СПОРТ ПЕН ЭКОНОМИКА ЕГІЗ ҰҒЫМҒА АЙНАЛҒАНЫ ЖӨН

512
4
Бөлісу:

Тарихтан белгілі Грюнвальд шайқасының құрметіне қойылған, қаланы қақ жарып өтетін ұзын даңғылдың бойымен жоғары өрлеп келе жатқанда, Болгар көшесіне жақындай бере зәулім үйлердің үстіне төне түсіп, қылаңытқан төбесі алыстан көзге шалынатын алып ақ шатыр мен мұндалайтын. Қазір қадам басқан сайын ұшырасатын кино-концерт залдарының бірі шығар деп ойлағанмын әуелде. Кейіннен, құлаққа тосын тиетін, «ш» дыбысы мол ұшырасатын поляк тіліне бастыға келе, қарсы жолыққан жүргіншінің бірінен мұның қандай ғимарат екенін сұрадым. Стадион -деді орта жастағы бейтаныс маған бажайлай қарап – «Лех» командасын білетін шығарсыз, сол осы жерде жаттығады.

«Лех» – Польшаның ежелгі Познань қаласының футбол командасы. Шаһардың бетке ұстар символдарының бірі. Қонақүй де, тағам, ішімдік түрлері де осы команданың атында. «Лех» сырасын татып көргендер әйгілі Пльзен сырасынан кем емес деп мақтайды. Қалай болғанда да спорт клубының жарнамасы жақсы. «Ата атымен қыз, мата атымен бөз» өтіп жатқан заманның бұл да бір белгісі шығар.

Әңгімемізге арқау болып отырған Познаньның қалалық стадионы Польшадағы ірі спорт құрылыстарының біріне жатады. Бүгінде оның жаттығу залдары бос тұратын күн сирек. Жоғарыда атап өтілген танымал «Лех» футбол командасы мұнда өткен жылы Ресей, Ирландия, Хорватия және Италия құрамаларымен кездесулер өткізді. 46 мың жанкүйерге арналған зәулім стадион шетелдік қонақтар жиі бас сұғатын «беделді» ғимараттар санатында.

Жергілікті дуалы ауыздар дәл осы стадион құрылысы қала экономикасының жандануына түрткі болды деп санайды. 1998-дің дауылды дағдарысы қайта айналып соққан 2008 жылы әлемнің спорт шенеуніктері футболдан Еуро-2012 сайысы Польшада өтеді деп шешім қабылдағанда, көне құрылықта таңданбаған жан қалмаған. Қос дағдарыс арасында арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, әупірімдеп жан сақтап келе жатқан постсоциалистік Польшада бір де бір жібі түзу стадион, іліп алар мейманхана, ылдидан шапқан көлікті төске оздыратын күре жолы атымен болмапты. «Туған ай тураған етпен бірдей» деген, мұның бәрін төрт жылда сақадай сай тұрғызып шығу қиынның қиыны еді. Себебі, осы аталған құрылыстардың бәрі елдің инфрақұрылымына кіреді. Бұл шаруаның ойдағыдай тындырылғаны экономиканың жанданып, жаңғыртылғанын білдірсе керек-ті. «Әй, қайдам» деп қолын сілтеген сыңар езулер де жеткілікті болғанға ұқсайды. Бірақ, сонау тоқсаныншы жылдардың басында «шошытып емдеу» тәсілін алғашқылардың бірі болып қолданып, өтпелі кезеңнің қиын-қыстау, бұралаң соқпақтарынан сүрінбей, аман-есен өткен поляк шаруагерлері бұл сыннан да мүдірмеді. Өткен жылғы маусымда дүркіреп өткен Еуропаның футбол чемпионаты сөйтіп, ел экономикасын атан өгіздей өрге сүйреді. Енді осыған тоқталайық.

Сүйреген емей немене… Қас-қағым сәтте зу етіп өте шыққан төрт жылда чемпионат өткізілетін төрт қалада құны 1 миллард долларға татитын дағарадай стадиондар бой көтерді, соның бірі Познань қаласының бюджеті сүйенетін ұстындардың бірі болып отыр қазір. Еуропа магистралдарының санатына енген шапшаң жолдардың ұзындығы үш еседей, ал автострадалардың ұзындығы екі есеге ұзарды. 36 темір жол бекеті жаңғыртылып, 780 шақырым темір жол жөндеуден өтті, әуежай инфрақұрылымының ұлғаюына орай ұшақ қонуы 79, ал ұшып шығуы 122 пайызға артты. Еуроодақ берген инвестициялар инфрақұрылымдық нысандарға арналса да, орайы келіп, экономиканың өзге тегершіктері іске қосыла кетті. Жаңа жұмыс орындары ашылды, жаңғыртылған инфрақұрылым арқасында өнеркәсіп орындары бой көтеріп, елге келетін туристер ағыны молайды.

Осы орайда поляк тәжірибесінің Қазақстан үшін ұтымды тұстары баршылық екенін атап өтпеуге болмас. Біздің елімізде де соңғы онжылдықтар беделінде халықаралық, аймақтық дәрежедегі сан алуан жарыстар, чемпионаттар мен олимпиадалар өтіп келеді. Халық қаражатына қаншама құрылыс салынып, спорт нысандары бой көтерді. Мәселен, жуырда сән-салтанатпен өткен қысқы Олимпиада өзіне жұмсалған мол қаржыны ақтай алды ма, деген сауал көкейімнен кетпейді. Тау басынан құлдилаған спортшылар шеберлігін қызықтау үшін шет елдерден туристер ағылып келіп, мейманханалар мен мейрамханаларды лық толтырды ма? Жүрдек көлікке мініп, оқтаудай түзу жолмен жер жаннаты Жетісу өңірін аралады ма? Киіз үй, айыр қалпақ, ожау-тостаған, сегіз өрім қамшы сияқты ұлттық символикалы бұйымдарды таласа-тармаса сатып алып, ұсақ кәсіпшілерді бір марқайтып тастады ма? Сізді білмеймін, менің өз басым жамиғатқа жағымды жаңалық боларлық осынау көріністерді кезіктіре алмадым, ал жолықтыра қалсам, сол сәтте-ақ оқырмандарымыздан сүйінші сұрар едім.

Сонымен, тоқсан ауыз өздің тобықтай түйініне келсек, спорт тек салауатты өмір салтының жаршысы ғана емес, ел тұрмысын түзетіп, шаруашылықты өрге сүйрейтін экономика саласы да бола алатындығын поляк елі тілге тиек етіліп отырған 4 жыл ішінде оп-оңай дәлелдеп берді.

Польша оңтайлы жоспарланып, ұтымды ұйымдастырылған спорт шаралары құрылыс, қоғамдық көлік, қызмет көрсету, жеңіл және ауыр өнеркәсіп, ұсақ қолөнершілік секілді бір-бірінен қиғаштау орналасқан салаларды біте қайнастырып, тұтас бір ағзаға айналдыра алатынын, сөйтіп, ауқымды жобалар арқылы олардың инвестициялық тартымдылығын арттыратынын тайға таңбай басқандай көрсетті. Экономиканы жеделдете жаңғыртып, бизнес-ахуалды сауықтыруға, инвестиция тартуға зор мүмкіндік туындады. Осы орайда ел үкіметі инвестициялық ахуалды жақсартып, экономикалық белсенділікті арттыру жөнінде соңғы жылдары қолға алған қарекеттерді нақ осы Еуро-2012 спорт бәсекесіне дайындық пен оны өткізу барысынан байқауға болатынын атап өту керек. Өзге елдер дағдарыста тығырыққа тірелсе, Польша одан сауығып, тыңайып шықты. Бұл назар аударатын нәрсе. Инвестиция өсімі бойынша өткен жылы бүкіл соғыстан кейінгі кезең

бойынша рекорд жасалынған. Дереккөздер мәліметтеріне қарағанда, бүгінгі таңда Польша инвестициялық тартымдылық бойынша Қытай мен АҚШ-тан кейінгі үшінші орынды иемденіп тұр. Осы дереккөз сондай-ақ елді «Еуропа вундеркинді» деп атапты. Мұндай жетістіктердің біздіңше бірқатар себептері бар.

Біріншіден, ел имиджі жақсарып келеді. Шетел инвесторларына Польшаны таныстыру жөнінде қыруар жұмыс атқарылуда. Мәселен, Познань қаласының Халықаралық сауда орталығындағы көрмеге Қазақстан бизнесмендері қатысып, келісім-шарттарға отырып қайтты. Польша-Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Петр Гузовскийдің айтуынша, бұл үрдіс жалғаса бермек. Екі ел арасындағы экономикалық қатынастарға дәнекер болып жүрген осынау мекеме жұмысы туралы жуық арада кеңінен әңгімелейтін боламыз. Екіншіден, бұдан бұрын да жазып жүргеніміздей, Польшада өзге Еуропа елдеріне жетіспейтін бір ерекшелік бар-ол экономикалық, қаржылық және саяси тұрақтылық. Бұл елде экономикалық тәуекел төмен, банк жүйесі орнықты, сөз етіліп отырған 2008 жылдан бастап Польша жыл сайын ІЖӨ мөлшерін ұлғайтып келе жатқан Еуропадағы жалғыз ел болып табылады. Макроэкономикалық тұрақтылыққа елдің сыртқы берешегінің ішкі жалпы өнімнің 50 пайызынан аспауы жөніндегі баптың мемлекет Конституциясына енгізілуі себепкер болған. Үшіншіден, бұл елдің адами капиталы сапалы. Еуропадағы әрбір оныншы студент-поляк. Инвестицияның 57 пайызы интеллектуалдық бизнеске жұмсалады. 35 жасқа дейінгі поляктардың 87 пайызы өзге бір шет тілін біледі. Төртіншіден, поляктар еңбекққор халық. Жұмысқа кететін уақыт мөлшері бойынша Польша Кореядан кейінгі екінші орында. Поляктар өмірінің 40 пайызын жұмысқа арнайды екен. Неміс ықпалының молдығынан болар, поляктар католиктік дінін бұзбай-ақ, еңбекке деген протестанттық көзқарасты қалыптастыра алған. Бұл арнайы тоқталуды қажет ететін өте қызықты құбылыс.

Бесіншіден, Польшада өзіндік мәдениетке ие өркениетті жұмыс күші бар. Посткеңестік соңғы 20 жыл ішінде бұл ел олигархтардың үстемдігіген ада нарықтық экономиканы қалыптастырып, бизнес пен саясаттың ара жігін аша білді. Бір ғажабы-Польшада өзге Еуропа елдері арасындағы сыбайлас жемқорлықтың ең төмен деңгейі тіркелген. Міне, сондықтан да болар, спорт сияқты бюджетке тәуелді сала Польша экономикасын өгіздей өрге сүйреп отыр.

Сонау Еуропаның ортасындағы Польша еліндегі жетістіктерді не үшін тәптіштеп мысалға келтіріп отырмыз. Алдымен бұл дүниеде жеке-дара жаратылған еш нәрсе жоқ. Саясат, экономика, әдебиет пен мәдениет, соның қатарында спорт саласы да бір-бірімен тығыз байланысты. Біз шетелдік спортшыларды шақырып бір жылдық табысқа жеткенімізге мәз болып жүрміз, ол – уақытша ғана жетістік. Оған қыруар қаржы жұмсаймыз. Одан ешқандай қайтарым жоқтығы да белгілі. Сондықтан өзіміздің жас спортшыларды шыңдап, өзіміздің керемет спорт ғимараттарымызды салып әлем жұртшылығының назарын аударатындай бағыт ұстануымыз қажет. Ол

үшін алдында айтқан салаларды ұштастырып, кешенді бағдарлама қабылдасақ ұтымды болар еді. Сонда мәдениет те, спорт та, басқа да салалар бірігіп ел экономикасына, мемлекет мүддесі мен беделіне қызмет ететін болады.

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,

Қазақ үні

Бөлісу:

4 пікір жазылған

  1. Жалғасбек 12 Қыркүйек, 2019 12:00 Жауап

    Дұрыс бұл өмірде барлық нәрсе бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан мәселе атаулыны кешенді түрде, жан-жақты қарап шешкен жөн. автордың кішкене ғана Польша арқылы мысал келтіріп өз пікірін ұсынғаны ұнады маған.

  2. Тұрсын 13 Қыркүйек, 2019 12:43 Жауап

    шағын ғана мемлекет атқарған шара біздің қолымыздан келмей ме? Ең бастысы ниет керек!

  3. Ертай 13 Қыркүйек, 2019 12:54 Жауап

    Сол ниетті қайдан аламыз? Бізде бір шараны қолға алсақ соған бөлінген қаржының жартысын жеп қояды. Одан кейі қайдағы ниет туралы айтуға болады?

  4. Ғалым 13 Қыркүйек, 2019 20:00 Жауап

    Тәртіп орнатпай еліміздің алға басуы мүмкін емес. Қарашы, кішкентей ғана Польша қалай жұмыс ңстеп жатыр. Бізге әлі де үйрену керек.

Пікір немесе жауап жазу

14 + 19 =