Топтан озған тұлпар-тын

1185
0
Бөлісу:

Ақиқат мұхитынан ой маржанын сүзген ақпарат майданына қаршадайынан араласып, мұқалмас қайраткерліктің байрақ-туын көтерген қарымды қаламгер, білікті басшы қайран Жүкең, Жүнісбек Сұлтанмұратов досымыздың, бауырымыздың да пәни жалғанның қызығы мен шыжығын, мұңы мен зарын, қайғысы мен қуанышын артқа тастап, мәңгілік мекенге аттанғанына қырық күннің жүзі болыпты. Ал енді ілгері озған тынымсыз кешуде көшелі іс тындырып, соңына аталы сөз, қабырғалы қарекет қалдырған Жүкеңнің бекзат болмысын бағамдап, атқарған абыройлы шаруалары мен жамағатқа тигізген шарапаты туралы ой қозғау, оның бұл өмірде аяқтай алмай кеткен тірліктерін жеріне жеткізу ағайын-туыстың, жолдас-жораның, әріптестерінің борышы.

«Шөп те шыққан жеріне шығады» дейді халық даналығы. Жүнісбек Қабыкейұлы Сұлтанмұратов ұлтымыздың ұлы тұлғалары өмірге келген Қостанай-Торғай өлкесінің тумасы. Болашақ мемлекет және қоғам қайраткерінің кіндік қаны тамып, үлкен өмірге аяқ басқан асыл мекені-қоғалы да қорықты Наурызым өңіріндегі Шолақсай ауылы өткен ғасырдың елең-алаңында «Оян, қазақ» деп исі Алаш жұртына жар салған Міржақып Дулатовтың самалды Қызбелінен таяқ тастам жерде. Одан-әрі ұлт көсемі Ахмет Байтұрсыновтың әйгілі Ақкөлі жатыр толқынданып. Ғасырда бір туатын осынау рух және ақыл-ой алыптарымен аталастығы оның бойына қажырлы қайраттың, қарымды қайраткерліктің ұшқынын дарытты ма деп ойлайсың. Иә, Қазақ хандығының керегесін көтеріп, туын тіктеген Ермен мен Елемес бабалары, одан тараған ұрпақтар ақ найза, көк сүңгінің күшімен бөрілі байрақ астына жинаған ұлан-байтақ жер тағдыры, ұлыстың келешегі, ділі мен тілі, діні үшін бастарын бәйгеге тігіп, ел болмайтын ежелгі дұшпанмен қасықтай қандары қалғанша шайқасып өтті, сол сұрапыл айқастарда жандарын құрбан етті. Ерен ерлігіне кемел ақыл-ойын серік еткен қаһарман тұлғалар қайтпас қайсарлығымен, сұңғыла шешендігімен, көреген көсемдігімен соңдарынан дүйім жұртты ерте білді. Иә, көшбасшы қайраткерлік атадан балаға қанмен беріледі. Осы қасиет Жүкеңнің бойында мол еді. Ол өзінің елге басшы болып, соңынан бір қауымды ерте алатындығын сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен 1973 жылдың қоңыр күзінің алғашқы күндерінен-ақ көрсете білді. Дәстүрлі ауыл шаруашылығы жұмысында өзінің сымбатты кескін-келбетімен, сындарлы ой-пікірімен, сабырлы да салиқалы мінез-құлқымен құрбы-құрдастарының құрметіне бөленді, абырой-беделге ие болды. «Қыз мақтаған жігітті жұрт жақтаған» емес пе, оқу ордасының табалдырығынан енді аттаған жас буынға сын көзімен қарайтын ұстаздар қауымы да көп кешікпей Жүнісбектің алғырлығын, тындырымдылығын, бір сөзділігін мойындап, оған мыңдаған ылғи «сен тұр, мен атайын» дейтін сайдың тасындай сайыпқырандар жиылған ұлт ғылымы мен білімі қара шаңырағының жастар ұйымын басқаруды жүктеді. Ол осылайша, көпшілікпен ұғынысуды үйренді, көшбасшылықтың қыры мен сырына қанықты. Тірлігіне тас түйін мығым Жүкең оқуда да жұрттан қара үзіп, қамшы салдырған жоқ, қаймана халықтың қолы жете бермейтін Лениндік стипендияны иемденді, сөйтіп, оқуды үздік, қызыл дипломмен бітірді. Сол кезгі астана – Алматыдан шалғайдағы Қостанайдан шыққан, өзінің білімі мен қажыр-қайратына ғана сенген өрімдей жастың бұл үлкен өмірдегі алғашқы ірі жеңісі еді.
Оқи жүріп, 1977 жылы кеңестік Қазақстанның ең басты баспасөз органы, түу десе түкірігі жерге түспейтін «Социалистік Қазақстан» газетіне штатқа жұмысқа кірді. Аға басылымдағы журналистік жұмыс өзгеше-тін, мұнда жеті рет өлшеп, бір рет кесу, сөзің мен ісіңе мұқият болу талап етіледі. Жүкең ақмылтық журналистер сынынан мүдірмей өтті, экономиканың, әлеуметтік өмірдің толғақты мәселелері көтерілетін азулы мақалалары оқырман қауым ықыласына бөленді. Республика жұртшылығы біліп үлгірген, жиырма беске де тола қоймаған бозбаланы министрлік, облыс, аудан басшылары құрметтеп қарсы алып, әспеттеп шығарып салатын. Ал, мұндай танымалдықтың Жүнісбек Қабыкейұлы кейіннен республикалық жас­тар одағы орталық комитетінде, Қазақстан компартиясының орталық комитетінде басшылық қызметтер атқарғанда себесіні мол болды дей аламыз.
Қазақ журналистикасының, саяси ой тәжірибесінің тарихында Жүнісбек Сұлтанмұратов тоталитарлық билік құрсауынан босанып шыққан ел билігінің жұртшылықпен байланысын жолға қойған ілкі тұлғалардың бірі ретінде қалады. Ол Компартия орталық комитетінің алғашқы баспасөз орталығын басқарған журналистердің бірі әрі бірегейі. Елбасы Мәскеуде өткізген тұңғыш баспасөз мәслихатын басынан-аяғына дейін ұйымдастырып, сол жиыннан еліміздің орталық басылымдары «Егемен Қазақстан» мен «Лениншіл жасқа», ҚазТАГ-қа телефон арқылы литерлік хабар жеткізген алғашқы журналист осы Жүкең болатын. Тәуелсіздікке қолымыз жеткен 1991 жылдан Жүнісбек Қабыкейұлы Қазақстан Президенті баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары, кейіннен Премьер-министр баспасөз қызметінің жетекшісі болды. Жүкеңнің журналистермен жұмыс істеудегі тәжірибесі, спикерлік қолтаңбасы әлі де зерттеледі, университеттерде «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша білім алып жатқан жас ұрпақтың игілігіне айналады деген ойдамын. Жүнісбек Қабыкейұлы сондай-ақ әр жылдары Қазақстан Премьер-министрінің кеңесшісі, Мемлекеттік хатшылығының меңгерушісі сынды биік лауазымдарда еңбек етті. Дипломатиялық жұмысты да абыроймен атқарды. Осы аталған қызметтердің қай-қайсысында болмасын, Жүкең өзіне тән қарапайымдылығынан, елгезектігінен танған жоқ, қанатымен су сепкен қарлығаштай еліне, жұртына қалтқысыз еңбек етуге ұмтылды.
Топтан озған, өз заманының елеулі, қадірлі тұлғасы болған Жүнісбек Қабы­кейұлының соңында қалдырған шығармашылық мұрасы әлі-ақ халқымен қауышар. Үзеңгілес достарының, қаламдас қауымның, ағайын-туыстың ендігі міндеті Жүкеңнің асыл бейнесін сағынышпен еске алу, оның кіндік кескен жұртына, ұрпағына тілектес болу.

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

жиырма + 19 =