Ойын екеу, ұпай біреу

Құрлық біріншілігінің іріктеу сындарының кестесіне сай екі матч өткізген Қазақстан футболшылары 1 ғана ұпай ұстанды. Қомсынып қайтейік, қазіргі кезде жалғыз ұпайдың өзі жыртыққа – жамау. Келесі жылы тұтас Еуропа құрлық біріншілігіне көз тігеді. Әлгі бәйгеге барғысы келетін елдердің қатары қалың. Платиниі бар, басқасы бар іріктеу кезеңдерін біршама жетілдіріп, тіпті шабан командалардың да шаңы қою жарысқа қосып алуды мақсат тұтқаны мамандар мен жанкүйерлері мәлім. Әңгімені алыстан бастап жатқанымыздың да өз себебі бар. Егер шын ұмтылса Қазақстанның да сол додаға қатысуы әбден мүмкін еді. Мүмкін еді деп мұң шағатынымыз, біздің топтағы екі жолдаманың иесі белгілі секілді. Шашасына жаң жұқтырмайтын Бельгия мен бір шалынып, бір түзеліп өз жақтастарының жүйкесін жүндей түтетін Ресей әлгі межеге таяп қалды. Меженің – қолға тиетін қос жолдама екенін біліп отырған шығарсыздар. Қазақстан дүйсенбінің түнінде тап осы Ресей құрамасына қарсы өнер көрсетті. Матч басталмас бұрын мұртын балта шаппайтын сарапшылар Станислав Черчесов шәкірттерін мақтай жөнелді. Мақтайтындай бар. Қазақстанға дейін Шотландияға барып, жергілікті футболшылардың апшысын қуырған ресейліктер шынында да шаппай бәйге сұрайтын шамада еді. Оған бірінщі айналамдағы ойын нәтижесін қосыңыз. Қазақстан «Астана аренада» Ресей құрамасынан ойсырай ұтылған. Михал Билек сынды бас бапкер де қарсыластарының шеберлігін мойындап, барынша аз гол жіберуді малданатынын емеуріннен танытқан. Оның үстіне Қазақстан да Кипрде доп теуіп, алаң иелерімен ұпай бөлісіп қайтты. Орайы келген екен, осы ойын туралы да екі ауыз сөз қалдырайық. Кипр өз алаңында көп ешкімге ұпай ұстата салмайды. Бұған дейінгі жолдастық кездесулерде Қазақ елінің футболшыларын жеңіп жүрді. Тұманды Альбионда Билек шәкірттерінің жеңіс күту тым күмәнді екенін несі жасырайық. Никосиядағы матч кезінде біз күтпеген оқиға тіркелді. Кездесудің небары екінші минутында Алексей Щетикн доп ұстаған кипрлік қорғаушыға қысым көрсетіп, әлгі қорғаушы абдырап қалып аяғында доптан айырылып қалды. Айылын жимаған Алексей команда капитаны Бауыржан Исламханға пас беріп үлгерді. «Қайраттың» жартылай қорғаушысы сол қанаттан құстай ұшқан Гафружан Сүйімбаевты желкемен сезіп, әлгі допты командалас әріптесіне тастай салды. Гафуржанның ойында не болғанын бір Алла біледі, қорғаушы допты айып алаңға таман бағыттай берді. Алексей Щеткин де сол маңда еді, қақпашыдан бұрын қимылдап есеп ашты. Бұл шынында да ел футболының жетістігін еді. Бірден шабуылға ден қойып, алғашқы минуттарда есеп ашу бізге бағына бермейтін биіктік. Кипр аң-таң. Тарпаң деп жүргендеріміз тас-талқан ұтылудың алдында тұр. Әлгі гол біздің жігіттердің де «зәресін» ұшырды ма, енді олар тек қорғанысты ойлады. Бес бірдей қорғаушымен шыққан Қазақстанға тиімдісі де сол еді. Бірақ өз қақпа маңынан келген допты қашанға дейін кері тепсін, тайм ортасынан асқанда Пиерос Сотириу таразы басын теңестірді. Үзілістен кейін де алаң иелері үздіксіз шабуылдады. Жеңіске солардың жақын болғанын несін жасырайық. Айласын асырайық деген ой біздің жігіттерге де келмеді. Келген де шығар. Бірақ тәуекел етуге бел шыдамады. Никосиядан Калининградқа жетті. Бұрын «Балтика» секілді тәуір командасы болған өлке қазір футболға сонша қызықпайтын секілді. Оны ойын кезінде аңғардық та. Осы бір ойын түрі де кей кезде шабыт тілеп тұрады. Шабыттандыратын – жанкүйерлер. Анығында солардың қолдауы. Матч кезінде Ресей құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтың қайта қайта қос қолын қолтығынан сөгіп алып, қатар шеңбер жасатып жүргені тіпті де дене қыздыруы емес. Тыншыған жанкүйерлерді қоздырып алудың амалы еді. Өкінішке орай оны көрермендер де, футболшылары да онша түсінбеді. Осы ойынға сарапшы ретінде сөз ұстап, телеэфир арқылы елге баяндаған Али Алиев матчтың он жетінші минутында аталы сөз айтты: «Бұл командамен ойнауға әбден болады. Олар әлі Шотландияда жүр», – ғой деп. Өздері Калининградта, көңілдері Глазго кезген Ресей құрамасын сол күні кез келген қарсылас ұтуы мүмкін еді. Тіпті Қазақстанның да тегеурін көрсететін кезі болды. Мысалы, Дмитрий Шомконың пасын Алексей Щеткин Гильермо қақпасына бұра алмады. Михал Билек екі бірдей тың қорғаушы шығарыпты, яғни матчты тәртібіне байланысты жіберуге мәжбүр болған Гафуржан Сүйімбаев пен Кипрмен өткен кездесуде біршама жақсы ойнаған Ян Вороговскийдің орнына тиісінше Абзал Бейсебеков пен Дмитрий Шомко шығыпты. Бауыржан Исламхан мен Исламбек Қуатты да қосалқы құрамда қалдырып, Георгий Жуков пен Айбол Әбікенді ойынға қосыпты. Максим Федин де негізгі құрамнан орын алды. Калининград – Ресей құрамасына құт болған емес. Ешқандай саяси астары жоқ. Осында былтыр Ұлттар Лигасы аясында Швециямен жасыл алаңға шығып, оған дейін жап-жақсы ойнап келген жергілікті құрама білгендерінен жаңылған. Бұл жолы да алаң иелері матчта сылбыр бастады. «Монакоға» ауысып, шеберлігін тауысып қойғандай қимылдаған Александр Головин, немесе сол қанаттың сәні болады деген сылбыр Денис Черышев, әншейінде доп үшін талаймен шын мәнінде жаға жыртысуға баратын Артем Дзюба ойынға еркін кіргіп кете алмады. Қайта біздің жігіттер қорғаныста сақ қимылдап, Ресей шабуылын тұншықтыруға тырысты. Жігітің – Юрий Жирков екен. Жіптіктей жігіт допты ұршықша иіріп, қарсыластарын қапы қалдырып, біресе қорғаныста,біресе шабуылда ойынды барынша ширатты. Марио Фернандестің де шеберлігін атап өту керек шығар. Өзгелері өкпесі өшкендей әсер қалдырды. Допты жусатып, өргізу қайда, әріптесіне пас берудің өзінде әбігерге түсті. Бірінші таймда сүреңсіз ойнаған Ресейді біздің жігіттер мойындамаса да мойындатып жіберуді жөнсіз көрген секілді. Үзілістен кейін де ойын өрнегі өзгерген жоқ. Алаң иелері алға қарай жүгірді. Қазақстан қорғаныста жамбастап жатты. Станислав Черчесов алаңға Федор Кудряшовты шығарды. Ол қорғанысқа ие болып, Юрий Жирков Денис Черышевтің орнын басты. Сол сәтте Алексей Миранчуктың орнына алаңға Алексей Йонов шықты. Қос қанатты мықтаған бас бапкер екі қаптал арқылы қысым көрсетуді ойлаған. Бірақ Йонов мінез таныта алмады. Ильзат Ахметовты Роман Зобнин алмастырып, орта тұстан ойқастамақ болған. Оның да ойыны жүрмеді. Билек әлгі өзгерістерді көріп отырды, әрине. Қабылдаған шешімдері кісі шошырлық еді. Мысалы, қорғаушылар әбден сілеледі. Шығару керек еді ғой, анау Ян Вороговскийді. Жоқ! Ондай жоспар мүлде болмаған секілді. Қайта шалт қимылмен танылған Жуковтың орнына Бауыржан Исламханды шығарды. Алексей Щеткиннен де пайда болмайтыны байқалды. Абат Айымбетов те соны сезгендей жаттығуын үдетіп, денесін қыздыра берді. Оны да бас бапкер қаперде ұстамапты. Максим Фединнің орнына Серікжан Мужықовты шығарды. Тағы да қателік. Ақыры тең ойынға бекіген екенсің еңгезердей Қуатты немесе доп көрсе тістей қатып қалатын Асқат Тағыберген отырды ғой. Тимур Досмағамбетов те осал емес. Билек таңдауы Серікжанға түсті. Оған да көндік. Сырығыған уақыт сексен минуттан асып кетті. Ресей екпіні күшейді. Сауатты бапкер мұндайда не істейді? Ойыншы алмастырады. Уақыт созу үшін. Тіпті қарсыластарының жүйкесіне тигенді де дұрыс көріп. Билек былқ еткен жоқ. Сосын сексен сегізінші минут келіп жетті. Сілесі қатқан қорғаушылардан екі қателік: Әуелі – Александр Марочкин, артынша Темірлан Ерланов Жирковты баудай түсірді. Сол қанаттан жеткен айып добын Марио Фернандес Дмитрий Непогодов қақпасына бұрды. Гол! Сырттағы екі ойыннан бір ұпай иелендік. Анығында ол үлкен жетістік. Аяқдоп әліппесін енді оқып жүрген команда үшін. Қазақстан жүз жылдан бері футбол ойнайды. Әлгі сыныпта қалып қоятын бала секілді қолымызда сол әліппе. Аяғына жетіп болмадық. Аяққа тұрып кетпеген аяқдобы бар елміз... Ептеп, түзелуді ойлаған... Амангелді СЕЙІТХАН, Қазақ үні