Қазыбек Иса: Мемлекеттік тіл мәртебесі асқақтау үшін заңдарымыздан «ресми тіл» деген кедергіні алып тастау керек

605
0
Бөлісу:

«Ұлттық кеңес – уақытша кеңес емес». Бұл туралы белгілі ақын, Ұлттық кеңес мүшесі Қазыбек Иса «Хабар 24» телеарнасының «Анығын айтқанда» бағдарламасында мәлімдеді, – деп хабарлайды «Қазақ үні» ақпарат агенттігі.

– Бұған дейін көптеген кеңес, коалициялар болды. Рас, халықтың көкейінде бұл кеңеске деген үміт пен күдік қатар болды. Бірақ, Ұлттық кеңес – уақытша кеңес емес. Кеңестің басты ерекшелігі, оның төрағасы – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Және бұл кеңеске қоғамның сан саласынан мамандар іріктеліп алынды. Мен бұған дейін де айтқанымдай, Ұлттық кеңесте өзекті мәселелер батыл көтерілуі керек. Сонда ғана Ұлттық Кеңес Ұлттың мүддесін қорғаап, Ұлттың үні болғанда ғана біз Ұлттық сенім кредитіне ие бола аламыз, – деді Қазыбек Иса сұхбат аясында.

Сонымен қатар, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Ұлттық кеңесте өзінің көтерген мәселелеріне жіті тоқталып, Мемлекеттік тіл туралы Заң қабылдау керектігін айтты.

– 1989-жылы қабылданған Заңда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылғанымен, қасына «Ресми тіл – орыс тілі» деген «тормозды» қойып қойған. Ол кезде уақыт та, біздің халықтың саны да соған сәйкес келді деп ойлаймын. Қазақ халқының саны ол кезде 39,7 пайыз, орыс халқының саны 37,8 пайыз еді. Ал, қазір қазақ халқының саны екі есе өсті, кемінде 75-80 пайызға жеттік. 1989-жылы қабылданған ұстаным біз Тәуелсіздік алған күні жойылуы тиіс еді… Біз демографиялық, тарихи тұрғыда да өскенімізбен, Мемлекеттік тіл туралы заңымыз әлі сол қалпында қалып отыр. Бүгінгі күннің талабына ол жауап бере алмайды. Мемлекеттік тіл мәртебесі асқақтау үшін атазаңымыздан  ресми тіл деген «тормозды» алып тастау керек, – деді қоғам қайраткері.

Қазыбек Иса кезінде 138 ұлт зиялысы қол қойған Ашық хатта бұл мәселе көтеріліп, митинг өткенін айта кетіп, 2017 жылы Конституциялық реформа кезінде де бұл мәселе тағы да көтерілгенін жеткізді.

Атап өту керек, 2017 жылы Мемлекеттік тіл заңын реформалау туралы ашық хат Конституциялық комиссияға жіберіліп, нәтижесінде сол кезде Президент әкімшілігін басқарған Әділбек Жақсыбеков Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ұлт зиялыларының талабын жеткізген болатын. Хатты жалпы қолдаушылар саны ол кезде 600-ге жеткен болатын. Олардың ішінде өзге ұлт өкілдері де баршылық.

Сондай-ақ, сұхбат барысында Ұлттық кеңес мүшесі Қазыбек Иса қазақ тарихын қайта жазу мен стратегиялық маңызға ие латын әліпбиіне қатысты ойларымен де бөлісті. Оның айтуынша, біріншіден, латын әліпбиінің қазіргі нұсқасында қазақтың «і» әрпіне қатысты түсінбеушіліктер көп болуы мүмкін.  Соңғы  акутты нұсқада І әрпінің бас әрпі жоғалып кеткен – И әрпі екеуін де бір І таңбамен белгілеген.  Мысал ретінде қазақтың «ІЙІЛ» деген сөзін келтірген ақын, латын нұсқасында бұл сөздің «IIIL» боп жазылып, мүлдем түсініксіз оқылатынын айтты.  Сондықтан да, «Қазақтың І әрпін қайтарып, екі диграфтан құтқарыңыздар!»-деген қазақ жазушылары мен ғалым, зиялыларының Ашық хаты да «Қазақ үні» газетінде былтыр жарияланды.  Сонымен бірге Ш әрпін диграфпен  SH деп белгілеу қателікке ұрындырып жатқанын, өйткені  ASHANA деген сөз – «асхана» емес,  «АШАНА» болып та, екі түрлі  оқылатынын жеткізді.

Екіншіден және ең бастысы -латын әліпбиі мемлекеттік әліпби болғандықтан, мемлекеттің барлық азаматтарына бірдей міндетті болуы керек. Біз «Бір ел-Бір тағдыр»-деген ұстаным ұстағасын, ол «Бір ел-Бір Тіл-Бір әліпби» ұстанымына жалғасуы заңды деп ойлаймыз. Мысалы, қазір кез келген жерде латын әліпбиімен қазақша, кириллицамен орысша екі нұсқа жазулы тұрады. Елдің бәрі оңайын таңдап, кириллица нұсқасын оқиды. Бұл қазақтілділердің де Латын әліпбиін үйренуге кері әсерін тигізіп, кедергі келтіруде. Ең үлкен қауіп, ертең елдің бәрі оңайын таңдап, балаларын кириллмен оқитын орыс мектебіне бере бастайтыны анық. Осы мәселеге де бір шешім айтылуы тиіс.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазыбек Исаның  Қазақстан Президентінің басшылығымен өткен Ұлттық кеңесте мемлекет басшысының Алтын орданың 750 жылдығын тойлау туралы ұсынысын қолдап, Жошы ханға еңселі ескерткіш тұрғызу секілді іргелі бастамаларды көтергені туралы жазған болатынбыз.

Бөлісу:

Пікір немесе жауап жазу

4 + 2 =