Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары басталды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары басталды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңде Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің 6-отырысының ашылуына қатысады және Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында дәріс оқуы жоспарланған. Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен және Қытайдың бірқатар саяси және іскерлік топтарымен келіссөз өткізеді», - деді Б.Уәли.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қытайға жасаған екі күндік сапарының аясында Ханчжоу қаласына да барып, инновациялық өнімдерді әлемдік нарыққа шығару бойынша көшбасшы «Hikvision» компаниясының жұмысымен танысатыны күтіледі. Сонымен қатар бағдарлама бойынша «Alibaba» компаниясының кеңсесіне барып, Джек Мамен кездесуі жоспарланған.