Сейдахмет Құттықадам: Билік халыққа бет бұрып жатыр

"Ұлттық кеңестен халықтың күтері көп". Бұл туралы белгілі саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам "Хабар24" телеарнасының "Анығын айтқанда" бағдарламасына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.

- Ұлттық кеңес өте жақсы өтті. Күрделеніп келген көп мәселелер ашық айтылды. Халықтың сенімі ақталып, күрделі мәселелер шешімін табады деп ойлаймын. Ұлттық кеңесте көтерілген мәселелер ары қарай да дамытылып, заңдық тұрғыда бекітілу керек. Қазір билік халыққа бет бұрып жатыр, - деген саясаттанушы саяси реформалар жасауда асығыстық танытудың қажеті де жоқ екенін атап өтті.

Сонымен қатар, ол Қазақстанның саяси алаңы көппартиялы болуы керектігін айтты.

- Жаңа партияларға жол ашу керек. Тіркеу, қол қою мәселелерін жеңілдету керек. Парламентке қатысты реформалар да біртіндеп жасалуы керек. Осындай түрлі ұсыныстар жасадық, - деді Ұлттық кеңес мүшесі.

Ол, сондай-ақ, зейнетақы, инфляция мәселелерін көтеріп, шағын және орта бизнеске Үкімет тарапынан жасалып жатқан көмектерді жоғары бағалады.