз алда да одан үзінді береміз – Ө.А.).

300 млрд.теңгені үнемдеп берген И.Әбішевке Тәуелсіз қазақ мемлекетінің үкіметі қандай құрмет көрсетті? «Астына темір тұлпар мінгізіп, үстіне алтын жіппен тігілген бұлғын тон кигізіп, кеудесіне Алтын Жұлдыз таққан шығар»,  жазушы Дулат Исабеов ағамыз айтқандай: «Халықтың миллиардтарын үнемдегені үшін Кеңес Одағы кезі болса, «Социалистік Еңбек Ері» атағын беретін еді» дейсіздер ме?. Әй, айтасыздар-ау сіздер де… Біздің үкіметіміз тарапынан тіпті «тандыр нан» ұсынуға жараған тірі жан табылған жоқ. «Ең қызығы, осындай көлемде қаржы үнемделгені, нысандардың барлығы іске қосылғандығы ауылшаруашылығы министрлігін де, үкіметті де, Есеп комитетін де, ешқандай  партияларды да елең еткізіп, қызықтырған жоқ. БАҚ-та тек біз берген хабарламаларды кішігірім хабарлама ретінде, ақылы түрде жариялағаны болмаса, нақты фактілер бойынша ештеңе жариялай қойған жоқ» дейді Исекең.

Ол ол ма! Марапаты – өздеріне, жанын салып жұмыс істеп жатқан адамды жайына тыныш қалдырса болады ғой, ол да жоқ. Орыс халқында «не делай добра – не получишь зла» деген тотяйындай ащы мақал бор. И.Әбішев те соның кебін киді: «2012 жылдың күзінде «Нұр Отан» партиясының жемқорлыққа қарсы күрек комиссиясы мені айыптап, бүкіл елге мені «коррупционер» деп жариялап, ауылшаруашылық министрлігіне менің мәселемді қарап, шешім қабылдау жөнінде ұсыныс жіберді. Бұл мәжіліс барлық телеарналар арқылы, басқа да ақпарат құралдары арқылы халыққа тарады.  Біз, әрине, ертеңіне баспасөз мәслихатын өткізіп, барлық ақпаратты жайып салдық. Ауылшаруашылық министрлігі мені жазалаған жоқ. Ал «Нұр Отан» сол күйі хабарсыз кетті».

«Нұр Отан» хабарсыз кетіпті, онысына рахмет.  Бірақ, төрағаның қасынан басқалар «табыла кетті»: «…Құқық қорғау орындары біздің соңымызға шырақ алып түсіп, ақшасы үнемделіп салынған нысандарды барынша ыждаһаттылықпен, инемен құдық қазғандай тексерумен болды. Ол тексерулерді мені тұтқындағанға дейін бір тоқтатқан емес. Құрылыс жүргізген мердігерлерден: «Басшыларға, әсіресе Әбішевке не бердің, кім арқылы бердің?» деген сұрақтар негізгі мақсатқа айналды. Артық ақшаның барлығы қырқылып тасталған жобадан біреуге бір нәрсе беру мүмкін емес екендігі олардың ойына кіріп те шықпады. Майлы жобалардан айырылған мердігерлердің негізсіз арыздарын құқық қорғау органдары жалау қылып ұстап, бізді тексерумен болды.  

Мінеки, біздегі елге, халыққа, мемлекетке деген кәсіби, адал көзқарас та осылайша теріс бағаланғанын өз басымнан өткіздім. 2013 жылдың маусым айында бәріне қолымды бір сілтедім де, қызметтен кеттім.

Тексерушілерге менің тек жұмыстан кеткенім аз еді. Сондықтан мен жұмыстан кеткеннен кейін де сол ақшалары үнемделген нысандарды шұқшиып тексерумен болды. Алты-жеті ай тексерудің нәтижесінде іс жүзінде ештеңе таба алмай, тек бір объектіден 7-8 млн теңгенің топырағы жетпейді деп шығарды. Оны төрт-ақ күнде тасып толтырдық. Осыған байланысты 2-3 адам шартты түрде сотталды да».

Бірақ, көмек күтпеген жақтан келді – 2014 жылдың шілдесінде Қазақстанның сол кездегі Президенті Н.Назарбаев И.Әбішевті ҚР АШ М Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметіне қайта тағайындады. Осымен «миллиардтар жайлы сага» біткен сияқты болған. Сөйтсек, оның келесі сериясы бар екен. Ең қызық та, шыжық та енді басталып жатыр екен…

         И.Әбішев сергелдеңге түсіп жүргенде, жоғарыдағылар да қарап жатпапты – 1трлн.500млрд.теңге жұмсалуы тиіс арнайы су бағдарламасын жасапты. И.Әбішев бұл бағдарламаны 500 млрд.теңгеге орындап шығуға болатынын дәлелдейді. Әрине, дәлелін қабылдату оған оңайға түспейді – ол өз нұсқасын үкіметтің алдында бір емес үш рет қорғауға барып, ақыры дұрыс екендігіне олардың көзін жеткізеді.

Қорғаушы А.Құспан баспасөз мәслихатында былай деп мәлімдеді: «Біз қанша уақыттан бері «И.Әбішев 300 млрд.теңгені үнемдеді, И.Әбішев 1 трлн.теңгені үнемдеді» деп келеміз. Шын мәнінде ол үнемдеген жоқ, ол ұрланайын деп кесіліп, пішіліп қойылған осынша мол құржыны аман сақтап қалды. 300 млрд.теңгеге толық жабдықталған 300 мектеп салуға немесе толық жабдықталған 200 аурухан салуға болады. Бүкіл еліміз бойынша мектеп немесе аурухана мәселесін толық шешуге жететін қаржы деген сөз. Ал, 1 трлн.теңгенің пайдасы  қандай боларын өздеріңіз шамалай беріңіздер! Міне, осынша орасан зор қаржының ұрлануына жол бермей, өте жоғары орындарда отырған адамдардың ашуын келтірген Ислам Әбішев зейнеткерлікке шығуына екі ай қалғанда қолдан ұйымдастырылған «пара алғысы келді» деген жаланың құрбаны болып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әс-қимыл ұлттық бюросының ресми өкілі Жанна Бастарова айтқандай «пара алғаны үшін» емес.

Менің заңгерлік еңбек өтілім 20 жыл болса, оның 10 жылында қорғаушылық қызметпен айналысып келемін. Бірақ, мен олыс әкімін де, министрлік қызметкерлерін де қорғай жүріп, И.Әбішевтей мемлекет қаржысын мұндай зор көлемде қымқыруға қарсы күрескен, оны сақтап қалған бір де бір мемлекеттік қызметкерді көрген де, естіген де емеспін. 2012 жылы келісім-шарттың бәрі түзіліп қойған, яғни, олардың заңсыздығына Ислам Әлмаханұлы ешқандай жауап бермейтін қаржыны кейін қайтарарда ол «маған бір ғана жоба үшін 2 млрд.теңге пара ұсынған болатын» дейді. («Бұл жоба сен жоқ кезде жасалған, конкурс та солай. Сен жауап бермейсің. Ақша аударатын кезде сен іссапарға кетіп қала сал, сен тек кедергі жасамасаң болды. Ал, сенің қаржыңды қалаған жеріңе жеткізіп береді» деді». («Әбішев мемлекеттің 300 млрд.теңгесін қалай үнемдеді?»)  Міне, осындай таза адамды Ұлттық бюро қызметкерлері танымайтын адамынан «60 млн.теңге пара алмаққа оқталды» деп айыптап отыр. Ешқандай дәлелдері жоқ болса да.

Біз бүгін баспасөз мәслихатын шақырғанда мақсатымыз – қоғам шындықты білсін дедік. Олай етпесек, бұл екі азамат – И.Әбішев пен С.Түкеев ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 4-бөлігі бойынша он жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Оларға осындай қауіп төніп тұр. Сот ашық өтуі тиіс, оның жабық өтуіне ешқандай негіз жоқ. Ислам Әбішев сотта 2012 жылдан бері созылып келе жатқан бұл даудың артында кімдер тұрғанын, өзін не үшін және кімдер түрмеге түсіргенін сот үстінде ашық айтамын деп отыр…»

Ақын Қазыбек Исаның: «Ислам Әбішевтің жазықсыз екенін оған тергеушілердің Ө.Шөкеев, А.Мамытбеков, Б.Сапарбаевтай лауазымды шенеуніктерге жала жапсаңыз, түрмеден босатамыз деген ұсыныстары да айқындап отыр. «Ислам Әбішев ісі» ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына кешегі Жолдауында айтқандай: «Заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлерін қатаң жазалау керек. Ондай қызметкерлерге тергеу саласында орын жоқ!» – деген ауыр айыптауына нақты дәлел болып тұрған жоқ па?» деген сұрағына Абзал Құспан: «Иә, дұрыс айтасыз! Бұл іс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының заңсыз арандатушылық іс-әрекеттеріне нақты дәлел бола алады. Себебі, Президент бұл жерде басқа құқық қорғау органдарын айтқан жоқ, дәл осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросын нақты атады» деп жауап берді.

Бүгінгі көзі тірі классигіміз деп атауға әбден боларлық жазушы, драматург ағамыз Дулат Исабеков мәслихаттағы өз сөзінде былай деді: «Мен 2013 жылы Англияға бара жатқан сапарымда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазақ жазушысының пьесасының тұңғыш рет Лондонда қойылуымен мені құттықтап, қолыма алтын сағатын тағып тұрып: «Бізге қандай тапсырма бар?» деп сұрады. «Ойбай-ау, Сізге тапсырма беріп «өле алмай» жүрміз бе?» деп күлдім. Сосын ойланып тұрдым да: «Сіз Ислам Әбішевті білесіз бе?» дедім. «Иә, білемін» деді. «Міне, сол жігіттің басына қара күн туып тұр. Сол орынға өзіңіз әкеліп едіңіз. И.Әбішев сөз жүзінде емес, іс жүзінде 300 млрд.теңгені үнемдеп қалды. Шетелдерде болса сол ақшаның 10 пайызы оған бонус ретінде берілер еді. Бірақ, бізге ондай адал адам жақпайды екен…» дедім. Нұрекең: «Болды, айналысайын» деді. Содан кейін Исламның атына тек жылы сөз айтумен болды. Кейін Нұрекең: «Су мәселесін бізде Ислам Әбішевтен артық білетін ешкім жоқ» деді-дағы, орнына қайта апарып қойды. Осы әділ баға ма? Әділ баға!

Енді 300 млрд.теңгеге 1трлн.теңге қосылыпты. Ислам анық ақша жегісі келсе, сол 1трлн.300 млрд.теңгенің жүз мыңнан бір бөлігінің өзі 60 млн.теңгеден көп қой! «Нең бар қысқартып? Бөліп алып, жей берсін де!» деген үй-ішіндегілерге де 2013 жылы: «Жоқ, мүкіндігім болса мен бұдан кейін де ондайға жол бермеймін!» депті. Мен бұл жайлы үлкен шығарма жазсам ба деген ойда жүрмін. Мен осы Ислам Әбішевтің ісі үшін екі президенттің біреуіне кірейін деп отырмын. Тіпті И.Әбішев ақталып, босап кеткен күнде де кірмекшімін. Бұл істің артында кімдер тұр, соларды анықтау керек. Өйткені, ондайлар анықталмаса, біздің ел болатын түріміз жоқ. Жала жапқан адамның жазасы бәрінен де ауыр болуы тиіс деп ойлаймын.

Менің сол жоғарыда айтылған кездесуде Елбасыға «Сізге адал қызметкер керек пе? Керек болса 300 млрд.теңгені бөліске жібермей алып қалған Ислам Әбішевтен артық көмекші, адал дос таппайсыз» дегенім бар-ды. Ал, оны Қазақстанның бірінші жауындай қарағаны несі?  Кінәсі болса соттамай ма көктемнен бері? Тергеушілер не істеп отыр? Алты ай бойы сотқа жеткізбей, түрмеде ұстау деген қорлау ғой бұл. Нюрнберге процесі де мұнша ұзаққа созылған жоқ еді ғой? «1трлн.300 млрд.теңге түсетін болды» деп, екі алақанын ысқылап отырғанда мол сыбағадан құр қалғандардың әрекеті деп ұғамын мен бұны. Олардың бар мақсаты «он жыл тұрмақ жиырма жыл берем десе де істемеген нәрсемді мойындамаймын» деген Ислам Әбішевтің рухын сындырып, істемеген ісін мойындату, егер оған көнбесе, абақтыда өлтіріп, Сталин айтқандай, «адам жоқ па – проблема да жоқ» дегізбек пе? Біз бір млн.доллар парамен ұсталған адамдарды «кінәсін мойындады» деп, босатып жіберіп жатырмыз ғой. Олар ұсталып қалған соң мойындауға мәжбүр болды. Ал, ұсталмаған, себебі, ондай қылмысқа баруды ойламаған адам мойындағысы келмейді деп кінәлауға бола  ма?

Рас, Ислам менің руласым. Бірақ, мен қанның емес, жанның жақындығын артық көретін адаммын. Ислам әдебиетті, сурет өнерін жақсы біледі, түсінеді, насихаттап жүреді. Лувр музейі жайлы маған лекция оқығаны бар. Сондықтан, қызметі одан жоғары адамдармен дәл ол сияқты жақын араласпаймын».

Мәслихатты қорытындылаған А.Құспан «мен үшін ең қиыны – осындай адал адамдарды, жазықсыз жандарды ақтап алу қиын болып жүр» деді. «Себебі, елдегі жемқорлық деңгейінің жоғары болуының салдарынан қарапайым халықта шенеунік деген сөз жемқор сөзінің синонимі болып қалыптасып қалған». «Арымның адалдығы – бәрінен қымбат, ешкімді көрсетпеймін» деп отырған азаматты ақтап аламын деген үмітіңіз бар ма?» деген сұраққа белгі адвокат былай жауап берді: «Ақтап аламын деген үмітім ғана емес, сенімім де бар. Іс қоғамның бақылауында болса, ақтап аларымыз сөзсіз! Себебі, И.Әбішевтің мойнын бұлтртпайтын дәлелдер жоқ».

«Әділеттілік жоқ жерде бәрі күйрейді». Осыны ешқашан естен шығармайық.

Өмірзақ Ақжігіт,

Qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 13 пікір жазылған

  1. Айнаш 13 Қыркүйек, 2019 23:28 Жауап

    Дулат ағамыз нағыз ел үшін туған Ер! Атпал азамат Ислам Əбішевті қорғауға бар күшін салып жатыр. Сəттілік тілейміз. Алла жар болсын!

  2. Мәмбет Құрманбаев 15 Қыркүйек, 2019 12:12 Жауап

    Ақтың отын ақымақ өшіре алмас деген. Аққа құдай жақ деген де бар! Елге еңбегі сіңген арда азамат Ислам Әбішевтің ісі оң нәтижемен аяқталып отбасына оралуына тілеймін ! Ислам Әбішевке ара түсіп шырылдап жүрген Дулат Исабеков ағамыз, Қазыбек Иса ініміз, білікті заңгер Абзал Құспан ініміз және тағы басқада Ислам Әбішевтің адалдығына көзі жететін барша қауымның тілегі қабыл болып, Ислам Әбішевтің бостандыққа шығуына тілектеспін !

  3. Гүлім 15 Қыркүйек, 2019 16:51 Жауап

    Исекеңе шешім шығарарда 63 тегі пайғамбар жасын, сонымен қатар қаншама халықтың алдына ақ сақалымен шығып тұрған қазақ əдебиетінің абызы Дулат Исабековтің сөзіне құлақ асса нетті?

  4. Майра 15 Қыркүйек, 2019 17:08 Жауап

    Маңдай терін төгіп, ақ адал ниетімен еселі еңбек еткен жанның жүйелі жұмысын ескеретін кез жетті.Əбішевке азаттық сұраймыз.

  5. Алмас Әсемханұлы 19 Қыркүйек, 2019 14:18 Жауап

    Шын мәнінде ол үнемдеген жоқ, ол ұрланайын деп кесіліп, пішіліп қойылған осынша мол құржыны аман сақтап қалды. 300 млрд.теңгеге толық жабдықталған 300 мектеп салуға немесе толық жабдықталған 200 аурухан салуға болады. Бүкіл еліміз бойынша мектеп немесе аурухана мәселесін толық шешуге жететін қаржы деген сөз. Ислам Әбіштің бұл еңбегін бағалауымыз керек.

  6. Айжан 22 Қыркүйек, 2019 19:49 Жауап

    Үлкен зиялы қауымның құқығын қорғау мәселелері бойынша прокуратура органдары Әділетті шешім қабылдауы тиіс.

  7. Қарақат 22 Қыркүйек, 2019 21:14 Жауап

    Абзал Құспан ағамыз: «Ақтап аламын деген үмітім ғана емес, сенімім де бар» деген еді осы мəслихат соңында. Сеніміңізге селкеу түспесін. Сіз еліміздегі ең білікті қорғаушының бірісіз.Сіздің қолыңыздан келеді. Өйткені сіз қорғап отырған Атпал Азамат Ислам Əбіштің иненің көзінде кінəсі жоқ. Алла жар болсын Сіздерге.

  8. Гүлзина 22 Қыркүйек, 2019 22:05 Жауап

    Ислам Əбішев ағамыздың ісі қоғамның бақылауында. Исекеңнің артында ол кісіні қолдап қол қойған қаншама халқы тұр.Сондықтан іс оңынан шешіледі деп сенеміз.

  9. Жанат. 22 Қыркүйек, 2019 22:10 Жауап

    Әрбір сотта шындықпен әділдік үшін күресіп, және жеңіп жүрген қорғаушы Абзал Құспанның қорғауындағы Ислам Әбіш ағамызды тергеу ісінің ұзаққа созылып кеткенін, дәйек, дәлелдің жоқтығын айтып шырылдағанын біздің соттар елеп ескермей отыр? Сонда адам тағдыры ойыншық па? Ол жай адам емес, халықтың мұң-мұқтажымен санасып, осы елім, жерім деп жүрген құрметті азамат еді. Қандайда бір шикіліктің бары анық. Ағамызға бостандық.!

  10. Қаламқас 27 Қыркүйек, 2019 19:20 Жауап

    «Ислам Әбішевтің жазықсыз екенін оған тергеушілердің Ө.Шөкеев, А.Мамытбеков, Б.Сапарбаевтай лауазымды шенеуніктерге жала жапсаңыз, түрмеден босатамыз деген ұсыныстары да айқындап отыр» дейді мақалада. Ой Алла қандай заман келді бізге. Ат үстінде ж.рген атпал азаматтарды бір-біріне айдап салып бұл не қылғаны? Әбішевке бостандық берілуі керек, қайткен күнде де. Алладан тілеп сұраймыз. Көп тілеуі көл болғай!

  11. Асылзат 27 Қыркүйек, 2019 19:23 Жауап

    Бұлтартпас дәлел болмаса не үшін ұстап отыр? Абзал мырза бір жолын тапсаңыз не етер еді? Дүниежүзілік адам құқықтарын қорғау ұйымдары не дейдә екен бұл іске қатысты. Шығыңызшы басқа да құзырлы орындарға. Сізден сұраймыз өтініп. Отбасының ғана емес, ол кісіні қолдаушы халықтың да жүрегі езіліп бітетін болды ғой…

  12. Абзал Алпысбайулы 28 Қыркүйек, 2019 20:17 Жауап

    Ислам Абишевтин зангери Абзал Куспан арда азаматты аман-есен бостандыкка шыгарады деген сенимдемиз!!!

Пікір немесе жауап жазу

бір + 3 =