АЗИЯ ЖАЗУШЫЛАРЫ ТҰҢҒЫШ ФОРУМЫНЫҢ АЙТАРЫ КӨП

Әлемге танылу аударма мен баспа бизнесіне тәуелді

«Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс» деп, дауылпаз Қасым ақын жырлағандай,  Азия жазушыларының тұңғыш форумы да үш күн бойы  дүркіреп өтті. Астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында 4 қыркүйекте басталған бұл форумға 38 елден 78 жазушы келді... Өз елімізден 250-ге жуық қаламгер  қатысты. Халықаралық үлкен форумға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып сөз сөйледі.  Жазушылардың Азиялық тұңғыш форумын жазушының баласы Қасым-Жомарт Кемелұлының ашуы да жарасып кетті. Президент Азия жазушыларына арнап, «Азия алыбы» атты халықаралық сыйлық тағайындауды бекітті. "Ортақ тамыр. Ортақ дүниетаным. Ортақ өркениет" деп аталған қаламгерлер форумының алғашқы сөзін Оңтүстік Корея жазушысы, Нобель сыйлығының номинанты Ко Ын сөйледі. Қазақша амандасқан ол: «Қазақтар атың болмаса да, ер-тұрманың болсын» дейді екен. Менде оның екеуі де жоқ, бірақ Қазақстанға, Ұлы далаға  деген ыстық ықыласым бар»-деп бастады сөзін. Одан соң Моңғолия қаламгері, Халықаралық "Алтын Қалам" сыйлығының лауреаты Манд Оео сөйледі. Бұл ақынның бастамасымен 2017 жылы Моңғолияда Дүниежүзілік Поэзия фестивалы, Әлемдік ақындар Конгресі дүрілдеп өткен болатын. Оған Қазақстаннан Ұлықбек Есдәулет бастаған бес ақын қатысып қайтқанымыз баспасөзде кеңінен жазылған. «Киплинг Батыс пен Шығыстың арасына қорған бар десе, Рерих ол қорғанды құлату керек. Дәл қазір Батыс та жоқ, шығыс та жоқ, тек Азияның жүрегі соғып тұр»деген ол «Азия жазушыларының әлемге танылуы аударма мен баспа бизнесіне байланысты» екенін айтты. Әзірбайжанның әйгілі жазушысы  Анар Расулоглы Рза әзірбайжанның ұлы ақыны Низамидың  қыпшақ қызы Аппаққа ғашық болғанын айтты. «Түрк әлемінде әлемдік деңгейдегі Науайы, Абай, Мақтұмқұлы ақындар бар. Бірақ Шекспирге тең драматург жоқ. Манас жырына Гомердің «Одиссейі» де тең келмейді. Ал Қорқыт жыры «Одиссейден» бұрын шыққан. «Қорқыт жырының» ең алғашқы жазбаша ескерткіш екенінің дәлелі – әрбір  жырдың  соңында «Қорқыт мұны жазды» деп қайырып отырады. «Қорқыт жырына 1300 жыл толып кетті. Бұл датаны ЮНЕСКО дәлелдеген. Бұл - біздің ортақ тарихымыз» - деді.   Қырғыздардың Манастың 1000 жылдығын тойлаған тойында Әзірбайжанның сол кездегі Президенті Гейдар Алиевтің бүкіл түркіге ортақ әулие, абыз,  қобыз атасы Қорқыт  бабаның 1300 жылдығын өткізу туралы ұсыныс айтқанын жеткізді әйгілі жазушы. Ал Қорқыт бабаның мазары біздің Қазақ жерінде, Сыр бойында, Қызылорда облысында жатқанын, ол  жерде қазір «Қорқыт баба» атты сәулеттік-мемориалдық кешен бар екенін ойласақ, Қорқыт бабаның мерейтойын алдымен Қазақ Елі атап өтуі керек екені көзге ұрып, көңілде сайрап тұрған жоқ па? Жалпы алғашқы болып сөйлеген үш қаламгердің сөздері маңыздылығымен ерекшеленді.

Мектепте әдебиет сабағын көп оқыту керек

Үнді жазушысы,  Халықаралық Оңтүстік Азия сыйлығының иегері Амар Мирта мифтер туралы толғады. Катардан келген әлемге әйгілі кітаптардың авторы, әйел құқы жайлы сөйлеген  Моза Алмаки: «Мен араб және ағылшын тілдерінде жазамын. Бірақ бұл жерде тек ана тілімде, арапша сөйлеймін» деді. «Елдің Ыбырайы – Ыбырай» деп бір күрсініп қойдық. Босқа күрсінбеген екенбіз, айтып ауыз жиғанша артынша сөзге шыққан қазақтың әйгілі ақыны Олжас Сүлейменов Ресей тілінде сөйледі... "Мемлекет әдебиетке көңіл бөлмесе, жазушының жазуға жағдайы болмайды. Біздің белгілі жазушымыз Сәбит Досанов өте еңбекқор жазушы. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын кездерде кітап шығару үшін ол талай әкім мен министрлерге барды. Бірақ ешқайсысы қол соза қоймады.Ақыры маған келіп, көмек сұрады. Мен өз кітабымды шығарғалы отырған ақшамды Сәбитке бердім. Сәбиттің кітабы шықты. Баспа бар кітапты Сәбиттің қолына ұстата салды. Енді оны сату керек. Сәбит қайтадан әкімдерді жағалады, кәсіпкерлерден көмек сұрады. Кейінгі кезде жағдай өзгерді.  Сәбиттің немересі сәтті үйленіп, ол Елбасымен құда болды. Сәбит енді бұрынғыдай әкімдерді жағалап жүгірмейді. Таңнан кешке дейін тек жазумен отыр. Ал кітаптары баспадан Қалай тез шықса, солай тез таралуда. Өте жемісті еңбек етуде. Мен Сәбит Досановқа қатты ризамын"-деп бір қайырып алды. -Ал енді басқалар қалай кітап шығарады? Жастардың жағдайы қалай болады? Мемлекет жазушыларға жағдай жасамаса болмайды. Әдебиетші тағдыры - мемлекет тағдыры. Жазушылар Одағын басқаруға Ұлықбек Есдәулеттің келгені өте жақсы болды. Ол ақылды адам. Осындай халықаралық маңызды шаралардан шабыт алған қаламгерлер бойында серпіліс ояна бастады. Олжас Сүлейменов әдебиетті сүю мектептен басталатынын да еске салып кетті. Ресейдегі мұғалімдер конференциясында әйгілі физик- ғалым Мойсеев  «Физика-химия секілді жаратылыстану пәндерін оқушылар жақсы оқу үшін не істеу керек?» деген сұраққа: «Ол үшін  ұлт әдебиеті сабақтарының санын көбейту керек»-деп жауап беріпті.  Сондықтан әдебиет сабағына баса назар аудару керек"-деді ақын. Ал бізде бәрі керісінше. «Аспаннан шұға жауса да, құлға ұлтарақ тимейді» дегендей, «Сойыл сілтенсе, сорлыға тиіп», Білім министрлігінің жаңа бағдарламасы бойынша былтыр мектептерде бастауыш сыныпта да, жоғары сыныпта да қазақ әдебиеті сабағы керісінше бір сағатқа кеміп кеткен... Ал одан бұрын ЖОО-ларда қазақ әдебиеті кафедрасы жабылып қалған, барлық тілді қосып, Тілдер кафедрасы етіп жібергені академиктердің Ашық хат жазуымен үлкен шу болды... Біз де шет тілдерінен бұрын қазақ мектебінде алдымен қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарын оқытудың санын да, сапасын да артыруымыз қажет. Иордания  жазушысы Ибрахим Насыраллах әдебиетке назар аударудың төмендеп кеткеніне тоқталды.  "Табиғаттан алшақтасақ, оны жоямыз, сезінбейміз. Табиғат философиясы біздің бір бөлігіміз болуы керек" деді ол. Сауд Арабиясынан келген Юсуф ал Мұхаммед  терроризмнің қасіреті туралы айтты. Малайзиялық Мухаммад Хажи Саллех тілдер туралы айтып, сөзін жырмен аяқтады.

Шыңғыс хан дауы халықаралық деңгейге шықты

Ертеңіне жалғасқан форумда Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмәділ әлемді билеген Шыңғыс ханның ешқандай моңғол емес, қазақ екенін, сондықтан оны өзіміз ашық иемденуіміз керек деп салды. Форумға қатысып отырған моңғолиялық жазушы бұған шалқасынан түсіп, шатынап  кетті... Дауды өршітпей басу үшін мінбеге шыққан Қазақстан Жазушылар одағы хатшысы, ақын Есенғали Раушан: "Қабдеш Жұмәділ қазақтың Қадірлі классик жазушысы. Қазақ жазушысының Шыңғыс хан туралы пікірі - Қазақстанның не Қазақстан Жазушылар одағының пікірі емес, өзінің жеке пікірі екенін мәлімдейміз"-деп, ағасының сөзін жуып-шайып, моңғолиялық қаламгерлерге басу айтты. Бірақ үзіліске шыққанда осы "дипломатиялық" еңбегі үшін Қабдеш ағасынан қатты сөз естіді... Қырғыз Жазушылар одағының төрағасы, ақын бауырымыз әңгімелесіп тұрғанда маған: "Моңғолдар Шыңғыс ханды бермейміз деп жатыр ғой"-деп күлді.  " Моңғолдардың Шыңғыс ханды берер-бермесін уақыт көрсетеді.  Бірақ, бір нәрсе - айқын, Шыңғыс ханның қазақ екені - шындық! Оны басқа елдердің де бәрі біледі"-деп жауап бердім. Алатаудың ар жағынан келген ақ қалпақты бауырымыз: "Біз Шыңғыс ханға таласпаймыз, қазақтарға бердік"-деп, қала берді... Көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабек халықаралық жағдайды сөз етті.  «Бүгінгі форум бізге ештеңе бермейді. Осы форумда кешелі бері тыңдап отырмын. Әлемдік мәселе көтерілмеді. Менің қалай жазатыным кімге қызық? Сирияда не боп жатыр? Соларды неге айтпаймыз? Батыста жарылыс болса, бәріміз қайғырамыз. Мұсылмандар қырылып жатқанда неге үндемейміз?» деп Дулат Исабек Таяу Шығыстағы соғысып жатқан  халықтар қасіретіне қабырғасы қайысатынын жеткізді. Әлемге әйгілі ақынымыз Мұқтар Шахан ұлттық рух, мемлекеттік тіл мүддесі мәселелерін қозғады. «Өкінішке қарай, рухсыздар  біздің қоғамда қаптап кетті. Оған өзіміз кінәліміз. Әр кезең басымыздан өтті. Осыдан отыз жыл бұрын қазақ тілін мемлекеттік тіл жасаған мен едім. Мен бар кезде шындықты айтатындықтан беделім төмен. Қазір ең құрметті адамдар  - ТЖ-лар (туфли жалағыштар). Мен үндемегенде қазір барлықтарыңыздың тағдырларыңыз басқаша болар еді. Әдебиет басты орында болу керек. Қазір жұрттың көбі кітап оқымайды. Осы жиынды өткізіп отырған Ұлықбек Есдәулетке рахмет"-деген Мұқаң сөзін орысша өлең оқып аяқтады. Тәжікстан Жазушылар одағының төрағасы Низом Косим: ««Кеңестік кеңістіктен шыққан Жазушылар одағының негізгі жұмыс бағыттарының бірі – өзге елдермен, әсіресе бауырлас республикалармен мәдени байланысты жолға қойып, нығайту. Бұл орайда Қазақстан бәрімізді басып озды. Бұл елдеріңізде өтіп жатқан осымен үшінші халықаралық әдеби шара болып отыр. Мен оның екеуіне қатысқан едім. Тамаша әсер алдым Форум бірлескен жұмыстардың әрі қарайғы жоспарын белгілеу үшін өте ыңғайлы алаң болды. Біз алдағы уақытта әдеби журналдар мен газеттердің бірлескен нөмірін шығаруға уағдаластық. Бұл оқырмандарымыздың өзге елдердің, көршілерінің әдеби шығармашылығымен таныс болуы үшін жасалады. Меніңше, бұл да халықтарымызды жақындастыра түсуге септігін тигізеді», – деді. Түркиялық  қаламгер Мехмед Пармаксыз: «Біз аудармашыларды дайындау үшін жастарды оқытуымыз керек. Онсыз аударма ісі алға баспайды. Бір-біріміздің елімізге жастарды оқу жіберсек, сонда аударма жолға қойылады» деді. Қазақ жазушысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат: «Осы форумға дайындық кезінде біз келетін қонақтарымызды зерттеп, газетімізде насихаттадық. Сонда Ко Ын, Мэнд-Ооёо сияқты атақты жазушыларды болмаса, көбіңізді интернеттен таба алмадық. Сіздерден өтініш осы жолы елдеріңізге барғанда осы форум туралы кеңінен жазсаңыздар. Сосын өздеріңіз туралы ақпарат жазып, бізге жіберсеңіздер. Біз де сіздерге өзіміздің шығармашылығымыз туралы жазып жіберейік» деп, орынды  ұсыныс жасады. Иә, шынында да, тәжік қаламгері айтқандай, Қазақстан осымен үшінші рет осындай халықаралық дүбірлі жиын өткізіп отыр. Бұған дейін былтыр, Еуразия жазушыларының форумы, биыл жаздың басында Еуразия астаналары жазушыларының форумы, енді  міне, Азия жазушыларының тұңғыш  форумы дүркіреп өтті. Бұрын қос астанаға келіп кетуі қиын жазушыларымыз  бір жылдың ішінде  үш рет  әлемнің қаламгерлерімен әңгімелесіп, қарым-қатынас жасап, жалдары көтеріліп қалды... Ал олардың нәтижесі енді көріне бастайды. Айтпақшы, Азиялық жазушылардың тұңғыш форумына бөлінген  281 миллион доллар елдің құлағын көтеріп, біраз әңгіме болды.  Шетелдің даңғаза әншілері мен гол салмаса да, қазынамызға қол салатын, қол салғанда да мол салатын легионер футболистерге кетіп жатқан қыруар миллиондарға былқ етпейтіндер, руханиятқа бөлінген қаржыға бүлк ете қалыпты... Кеше ғана еліміздегі алдыңғы қатардағы төрт банктің басшыларына берілген бір жылғы сыйақысына  төрт миллиард теңге бөлінгені жарияланды. Банкінің байлары жекеменшік  банкілеріне Ұлттық қордан миллиардтаған доллар алып, енді соның арқасында жылдық сыйақығы өздеріне миллиардтар жазып алып жатса, жазушылардың халықаралық форумына кеткен,  бір банкирдің ғана қалтасында жүретін қаржыға бола айтысып жатқанын түсінбей қалдық... Рухани қайтарым, әдеби жетістіктер  уақытпен келеді. Тек оған мемлекеттік қамқорлық керек! Қазыбек ИСА, Qazaquni.kz  

Үзілістегі үздіктер

Ортамызда тарландарымыз Дулат Исабек пен Төлен Әбдік

Моңғолия қаламгері, Халықаралық "Алтын Қалам" сыйлығының лауреаты Манд Оео және  Қазыбек Иса, Жүкел Хамай

Оңтүстік Корея жазушысы, Нобель сыйлығының номинанты Ко Ын және қазақ ақыны Қазыбек Иса

Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулетпен бірге

Қойшығара Салғара, Байбота Серікбай және Қазыбек Иса

   

Тарлан ақын Исраил Сапарбай ағамен бірге

Президент кеңесшісі Бауыржан Омар, қырғыздың көрнекті ақыны Акбар Рысқұлов, Қазыбек Иса және Амантай Шәріп

Моңғолия қаламгері, Халықаралық "Алтын Қалам" сыйлығының лауреаты Манд Оео және қазақ ақыны Қазыбек Иса

Қазыбек Иса, Мархабат Байғұт пен Шойбек Орынбек

Сайлау Батыршаұлы ағамызбен бірге

 

Қызыл кілемнен өту салтанаты